"Шаншар" мен "Алдараспан" сахнада табысты

"Шаншар" мен "Алдараспан" сахнада табысты

Кеше Алматы қаласына гастрольдік сапармен келген «Шаншар» мен «Алдараспан» театрларының Республика Сарайындағы концертіне бардық. "Алдараспан" "Шаншарды" шақырады" деген афишалар бармасымызға қоймады. Құдды бір бізді шақырғандай барғымыз келіп желпіндік. Екі театрдың да көрермені едім. Екеуінің қосылып концерт дайындағаны, сол сценариімен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап жүргендігі қуантты. Бұл бір жаңа жылдық жаңалық болды.

Екі сеансқа жоспарланған кештің алғашқысының (сағат 16.00) көрермені болдық. Екі сағатқа созылған концертте қос театр әлдері келгенше күлкіге қарқ қылды. Дәл уақытында шымылдық ашылып, «Алдараспанның» жігіттері сахнаға шығып, ән шырқады. Халқына еркелеп сөйлейтін Нұржан концерт басталысымен-ақ күлкі сыйлай жөнелді. Уақыты болса да әлі кешігіп кіріп жатқан көрерменіне де сөзбен тиісіп жатты. Залда отырған әр көрерменнің көзінен екі театрға деген махаббат айқын білінеді. Қазақтың үлкені мен кішісіне дейін жинаған бұл концерттің қызығы әлі алда деп отыра бердік.

Қос театрдың арасында БАҚ өкілдері мен көрермен шулайтындай дау болып еді. Бәлкім, дау деуге де келмес. Әйткенмен журналистер Нұржанның театрдан кетіп, жеке өз алдына отауын тіккенінен зор дау жасап алған болатын. Уәлибек концертте оларға ренжігендігін де жасырмады. «Осыдан 5-6 жыл бұрын «Шаншар» театрынан Нұржан мен Жұлдызайлар кетіп еді. Оларға ренжігеніміз рас. Қалай ренжімейміз? Өздеріңіз ойлаңыздаршы, кішкентайынан бағып-қағып өсірген, оқытып-шоқытқан қызың күйеуге тиеді де кетіп қалады. Қимайсың ғой? Дәл сол сияқты. Бірақ олар бәрібір қайдан шыққандарын ұмытпай, етек-жеңдерін жинап алған соң «Шаншарға» келіп қайта кешірім сұрады. Кешірдік. Өз баламыздың өзегінен тебе алмаймыз. Нұржан – біздің өз баламыз. Бір күні елді тыныштандыру мақсатында бірігіп концерт ұйымдастырып, киелі сахнада табысуға  ұсыныс жасады. Оған да келістік», – деді «Шаншар» театрының бас директоры Уәлибек Әбдірайымов.

Нұржан да бұл концертті өсектің буын басу үшін ұйымдастырып жатқандығын жасырған жоқ. Сахнада сценарий бойынша Уәлибекке қазақы шапан жапты. Журналистер қауымын «өсекшілер» деп шымшып: «Қой, әкел шапанды өзім жабайын. Ертең бұлар айтады: «Нұржан шапанды өзі жаппады. Тырысып тұрды. Екеуінің арасы әлі жақсы емес-ау» деп. Ал, өсекшілер, түсіріп алыңдар» деп халықты ду күлдірді.

"Шаншардың" құрамына жаңадан дәл Нұржан Төлендиевтің даусын салатын актер алыныпты. Уәлибек "Сені сағынғанда осы баланы шақырып әңгімелесемін" деп көрерменге тағы бір "Туканы" таныстырды. 

Концертте «Шаншардан» шыққан Заттыбек ән салып, екі театрдың бір сахнада табысып жатқандығына қуанғанын айтты. Онымен қоса Нұржан Төлендиевтің баласы екі рет ән айтып, тәтті қылығымен тәнті етті. Еркін Нұржанов пен «Алаш ұлы» тобы және т.б жұлдыздар өнер көрсетті.

Концертте «Алдараспан» театрының «Шаншармен» жақсы қарым-қатынаста болғысы келетін ниеті айқын білініп тұрды. Оларға деген құрметі де байқалады. «Шаншарды» қонағындай қылып күтіп алып, құдаларға беретін сыймен құрметтеген олар айтарлықтай кішіпейілділік танытып інілік ілтипат көрсетіп жатты. Кешірім сұрап тұр деп аспандап тұрған «Шаншар» да жоқ.

Қос театр бұл концертті не мақсатпен өткізгісі келгені біз үшін маңызды да емес. Бастысы – қара шаңырағын ұмытпаған Нұржанның бұл ісіне халық риза. Бәрі жасандылыққа толы дүние болмаған шығар деп те үміттенеміз.

Автор: Ақерке Әбілхан

Сурет: kaztube.kz (Басты сурет Астана қаласындағы концерттен түсірілген)

А. Әбілхан