«Қалған Өзің шығарсың Көкке кетіп...»

«Қалған Өзің шығарсың Көкке кетіп...»
Фото: facebook.com

Осыдан 3 жыл бұрын сұм ажал арамыздан белгілі ақын, әдебиеттанушы-ғалым, сарабдал мәдениеттанушы, ақеділ азамат Әмірхан Балқыбекті алып кетті. "Ол шын мәніндегі интеллектуал азамат еді" деп еске алады замандастары. Бүгін – оның дүние есігін ашқан күні. Егер тірі болса, бүгін 48 жасын тойлап отырар ма еді... Амал нешік, тағдырдың жазғанына көнеміз. Ақынның тай-құлындай тебісіп бірге өскен әм бірге оқыған достары көп. Солардың бірі ақын Қазыбек Құттымұратұлы. Оның досы туралы сағынышқа толы естелігін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Сөз жоқ, біздің курстың қыз-жігіттері туралы сөз болғанда алдымен ауызға ілігетін, ерекше есте қалған жанның бірі – Әмірхан. Біздің дәл қалай танысқанымыз есімде жоқ. 
Бірақ өлең жазатынымды біліп алған соң «өлең оқы» деп қинағаны есімде.

Отыз үйлі ауылдан шыққан, «тірі ақынмен» бетпе-бет жүздеспек түгілі теледидардан көріп жарытпаған мен поэзия кеші, өлең оқу дегенді бұған дейін естімеппін. Жатқа білетін бір-екі өлеңімді тыңдаған соң: «Мықты, ей! Ақынсың ғой!» – деп арқамнан қаққан. Жатақханада, жігіттердің басы қосылғанда, екі күннің бірінде болып жататын осындай кештер біздің бәрімізге көп нәрсені үйретті, бойымызға сенімділік ұялатты, қалыптастырды. 

Расын айту керек, Әмірхан сол кездің өзінде дайын әдебиетші болатын. Әдебиет, поэзия туралы түсінігі қалыптасқан оның 20 жасында-ақ әдебиетші болсам деген айқын мақсаты болғанын бүгінде ғана анық байқап жүрмін. Әскер қатарында жүргенде-ақ оны жолдастары «поэт» (ақын) деп атап кетіпті. 

– Әмірхан, әлем әдебиетін, ондағы түрлі ағымдарды, кімнің кімге әсер еткенін жақсы білесің. Осының бәрін қайдан үйрендің? – деп сұрадым бірде. 

– Мені әкем тәрбиеледі. Маған арнап кітапхана жинады. «Әуелі мынаны оқы, содан кейін мына ақын-жазушылармен танысып шық» деп маған бағыт-бағдар берген – әкем Жұмабек, – деген еді Әмір. 

«Әдебиетші болам деген бала өз ұлтының және әлемнің ертегілерін, мифологияны, ежелгі грек аңыздарын, қасиетті кітап сюжеттерін кішкентай кезінде-ақ оқып тастауы тиіс» деген талапты мен Әмірханнан естідім. Өйткені сәби сана аңыз-мифті басқаша, шынайы қабылдайды, әсері өмір бойы ұмытылмайды. Әлем әдебиетіндегі ең мықты деген дүниелердің, мысалы Нобель сыйлығын алған шығармалардың сюжеті ешқандай да тың нәрсе емес, бар болғаны қасиетті кітаптардың оқиға желісін ғана қайталайды... 

Студенттік шақтың әр күні қызыққа толы ғой. Жарысып өлең жазып, бір-бірімізге оқып, мәре-сәре болып жүретінбіз. Әдетте өлеңдеріміз аудиторияда, сабақ үстінде жазылады, үзіліс кезінде «мүшәйра» болады. Бір парақты әрі-бері лақтырып, айтысып кететін кездер де болған. Сондай «айтыстың» менде бір-екеуі сақталып қалыпты. Төмендегі тартысты бастаған – Сағындық (Рзахметов). Жарас (Сәрсек) пен Әмірханды «жекпе-жекке» шақырыпты. Жауапты Әмірхан берген: 
Сағындық: 
Жарас+Әмір! 
– Әй, атаңа нәлет әбілеттер, не бітіріп, не тындырдым деп отырсыңдар? Шығыңдар жекпе-жекке! 

Әмірхан: 
– Көбік сөздің керегі не көкіме, 
Өз сорың да от құйылса өтіңе. 
Өкіре айтпа, өтіне біл, өтіне, 
Бір жұдырық тиіп кетер бетіңе. 
Керегі не аға-ініге астамсып, 
Шын мұңайса, тамып кетер тастан шық. 
Екі азу шайнасады, білесің, 
Көк бөріге еркелейді жас қаншық. 
Ал сен не дейсің? 

Сағындық: 
– Буаз бөтелкелер миыма келіп толғатып, 
Шыңғырған үні санамды кетті құрғатып. 
Көк бөрі деген құйрығын қысар «артына», 
Айбынды үнмен арыстан тұрса тіл қатып! 
Нүктеден кетсең, нүктеге қайта келерсің, 
Сәл тайқып кетші, азуға түсіп өлерсің. 
«Өтіну» сөзі өтіне тұншығып өкірсін, 
Жымисам, жаным, бестідей болып желерсің! 

Әмірхан: 
– Кейбір кезде жүрсем-дағы жасып тым, 
Мен бәдәуи дүниеге ғашықпын. 
Сапыратын ожау емен қымызды, 
Тоңған жанға тамақ берер қасықпын. 
Арыстанның ақылы жоқ, басы бар, 
Басы барлар желкесін құр қасынар. 
Мен адами шабытыммен бұрқасам, 
Жауын болам, жының демде басылар. 
Арыстанда айбат бар да, жоқ сана, 
Ары шыңдай адамдардың серігі – ой, 
Бір адамның қазып берген орына 
Мың арыстан сыйып кетер еді ғой. 
Сен не дейсің?! 

Сағындық: 
– Әй, інім! 
Тірі болсын түрің... 
Аң болып аңдысып қайтеміз, 
Тырнағында жүріп тірліктің. 
Сайысқа түссе Сіз бен Біз – 
Бендер жейді бекіре, 
Бармағын сорып кекіре. 
...Садағын кезеп толғаған, 
Уа, зар заман, зар заман! 
Заузатыма түскен зауал бар, 
Сөзіңді айт енді, оңбаған! 

Әмірхан: 
– Мен сізге тағы да кеп аға деймін, 
Ағалар інілерге жаға деймін. 
Жағалар шатақ қуса, шарпылғаны, 
Жалынға шындық емес, шала деймін. 
Мынау заман қай заман, қай, қай заман, 
Мынау заман – адуын айқай заман. 
Ағасы інісіне садақ сыйлар 
Түбінде келері анық пай-пай заман. 
Пай-пай заман келеді, 
Келері анық, 
Сыйластыққа жоқтардың өлері анық. 
Адам болып сыйласам дейтін болса 
Бәтуаға ағамның көнері анық. 

Сағындық: 
– Қайтейін, 
Қабырғамды қаусатып бара жатса, 
Қу кеудемді сыздатып жара жатса. 
Баға білер інім-ай, басың асыл, 
Пейіліңе мың қойды қоралатса. 
Көгершінім, 
Жан жараңды жазықсыз жараласам, 
Сөге көрме «шыңсың» деп дараласам. 
Мен солай бағалаймын бағаласам, 
Мен солай жаралаймын жараласам! 
Ақын жігіт, арақ ішіп неге жүрмін, 
Аға болып бәтуаға жарамасам! 
18.12.1991. 

Ал мына төмендегі «айтыс» – Әмірхан екеуміздің арамызда болған «қақтығыс». Шамасы, іш пыстыратын дәрістердің бірінде ерігіп отырып «уақыт өткізген» болсақ керек: 

Мен: 
– Әбеке, сен де жарты, мен де жарты, 
Арман ғана келеді өрге тартып. 
Қырандай көзіңді бір қадап көрші, 
Аққу бар ма сыңсыған көлде жалқы? 

Әмірхан: 
– Жырыма, жарастықтар, жалғаныңдар, 
Жаныма тыншу бермес арманым бар. 
Қазеке, көшесінде махаббаттың 
Бір қызға сыңар болып қалғаным бар. 

Мен: 
– Бұл заман – біздің заман күшке мінер, 
Қиялда қырық қыз бар түске кірер. 
Махаббат көшесінде мені күткен 
Көзіңе мұңдылау қыз түспеді ме? 

Әмірхан: 
– Көктем келсе, жас шыбық бүр атады, 
Көңіліңде көктемнің жүр атағы. 
Қазеке, күніне сол құрып қалғыр 
Дәл жүз қыз хал-жайыңды сұратады. 

Мен: 
– Тал әдемі көрінер бүрі болса, 
Көкейіңде көктемнің үні қалса. 
Әбеке, дәл жүз қыздың қажеті жоқ – 
Жүзіне татитұғын бірі болса... 

Әмірхан: 
– Ақиқат боп тұрғанда алған демім, 
Айтқанымды келмейді жалған дегім. 
Қазеке-ай, пейілі кең, жүзі жылы 
Жүз бірінші – ол маған арман келін. 

Мен: 
– Ұрлықтан алған жақсы бақырайтып, 
Қажетсіз ақыл дәмі татымайтын. 
Менің де іздегенім жүз бірінші, 
Әбеке-ау, өлтірсеңші атын айтып. 

Әмірхан: 
– Сүю үшін сұрама ақыл менен, 
Басқа түссе сезім – дерт бақұл деген. 
Мен айтқанмен, ол саған қол бола ма – 
Өзің іздеп тапқаның мақұл дер ем. 

Мен: 
– Әбеке, ерте қыстың тақымыңды, 
Тыңдар деп ойладың ба ақылыңды?!. 
Әлдеқашан таңдаған аққуым бар, 
Хор қызына бермеймін ғашығымды. 

Әмірхан: 
– Мендегі сезім ерек, төзім берік, 
Тұратын тылсым түптің көзін көріп. 
Қазеке, Сен де Жерсің, 
Мен де Жермін, 
Көңілді Жер мен Көкте сезінбелік. 

Мен: 
– Әбеке-ау, алдым ба екен өкпелетіп, 
Өлеңді жібердің ғой төкпелетіп. 
Мен әлі Жерде жүрген сияқтымын, 
Қалған Өзің шығарсың Көкке кетіп?! 

Әмірхан: 
– Молда де, сопы дегін, шайхы дегін, 
Түзу ойым айтарда тайқы менің. 
Осы сөздің бәрін де бір аққуың 
Бар екенін сезген соң айтып едім. 
03.03.1992. 

Әрине, бұл шумақтар шедевр деуге келмейтін шығар. Бірақ бұрын еш жерде жарияланбаған, табан астында шығарылған шалттығымен, сонау жастық жалын кездерден қалған естелік ретінде өзіме аса қымбат. 

Жиырманың жайлауындағы жастық-мастық күндеріміз қатар өтсе де, Әмірханның жігітшілік дәурен құрып, қыздар туралы жеңіл қалжың айтқанын, әлдебір анайы әрекетке ниет жасағанын естімеппін. Мұндай ой Әбекеңнің миына кіріп те шықпайтын. Әрине, Әмірхан да ғашық болды, сүйді, күйді, бірақ оның ғашықтығы да өзгеше, таза, тұнық болатын. 

Оның есесіне әдебиет, әлемді өзгерту, қазақтың тағдыры, Қазақстанның болашағы секілді үлкен мәселелерді ұялмай-ақ талқылай беретінбіз. 

Студенттік кездегі қойындәптерлерімнің бірінде 1993 жылғы 20 көкек күні Әмір екеуміз тарих туралы көп әңгімелескеніміз туралы жазып қойыппын. Арада төрт күн өткенде мынадай «жоспар» түсіпті қағазға: 

1. Олжастың (Сүлейменов) феноменін ашу – жеке адамның қабілеті, қазақ рухани дүниесі мен интеллектуалының потенциалы; 

2. Тәңірі – көшпелілер дүниетанымының әлемі, себебін көшпеліліктен іздеу, грек мифологиясымен салыстырмалы түрде зерттеу, «Шахнаме», зороастризм, «Авеста». Ең ежелгі дін. Табиғи тазалық. 

3. Әдебиет – дүниетаным және адамтанудағы көшбастаушы. Оның потенциалы. Батыс пен Шығысты жақындату. Индивид (Батыс) және Тұтастық (Шығыс). Табиғи, саналы және рухани бағыттар. 

4. Саясаттану. Тарихқа үңілу. «Отырардың күйреуі» фильмінің үш версиясы. 
Әмірханның кейінгі шығармашылығымен жақсы таныс кез келген адам жоғарыдағы «жоспардың» түгелге жуық жүзеге асқанын байқар еді... 

1993 жылы Жазушылар Одағының жанынан шығатын «Жас қазақ» газетінде Жарас, Сағындық, Болат (Қожаев) бәріміз жарты ставкамен қызмет еттік. «Жұлдызшам» деген айдар ашып, тылсым құбылыстар, эзотерикалық ілімдер туралы сериялы мақала жариялап жүрдім. Сол кездері рухани сұраныс та бар, журналистік қызығушылық та бар, Алматыда толып жатқан «рухани мектептерді» Әмірхан екеуміз бірге шарлағанбыз. Тіпті кришнаиттардың да басқосуында болып, әуенін тыңдадық. Аслан ағай Жақсылықовтың раджа-йога мектебінің тұрақты тыңдаушысы болдым. Әмірхан Аслан Жәмелұлын ерекше сыйлайтын. Жалпы, сол шығыс, үнді ілімдерінің философиясын, дүниетанымын Әмір өте жақсы түсінетін, жатсынбайтын. Тек практикасына келгенде ғана тартына беретін. 

...Кейінірек, 2000 жылдардың ортасында Әмірмен Алматыда бір кездестім. Ол кезде мен арақ-темекіні мүлдем қойып, бес мезгіл намаз оқып жүргенмін. Ниеттес, пікірлес достарым да мол еді. Әмірханға: 

– Әбеке, есіңде ме, баяғыда идея үшін, ел үшін, ұлт үшін бас байлап қызмет етуді армандаушы едік қой. «Шіркін, бір жүрек, бір ниетті жігіттер біріксек қой!» дейтін сен емес пе едің? Келсеңші! – дедім. 

Әмірханның жүзі байсал тартты. Сосын: 
– Қазеке, білесің бе, дін жолына түскен жігіттер жазуын қойып, әдебиеттен алыстап кетіп жатыр. Мен содан қорқам. Мен үшін әдебиетсіз, өлеңсіз өмір болмайды, – деді. «Жоға, рухани жол мен әдебиеттің бір-біріне мүлдем кедергісі жоқ қой» деген уәжім Әмірханды сендіре алмағанын байқадым... 

Біздің студенттік шағымыз өте қиын да қызықты кезеңге тап келді ғой. Күнделікті тамақ табудың өзі мұң болып, балапан басымен, тұрымтай тұсымен дегендей заман болды. Біразымыз оқуды тастап, біразымыз базар жағалап, біразымыз саудамен айналысып кеттік. Әсіресе өмірге бейім пысық жігіттердің дәурені жүрді. Әмірхан ғана солардың біріне қосылмады. Қалтасындағы соңғы ақшасын букинистен көріп қалған сирек кітапқа санап беріп, екі езуі құлағына жете қуанып келетін. 

...Сол студенттік кездер ғой. Бірде көшедегі жайма базарда Дзюнъитиро Танидзаки деген жапон жазушысының қос томдық кітабын көріп, арбалды да қалды. Байқағаным, Әмір бұл жазушыны жақсы біліп тұр. Мен әлгінің аты-жөніне тілімді иліктіре алмай ежіктеп жатырмын. Екеумізде де ақша жоқ еді. Әмірхан әлгі жерден артына қарай-қарай әрең кетті. 

Ертеңіне ақша тауып, Әмірханнан жасырынып барып Танидзакиді сатып алдым. Оны ешкімге айтпай, шабаданыма жасырып жүріп, ақыры ауылыма алып кеттім. Әмірхан көрсе алып қояры анық еді. Бірақ әлгі жапонды ақыры оқи алмадым. Өзі орыс тілінде, өзі аударма. Тісім батпады. Кітаптарымның арасында жүретін. Арада жиырма жыл өткенде, ұмытпасам 2012 жылы телефонмен сөйлесіп отырып, Әмірхан: 

– Қазеке, есіңде ме, баяғыда Танидзакиді ала алмай қалғанымыз-ай! Соған әлі өкінемін! – деді. 

– Танидзакиді мен алдым ғой. 

– Қой-ей! Шын ба? 

– Рас, мен ертеңіне сатып алғанмын. Бірақ ұнаған жоқ. Керек болса, саған берейін. 

– Шын айтасың ба? Қазеке, рас па? Шерханнан беріп жіберші! – деп Әбекең төбесі көкке жете қуанды. Кейін кітап қолына тиген кезде арнайы телефон шалып, қоймай рахметін жаудырды... 

Маралтаймен қалай танысқанымыз да есімде. 1991 жылы ақпанда Жамбыл педагогикалық институты Мұқағалидың 60 жылдығына әдемі шара өткізді. Ұйымдастырушылардың бірі – сол институттың көркемсурет факультетінде оқитын Маралтай Ыбыраев екен. ҚазМУ-дің жас ақындарын арнайы шақырыпты. Біз бес адам жолға шықтық: Бақытжан Қосбармақов (ол үшінші курста оқитын), Әмірхан, Сағындық, Мұрат Тілеубергенов және мен. Жамбылдықтар бізді алақанына салып күтіп алды. Ақын Серік Томановпен де сол жолы таныстық. Институттың акт залында керемет кеш өтті. Төрде «алматылық жас ақындар» болып біз отырмыз. Мұқағалидың аруағы асқақтаған кездесу болды. 

Кешкісін бір пәтерде қонақ күту басталды. Жамбылдықтар аянып қалған жоқ. Сыра 40 литрлік бидонмен келіп тұр. Ащы сусын да аз емес. Гу-гу әңгіме. Маралтайдың ата-анасынан, ағасынан айырылып, жаны жүдеп жүрген кезі ме, кейбір сөзі ащылау шықты. Сол жерде жалғыз домбыра бар еді. Бақытжан екеуі кезек алып, айтыс басталып кетті. Бақытжан арақ ішпейді, сап-сау. Бірақ ішкен адамнан бетер болды. «Құдайға неге тіл тигізесің?» деп Маралтайға тиісті. Анау да қайтпады. «Онда мен мұндай жерде отырмаймын» деп Бақытжан орнынан атып тұрды. Маралтай қонағын сыйлап, иілер деген едім, қыңбады. «Барсаң бара бер!» деді. Бақытжан шыға жөнелді. Уақыт түннің бір уағы болатын. 

– Маралтай, Бақытжанды қайтар! – деді Әмірхан. 

– Кете берсін! – деді Маралтай. 

– Онда мен де кетем, – деп Әмірхан орнынан тұрды. Мен де ілестім. Ащы су буынын алып үлгерген Сағындық пен Мұрат орнынан тұрмай қалды. Соңымыздан ешкім шықпады. Қараңғы түн қойнына сіңіп бара жатқан Бақытжанды қуып жеттік. Жамбылдың темір жол вокзалын іздеп, көше кезіп келеміз. Такси ұстайтұғын ақшамыз да аз еді. Күн әжептәуір суық. Әмірхан әлсін-әлі басындағы бөркін шешіп алады. Сұйықтау шашы су-су, аппақ бу аспанға атқылайды. Осылайша вокзалды таптық әйтеуір. Ең жақын жүретін пойызға билет алып, салдыраған боп-бос вагонға отырғанда таң да атып қалған еді. Ішімнен, «Қап, жігіттер жаңа танысқан кезінде арасы ашылып кетеді-ау енді» деп уайымдап келемін. 

Екі-үш күннен соң Мұқағали ақынның Маралтай сомдаған шағын бюстін алып, Сағындық пен Мұрат жетті. Көп кешікпей Маралтайдың өзі де Алматыға біржола «қоныс аударды». Содан кейін де талай «тартыс», талай «соғыс» өтті ғой. Тай-құлындай тебісіп өскен бұл жігіттерді өкпе емес, өлім ғана айыратынын ол кезде білдік пе?.. 

Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. 1994 жыл. Бесінші курсқа келіп жатырмыз. №5 жатақхананың біраз бөлмесі бос, студенттер каникулдан келіп, жаңа орналаса бастаған кез. Дегенмен екі кісілік бөлмелер іріктеліп қалыпты. Әмірхан екеуміз 309 секцияның екі кісілік бөлмесіне бірге тұрмақ болып келістік. Есік-тереземізді бүтіндеп, құлып орнатып, ауылдан алып келген ақшамызға қыстық киім алып, жаңа оқу жылына, алдағы қысқа дайындалып жатырмыз. Өзім редакцияларды шарлап, жарты ставка жұмыс іздеп жүрмін. Сондай күндердің бірінде бөлмеге келсем, ұры түсіпті. Жанымыздағы үш кісілік бөлме бос болатын, сол арқылы балконға өтіп, терезенің шынысын алып кіріпті. Әмірханнан не алғанын білмеймін, менің жаңа киімдерімді түгел үптеп кеткен. Қатты күйіндім. Милиция шақырдық. Екі жігіт келіп, әйнекке түскен саусақ таңбаларын алып жатыр. Біреуі хаттама толтыруға кірісті. 

– Қолды болған заттарыңызды, яғни Сізге келтірілген материалдық шығын мөлшерін қалай бағалайсыз? – деп сұрады милиционер. Бұл олардың дәстүрлі сауалы болса керек. Жаным күйіп, қатты ренжіп тұрған маған бұл сұрақ ауыр тиді. 

– Сондай да сұрақ бола ма?! Студенттің бір киер қыстық киімін ұрлап кетсе, одан артық не керек?! Әрине, бұл мен үшін өте үлкен шығын! – дедім мен. Әмірхан болса: 

– Түкке тұрмайды. Менің ұрыларға қояр еш талабым жоқ, – деді ғой сабазың... 

...Университетті бітіріп, мен Оралға кеттім. Аласапыран заман, ағайын-туғаныңның да амандығын білуге мұрша болмай кеткен кез. 1996 жылы Әмірханның, біз тұстас біраз ақынның алғашқы кітабы шыққанын естігенмін. Бір күні ортақ таныстарымыздан Әмірхан өзінің «Метамарфоза» атты титімдей кітабын арнайы беріп жіберіпті. Қолтаңбасы бар: 

«Қазбекке. Қазекеңе не айтуға болады, қаздың тау екенін, таудың Тәңірі екенін өзі де біледі. Бәлкім, қазақтың атауында да осындай тауға тән сабырлылық, асау тәкаппарлық бар шығар. Ал сенде бәрі бар екеніне кәміл сенемін. Ағыспен емес, ағысқа қарсы жүз. Таудағы мұзбастауда кездесейік. Достық ниетпен, Әмірхан. 22.11.1996.» 

Алматыны, достарымды сағынып жүрген кездер еді. Өлең жаздым. 

КЕЗДЕСУ 
(Әмірханға) 

«Тау басында кездесейік» 
                         Өзінің сөзі 

Біз, бәлкім, кездесерміз тау басында, 
Бұлтты ұстап, Ай жүзетін жамбасында. 
Жанарым жұлдыздарды жек көрмейді – 
Табаным шыдар ма екен қар басуға?! 

Көңіл ғой жетелейтін шыңға өрмелеп, 
Әлде бір естілдіме Нұрдан дерек – 
Бұл жолға алды-артына қарамайтын, 
Қайтарын ойламайтын құрбан керек! 

Ақынның ғұмырының шырайы – жыр, 
Сен едің шың басына лайық ұл. 
Тәңіртау баурайында жүргеніңде 
Ұмытпа бауырыңды Құдайы бір. 

Ұядан ұзақта өлер түз баласы, 
Өмір ме өрге құлаш ұрмағасын? 
Білмеймін, қырда ма әлде, шыңда ма әлде 
Әйтеуір бір кездесу бізге – нәсіп… 

Көзіңнен алмас қылыш оты ойнаған, 
Қаныңда жорық жыры атойлаған, 
Ежелгі ер қазақтың сойысың ғой 
«Жанымды майданда ал!» деп дәт ойлаған. 

Бастайық, бастаған соң ақыр бүлік, 
Әйтпесе еркек деген атымды ұмыт. 
Шаңдатып Еділ-Жайық арасын бір 
Кездессек ту шайқалтып, шатыр құрып. 

Сол кезде 
«Қайдан келген тарлан?!» – десіп, 
Қу дұспан сұрар еді-ау жаннан кешу. 
Баланың баласына аңыз болар 
Ай, шіркін, қашан келер сол кездесу! 

Мен бұл өлеңді Әмірханға оқыған емеспін. Пікірін де сұраған жоқпын. Жарияланған жерінен көрген шығар. Шыны керек, Алматы алыс, жер шалғай, етене араласа алған жоқпыз ғой. Анда-санда телефон арқылы ғана хабарласатынымыз болмаса. «Оралға келсеңші» деп шын көңіліммен шақыратынмын. Батыс Қазақстанның байтақ даласын көрсеткім келетін. «Қазтуған, Доспамбет секілді жорық жырауларының туған өлкесін Сен көруің керек қой» дейтінмін. Бұйырмыс болмады ғой... 

Ж. Жұмағұлов