Бәкіржан Айдарбеков: "Тайқазанның ожауына ағаш іздеу қиынға соқты"

Бәкіржан Айдарбеков: "Тайқазанның ожауына ағаш іздеу қиынға соқты"

Түркістан десе, көз алдымызға  Қ. А. Яссауи кесенесі мен Тайқазан елестейді. Тамыры тереңде жатқан бұл Тайқазан жайлы білмейтіндер аз болар. 2000 жылы Халықаралық деңгейде Түркістанның 1500 жылдығын атап өттік. Дәл осы жылы, осы мерейлі мерекеге арналып Тайқазанның ожауы жасалған болатын. Талай ғасырлық тарихы бар Тайқазан ожауының авторы - педагогика ғылымдарының кандидаты Бәкіржан Айдарбеков. 

Ожаудың авторы - Бәкіржан Айдарбеков

Ожаудың жасалу тарихы мен оның жасалу мақсаты жөнінде автор былай дейді"Түркістандағы Тайқазан бірнеше жылдан бері ожаусыз тұр, (мүмкін бұрын болған да шығар) бірақ қазан тұрған жерде оның серігі ретінде жанында ожау тұру керек деп, ожауын жасауға кірістім. Әрі Түркістан қаласының 1500 жылдығын әлемдік  деңгейде атап өту мерекесіне сый ретінде, мен де өнер иесі ретінде танылып, А. Яссауи кесенесіндегі қазан - дүние жүзіндегі ең үлкен Тайқазан болса, осы қазанға арнап ожау жасауға ағаш іздей бастадым. Ғасырдан ғасырға аттайтын 1999 жылдың желтоқсан айыннан бастап, кімнің үйінде үлкен ағаш бар екен деп қараудамын. Ағаш іздеу оңайға түскен жоқ. Мерекелі де, берекелі Наурыз айы басталды. Наурыз айының 5-6-ларында күн қатты ысып кетті. Қатты ысып кетсе, артынан бір суық  келетінін білеміз. Наурыздың 7-сі күні кешке жаңбыр, түнде қар жауып, қатты аяз басталды. Азанда талдардың бәрі ақ қырау, қар жамылып талдар қарды денесіне көтере алмай жерге жатып, жатпағаны сынып қалыпты. Күн шақшайып төбеге көтеріліп, жер ғырт-ғырт, әдемі дауыстар естіледі. Ертеңгілік сабаққа барайын деп, қалың киініп 13 жыл бойы ары-бері сабаққа барып жүрген қуыс көшеме қарай бет алдым. Сол жолда бір тұт ағашы аппақ қарды көтере алмай иіліп, жолды жауып  тастапты, бірінші күні арасынан зорға өттік. Үш күн кесілмей жатты сол ағаш. 

Мүмкін іздеп жүрген ағашым осы шығар, не де болса, үй егесінен сұрайын деп, сабақтан  қайтып келе жатып үй егесінен сұрадым. Үй егесі: "Бұл ағашты көктем шығысымен түбімен жұлдыртпасам болмайды, жер жаһанды көлеңке етіп, ештеңе өсірмейді", - деп кесіп алуыма рұқсатын берді. Ертесіне ағашты абайлап қырқып, керек жерін 1,5 метр кесіп, қалған ағаштарын бұтап, жинап қойдым. Кесіп алған 1,5 метр дөңкені есек арбаға салып үйге әкеліп тапша астына тастадым. Ертесінен сабағымды беріп асығып үйге келдім, тамақ ішіп болған соң, қолыма балтамды,  шотымды  алып, шаптым-шаптым. Алты ай шаптым дегенде, наурыз  айының 11-де бастап, тамыз айының 11-інде соңғы жазуын жазып, бояп, әлгі ағаштың ішінде тұрған ожауды, долбарсыз (эскизсіз) жасап шығырдым. Ағаштың өзі икемделіп тұрмаса, ондай ожау шығуы мүмкін емес. Ожау бітпей жатып құйма жағы тон беріп үлгерді. Папа Карл Буратинаны қалай шауып шықса, мен де солай шығардым. Бұл ожауды үш айы ауылда, үш айы қалада жасап, аяқтадым".

Ғасырдың тоғысуын көрсеткісі келген автор ожаудың басына сол кездері (20 ғасырдың аяғы) халықтың нан алып жүрген 20 теңгелерін, Қазақстанның алғашқы 50 тиынын бекіткен.

Тайқазанға арналғандықтан, ожаудың басын Тайқазандағы араб сөздерімен өрнектеген.

Ожау қазақтың "Қошқар мүйіз", «Бітпес», «Тұйық» (түркі  тілдес  халықтар ұғымында  достықты,  бақытты,  мәңгілікті,  білдіретін  ою) сынды оюларымен әрленген. Ожаудың қос ернеуі - әжелер білезігінің көрінісі.

Ұшына қарай Әмір Темір шырағынан алынған айдаһар басы бейнеленген.

Түркістан тойына арнайы жасалғандықтан, ожау сабының орта тұсында Қ. А. Яссауи кесенесі бейнеленген. Кесенеден төмен Түркістанның жасы жазылған. Ал екі шетіне «Бисми-л-лаһи-р –Рахмани-р-Рахим» деген  Құран  сөзі  жазылған. 

Ожауда тек араб сөздері ғана емес, Абайдың «Өлең - сөздің патшасы, сөз - сарасы» өлеңінен «Әуелі аят, хадис - сөздің басы, Қосарлы бәйтімысал келді арасы» шумағынан үзінді жазылған. 

Автор осы ғаламат туындысымен Түркістанның 1500 жылдық тойында көрмелердің көшін бастап тұрды.

Төл туынды қарапайым мектеп мұғалімінің атағын аспандатып, талай белестерге жетеледі. 

Аты әлемге мәшһүр Тайқазанның ожауын тұт ағашынан ойып, оюлап әрлеген өнер иесінің арамызда жүргенінен хабардар болсақ екен, ағайын!

Автор: Ақерке Әбілхан

Суреттер kavkaz-uzel.ru сайтынан және қолөнершінің жеке мұрағатынан алынды.

А. Әбілхан