Жұлдызды жаңалықтар

Жұлдызды жаңалықтар

Өнер адамдары өз жаңалықтарымен бөлісуде

“V-Alem” тобы жаңа бейнебаян түсірді

Өнер көгіне өткен жылы ғана қанат қаққан “V-Alem” тобы «Іздеймін сені» әніне бейнебаян түсірді. Бұл топ шығармашылығындағы екінші бейнебаян. «Іздеймін сені» әнінің әуенін Жанат Серікбек, ал сөзін Самат Рыспанбет жазған. Бейнебаян режиссер Анвар Матжановтың жетекшілігімен трек бағытында түсірілген. Сондай-ақ, “V-Alem” тобы Айнұр Бабаевамен қосылып, «Көк тарландары» телехикаясының саунд трегін жазды. «Көк тарландары» телехикаясында басты рөлдердің бірін топ мүшесі Жалын Тілеуберген сомдаған.

Нұркен Әшіров жеке шығармашылық кешін өткізеді


Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, мемлекеттік стипендия иегері, «Тарту» тобының мүшесі, белгілі музыкант, күйші-сазгер Нұркен Әшіров қазанның 3-жұлдызында жеке шығармашылық кешін өткізеді. Кеш Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясының камералық залында өтеді. Бұл кеште Нұркен Әшіров танымал қазақ күйлері мен өз шығармаларын орындайтын болады. Сондай-ақ, күй күмбірлейтін концертте «Тарту» тобы, «Әлқисса» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, әнші Ерлан Рысқали өнер көрсетеді. Ал қырғыз елінен арнайы шақырылған қонақ қомызшы Перизат Ибраева Нұркен Әшіровпен бірге күй тартысқа түсетін болады.

Асанәлі Әшімовтың фотоальбомы жарыққа шықты


Қазақ өнерінің біртуар тұлғасы Асанәлі Әшімовтың 75 жылдық мерейтойының құрметіне орай «Өнер» баспасынан «Халық перзенті» сериясы бойынша фотоальбом шығарылды. Фотоальбомда халық әртісінің балалық, жастық шағындағы бейнесі мен өнер жолындағы алғашқы қадамдары мен жетістіктері көрсетілген. Сондай-ақ, аңызға айналған актердің сахнадан тыс өмірі, отбасы, дос-жарандары, сырлас жолдастары, әріптестерінің ортасында түскен естен кетпес сәттері бейнеленген. Фотоальбомдағы әрбір сурет қазақ кино және театр өнерінің сарқылмас шежіресі. Себебі, бұл фотоальбомда бүгінде өмірден өткен Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаев, Елубай Өмірзақов, Әнуар Молдабеков, Бикен Римова, Фарида Шәріпова сияқты майталмандардың бейнелерін көруге болады.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер жұлдыздардың жеке мұрағаты мен tengrinews.kz сайтынан алынған 

Ғ. Ұзақ