Жас орындаушылар байқауының жеңімпаздары марапатталады

Жас орындаушылар байқауының жеңімпаздары марапатталады

Алматыда жас орындаушылардың XXXIV республикалық байқауы қорытындыланады. Қазылар алқасы ән, хор дирижерлау, фортепиано, ішекті аспаптар және музыка теориясы аталымдары бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен келген 174 өнерпаздың ішінен үздіктерін анықтайды.

П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі мамандарының хабарлауынша, байқау қорытындысы бүгін сағат 16.00-де оқу орнының Үлкен залында салтанатты жағдайда жария етіледі. Байқау ел ішіндегі жас таланттарды анықтау мақсатымен ұйымдастырылды. Ән жанры бойынша - 80, хор дирижерлігі бойынша - 33, фортепиано бойынша - 22, ішекті аспаптар бойынша - 30, музыка теориясы бойынша жеті орындаушы бақ сынады.

Өнерпаздардың қабілетін Базарғали Жаманбаев, Ғафиз Есімов, Лаки Кесоглу, Ақан Әбдуәлі, Айгүл Қосанова, Раиса Мұсаходжаева сияқты белгілі мәдениет тарландары бағалады. Жас орындаушылар байқауының жабылу салтанатына Жәмила Баспақова, Толқын Забирова, Рамазан Стамғазиев, Мұрат Серкебаевтар қатысып, бағы жанған өнерпаздарды құттықтайды.

Жолдаған: Болатбек Мұхтаров

Сурет: music-college.kz

А. Құлтай