Димаштың басты қарсыластары

Димаштың басты қарсыластары
Фото: vk.com

Қытайдың "I am а singer" байқауы эфирге шыққалы бері қазақ елі әр аптаның сенбісін асыға күтетін деңгейге жетті. Себеп біреу ғана. Өздерінің отандастары, қазақ халқының мақтанышы Димаш Құдайбергеновтың өнер көрсетуін тамашалап, көпшілікпен бірге жанкүйерлік етті. Байқаудың 10 кезеңін артқа тастаған Димаш үздік нәтижелермен көрермен көзайымына айналып үлгерді. 

Әншінің PR-менеджері Алпамыс Шаримов бұл байқаудың жай байқау еместігін айтқан еді. Өзінің таланты мен еңбегінің һәм жанкүйерлерінің қолдауының арқасында Димаш үздік нәтижемен финалға шықты. Бүгінде оның жанкүйерлерінің саны бірнеше есеге артқанын айтқан едік. 

Көпшілік тыңдармандардың таңданысын тудырған нәрсе, ол Димаштың қытайлық қарсыластары турасында. Яғни, мұнда оғай қарсылас жоқ. Барлығы "сен тұр, мен атайын" деген сайдың тасындай сараланған Қытайдың ең атақты әншілері. Бұл байқау – кіл мықтылар сайысқа түсетін байқау. Жобадан шыққан әншілердің орнына орта жолдан әншілер қосылып отырады. Мықты болсаң, ешқандай сылтау мен себеп іздемей қаймықпай қарсы қауқар танытуың қажет. Сол себепті де Димашқа оңай тимегені рас. Өйткені, мұнда әр кезең сайын жаңа дүниемен халықты таңғалдыру керек. 

Сонымен отандасымыз Димаштың мықты деген қарсыластары кімдер? Бірге білейік!

Тан Дзин. 1977 жылы 11 қыркүйекте дүниеге келген. Димаштың ең мықты қарсыластарының бірі. Әнші, актриса Қытай поп-музыка ассоциациясы директорының міндетін атқарушы. Қытайдың 10 үздік жастарының арасынан орын алған талантты әнші 2008 жылы Пекин Олимпиадасында алау ұстаған. Ол әйгілі "Ұлы Қытай қақпасына" алғаш жеке ән кешін берген әнші. 

Сэнди Лэм. Бұл байқаудың бастапқы кезеңдерінен бері Димашпен бірге келе жатқан  әнші 1966 жылы 26 сәуірде дүние есігін ашқан. Бүгінде Гонконг қаласында тұрады. Өзінің әншілік карьерасында Азияның көптеген жүлдесіне ие болған. "Азиялық ең үздік альбом", "Гонконгтың ең танымал әншісі" және т.б марапаттар иегері. 37 альбомның авторы. Қытайлық көптеген сериал және кино актрисасы. 

Отандасымыздың басты қарсыластары ретінде Терри Линді айтуға болады. Терри 1966 жылы 6 маусымда өмірге келген. Танымал тайваньдық әнші байқауға 18 ақпаннан бастап қатысуда. 2013 жылы "I am singer" байқауының алғашқы маусымына қатысып, 2-орын алған. 

Ли Джиан. Аталған әнші жобаға жаңадан қатысушы. 1974 жылы 23 қыркүйекте дүниеге келген. Әншілік карьерасын "Shui mu nian hua" дуэтінің мүшесі болып бастаған. Әншінің 6 альбомы жарыққа шыққан. Ең басты хиті – "Chuan qi (legend)" әні. 2015 жылы "I am singer" байқауының үшінші маусымына қатысып, Han Hong-тан жеңіліп, 2-орынды иеленген. 

Естеріңізге сала кетейік, кеше Димаш ән айтпаса да байқаудың 11-кезеңінің (BREAKOUT) түсіріліміне барды. Нәтиже әлі жарияланған жоқ. Бұл кезеңге 10 әнші қатысты.

Ж. Жұмағұлов