«Есер эстраданың» еркелеріне ескерту

«Есер эстраданың» еркелеріне ескерту

Сапасыз әндердің қатары күн санап артып келе жатқанын несін жасырайық. Бізде өзі қызық қой, экономика – саясат, дін – саясат, спорт – саясат, қалаберді жаңадан шыққан қарапайым әндердің әр жағынан қулық-сұмдықтың исі мүңкіп тұрады. Әуені ә дегеннен делебені қоздырып, сөзі сүйектен өтпесе де, сингармонизм талабына сәйкес құлаққа жағымды естілетін егіз қозыдай әндер легі белең алып кетті. Және де, осындай әндерді орындаушылар, Төлеген Айбергенов айтпақшы, бір тойы болса бар жиған-тергенін шашып қалатын қазақтың қалтасын қамшыдай қағып, судай сапырып жүр... Сөзі мен сазын толғатып, өзі орындайтын классикалық жанрдың бүгінгі ұрпаққа аңыз болатынын бұрынғы әншілер білмеген шығар. Білсе Біржан тырнақалды бір әніне малданып қоя салар еді ғой. Себебі, оның осы күнге дейін жеткен жүз шамалас әнінің барлығы дерлік өміршең...

Өнердің жаны сірі жекелеген фанаттары ұлттық нақыштың бет-бедерін қалыптастырады. Сауда-саттыққа икемделген ниет қай кезеңде болмасын салмақты дүние тудырған емес. «Өнерге алыс-беріс артық етпейді» деп ақталып, өзге жұрттың сазын ұрлау біздің қоғамда қалыпты құбылысқа айналып кеткен. Ал, «сөз өнерімен дерттеніп» кететін орамды, орақты қазақтың тілі үшін бүгінгі ән текстері жарамсыз. Сын көтермейтін тұрлаусыз.

Қазақ эстрадасының тізгінін Нұртастың Қайраттары ұстағалы қашан? Табанды еңбегінің арқасында ел қошеметіне бөленіп жүргені, әрине құптарлық. Сәтті туындылары да жетіп артылады. Бірақ, осындай имиджі қалыптасқан танымал әншінің мағынасыз, логикаға қайшы сөздерді әндетіп жүргені ерсі көрінеді. Әңгіме әуелден тойдағы қонақтарды көңілді ететін даңғыр-дүңгір әндерден басталып еді ғой. Сондай туындылардың көшін бермей, тіпті орыстың ерке қызы Нюша қосылып шырқап кеткен «Алматы түні» әні тойдың сәнін келтіріп жүр.

«Ажарлы көркің сұлу, жаным,

Бір көріп ұнап қалдың.

Жүрегім сезген жылу барын,

Бір көріп, сыр ақтардым» – деп басталатын ән сөздері алдымен арзан ұйқас қуалап жазылғаны көрініп тұр. Осы әнді мыңдаған қазақ жастары орындап жүр. Сезімнің жетпей қалған жерін кей кезде әнге иек артып, жеткізіп жатамыз. Хош делік, жігіт атаулының ажарлы қызды бір көріп ұнатып қалатыны рас қой. Бірақ осы жердегі ұната салысымен сыр ақтарып, сезімін білдіре жөнелу жабайы көрінеді. Ол әрбірдесін қыздың ар-ұятын қорлау, ғашықтыққа жеңіл-желпі жол салу болып табылады. «Бір көріп» сөзі анықтауыш мағынасында қолданылып тұрса да, шағын шумақтың бас жолдарын қайталанып бастап тұруы тіліміздің абыройына мін келтіруде.

«Сыңғырлап күлкің қалды менің,

Елестеп құлағыма.

Қылығың баурап алды сенің,

Баладым сыңарыма», - деген өлеңнің екінші шумағы логикалық қайшылыққа ұшырап тұр. Күлкінің сыңғыры құлаққа ешқашан елестемейді, естіледі немесе жаңғырады. Осындай олпы-солпы жамала салатын өлең мәтіндері ертеңгі күні архивтен табылған шақта, біздің бүгінгі ой-өрнегімізден хабар беретін болады. Ұрпақтың алдында күлкіге қаламыз.

Баян Есентаеваның жетекшілігімен жұмыс жасайтын «Алау» тобының «Гүл әпше» атты жаңа хиты тойшыл қауымның сүйікті әніне айналып үлгерген. Әуені тау халқының мақамына келетін әннің сөзі ешқандай халықтың болмысына ұқсамайды. Соған қарағанда бұлар жабылып жүріп жеке бір ұлт жасақтап шығарды ма деген ой түйесің. Тіпті әннің атауы «Гүл әпше» деген диалект сөздің өзінен бұл туындының белгілі бір ортаға ғана шақталып, арналғанын көріп отырмыз. Ән деген азшылықтың емес, көпшіліктің мүлкі ғой. Мысалы:

«Гүлдердей ажары, 

Қыздардың ғажабы.... 

Киінгені мақтадай, 

Жүре алмаймыз мақтамай, 

Тіл-көзінен сақтағай» – деп төкпелеп басталатын жағымды, жеңіл тіркестер көпшілік құлағында жатталып қалары сөзсіз. Қарапайым, жұпыны болғанымен көңіл көншітеді. Ән сөзін бұлай төкпелеп жазудың озық үлгісін ақын Несіпбек Айтұлы осыған дейін сан мәрте көрсетті ғой. Мәселен, Ақселеу Сейдімбектің әуеніне жазылған «Сарыарқа» деген әнінде: 

«Қасиетті төрім, 

кер биігім, 

жезкиігім, 

сөз түйінім – Сарыарқа!» сияқты қомақты, салмақты тіркестерді төге салады. Әрине, бұл екі ән бір-бірімен салыстыруға келмейді, бірақ стиль ұқсастығы бар. Дегенмен, «Гүл әпшенің» бастапқы шумағын қанша ақтап алсақ та, қайырмасына келгенде тіліміз күрмеліп қалады. «Алау» тобы «Гүл әпше де, Гүл әпше, бақытты боп жүр, әпше - деп әндетіп келеді де, «ты красавица вообще» деп дүрс еткізеді. Баяғыда бір ақынды отырған жұрт жабылып сынап, «тақырыпқа қатысы жоқ сөз өлеңіңде не істеп жүр» деп сұраса, ағамыз саспастан, «әй, сендер қызықсыңдар, өлеңде ұйқас деген болмаушы ма еді» деп жұртты күлкіге қарқ қылыпты. Сол сияқты бұл өлеңнің қайырмасы өзбектің «әпше» сөзімен басталып, орыстың вообще сөзімен аяқталады. Екі көршіміздің ұқсас мәтінін теріп, ғылыми зердеден өткізіп байланыстырып жүрген қазақтың қаракөздері... Шоу бизнестің тұтқасын ұстап отырған Баян ханымға бұндай олқылықтарға жол беруге болмайды деп ойлаймыз. Әннің екінші шумағы логикалық қайшылыққа ұрынған. «Гүлдей нәрін береді, Бәрі жақсы көреді, Гүл әпшедей төрені» деп жігіттер қыздың сұлулығын тамсана шырқап отыр. Бірақ, муза дегеніміз сүттей ақ, ар-ұяттан да биік тұратын өлшем еді ғой. Меніңше «Гүлдей нәрін береді» деген тіркес қыздың құтын қашырып тұр. Тура мағынасында гүл дегеніміз қоршаған ортаға оттегін бөліп, ара мен көбелекке нәрін, барын береді емес пе? Ал қыз дегеніміз – болашақ жарының меншігі. Неге қыз, әркімге «гүлдей нәрін» беруі керек? Сонымен қатар, «төре» тіркесінің қыз балаға қарата қолданылғанын қабылдай алмадық. Қазақ «жігіттің төресі» деп жатады. Өнерде жергілікті жердің тілі еді деп ақтала алмайсың, тұтас ұлттың әдеби тілі деп қана қарастырасың. Сондықтан жігіттердің бұл жолғы қадамы өте сәтсіз.

Жалпы айтқанда бұндай сын көтермейтін шығармалар тізімін теріп таңнан таңды атыруға болады. Тіпті кейбір ән сөздері жаңылтпаш сияқты өріліп кетеді. Мәселе қылып жазудың өзі ұят. Өкініштісі, жұрт сол әндерді жұмыла жүріп төбесіне көтереді. Бірақ, жұрт қашан ұлттың өлшемі болып еді???

Y. Almabek