Алғашқы балалар музыкалық фильміне кастинг жарияланды

Алғашқы балалар музыкалық фильміне кастинг жарияланды
Фото: voxpopuli.kz

Ақтөбе қаласында балалар музыкалық фильміне кастинг жарияланды, - деп хабарлайды 24.kz тілшісі.

Жаңа отандық музыкалық балалар фильміне болашақ әртістерді іріктеу басталды. Бұл жобаны қолға алған – жергілікті продакшн-студия жетекшілері.

Фильмде Алуа есімді қыздың басындағы жағдай баяндалады. Ол – өте талантты қыз. Танымал эстрада жұлдызы болуды армандайды. Алайда фильм желісі бойынша, ата-анасы ажырасамыз деген шешім қабылдағаннан кейін, озат оқушының жағдайы күрт өзгереді. Үштіктер алып, қатарынан оқшаулана бастайды.

Достарының көмегімен қиындықтарды жеңіп, ата-анасын қайта табыстырып, арманына қол жеткізеді. «Бұл – көпке ортақ мәселе. Сондықтан жас жеткіншектерді алға биік мақсат қоюға тәрбиелеу маңызды», - дейді жоба жетекшілері.

Бүгінде 30 бала іріктелініп алынған. Түсірілім күз айларында басталып, жыл соңында фильмнің тұсаукесерін жасау жоспарланған. Жанаргүл Досова, жоба жетекшісі: "Сол 30 баланың ішінен біз басты рөлге 5 баланы іріктейтін боламыз. Сондықтан актерлік шеберлігі жоғары, хореографиядан хабары бар және өзінің мақсатын айқындаған бала міндетті түрде бұл кастингтен өтеді" деді.

Ф. Абилова