- Негізгі бет
- Сурет
- Вермеерден Шилеге...
Вермеерден Шилеге дейін: 2017 жылға жоспарланған көрмелер
Осы жылы Вена, Париж, Венеция, Лондон, Нью Йорк қалаларына жол түсе қалса, төмендегі өнер туындылары қойылған көрмелерге баруды ұмытпағайсыз.
Эгон Шиле
Вена, Альбертина, 22 ақпан — 18 маусым
2018 жылы Эгон Шиленің бақилық болғанына 100 жыл толады. Осыған орай ұйымдастырылып отырған көрмелер марафоны веналық Альбертина галереясынан бастау алмақ. Шиле бар болғаны 28 жыл өмір сүрсе де, 3000-нан астам көркем туынды қалдырып үлгерді. Эгон Шиле кейіпкерлері – жалғыздыққа шырмалған азап шегуші әйелдер. Бірақ, бұл суреттің бергі беті ғана. Шын мәнісінде, Шиле – жалғыздық кешумен қатар, соғыс пен төңкеріс заманының трагедиясын “жырлаған” экспрессионизмнің белгілі өкілі. (Экспрессионизм — Еуропа өнері мен әдебиеттіндегі бағыт. Еуропадағы XX ғасырдың I ширегінде болған әлеуметтік дағдарысқа жауап ретінде көрініс тапты. Экспрессионизм сол кезеңде өз заманындағы өркениет жұтаңдығына қарсылық көрсету ретінде пайда болды.)
Вермеер мен жанрлық көркемсурет шеберлері
Париж, Лувр, 22 ақпан — 22 мамыр
Луврда Голландия көркемсурет өнері алтын ғасырының белгілі өкілі Ян Вермеер мен замандастарының туындылары көрермен назарына ұсынылады. Экспозицияда Вермеердің 7 картинасы қойылады. Қылқалам шебері туындысына жарты жылдай уақыт арнап, қамшының сабындай қысқа ғұмырында осындай картинаның 34 данасын жасап үлгерген екен. Суретшінің картиналары фотосуреттей дәлдігімен қоса, жарық және түс үйлесімділігімен таңғалдырады. Осындай дәлдіктің құпиясын ұққыңыз келсе, көрмеге жол тартыңыз.
Қызыл жұлдыз
Лондон, Тейт Модерн, 8 қараша 2017 — 18 ақпан 2018
2017 жыл — Октябрь революциясының 100 жылдығы. Осыған орай, әлем бойынша Ресей революциялық өнеріне арналған шаралар ұйымдастырылып жатыр. Нью-Йорктегі заманауи Өнер мұражайы мен Берлиндегі заманауи Бейнелеу өнері галереясындағы шоу-бағдарламадан кейін, лондондық 3 бірдей экспозицияға кезек келеді, олар Ұлыбритания кітапханасы, Корольдік көркемөнер академиясы мен Тейт Модерн галереясында ұйымдастырылмақ. Бұлардың соңғысы өнерсүйер қауымды айрықша қызықтырып отыр. Себебі, онда сирек плакаттар, фотосуреттер, үгіт-насихаттық материалдар көрсетілмек.
57-ші Венециялық биеннале
Венеция, 13 мамыр — 26 қараша
Көктемде Венеция арт әлемнің орталығына айналмақ. Жаны өнерге жақын жандар Жер шарының түкпір-түкпірінен жиналып, көрмелерді тамашалап, көркемдікке деген құмарын бір қандырып келеді. Негізгі жобадан кейін ұлттық павильондарға өтіп, әр ұлт өнерінің ерекшелігіне сүйсініп қайтыңыз. Ұлыбритания павильонында Филлида Барлоу мен оның жартылай абстрактілі мүсіндері, Германия өнерінің өкілі ретінде Анне Имхоф туындыларын тамашаласаңыз, бір топ Швейцариялық топ Джакометтиоммажын (оммаж — өнерде, музыкада т.б. құрмет белгісі ретінде басқа суретші немесе музыкантқа т.б. еліктеу немесе бағыштау туындысы) ұйымдастырмақ.
«1989 кейін: Өнер мен Қытай. Әлем театры»
Нью-Йорк, Гуггенхайм мұражайы, 6 қазан 2017 — 7 қаңтар 2018
Қазір заманауи Азия және Қытай өнері танымалдықтың шыңында екені белгілі. Аталмыш өнерде Ай Вэйвэйден басқа да өкілдерінің туындыларын тамашалау үшін Нью-Йорктегі Гуггенхайм көрмесіне барыңыз. Оның бағдарламасында 70-тен астам автордың 1989 жылдан 2008 жылға дейінгі жұмыстары көрсетілмек.
Көрменің атауы Хуана Юнпиннің арт-инсталляциясының атауымен сәйкес келеді. Суретші аталмыш арт-инсталляцияға бауырымен жорғалаушылар мен жәндіктерді енгізіп, оларды үш ай бойы сонда қамап ұстайды. Нәтижесінде олар бір-бірін кеміріп, қазіргі Қытайдағы жағдайдың метафорасына айналады. Көрмедегі туындылардың негізгі тақырыбы — тартыс пен саясат.
А. Оралқызы