2018 Канн кинофестивалінің ашылу салтанаты

2018 Канн кинофестивалінің ашылу салтанаты
Фото: vk.com

Көптен күткен Халықаралық  Канн кинофестивалінің ашылу салтанаты да болды. 2018 жыл – кино саласындағы ең беделді шара үшін өзгерістер жылы.

Ашылу салтанатында қызыл кілемнен жүріп өтетін қонақтарға селфи сурет түсіруге тыйым салынған. Фильмдер бұрынғыдай журналистер мен кино сыншыларға емес, алдымен қонақтарға, содан кейін БАҚ өкілдеріне көрсетіледі. Кинофестиваль тарихындағы 70 жылда негізгі басымдық пресс-көрсетілімдерге берілді. Режиссерлер мен актерлер қызыл кілем үстімен өтіп үлгергенше сыншылар картинаға “түкке тұрғысыз” (Канн фестивалінің дәстүріне сай) деген баға беріп үлгереді-дағы, содан қонақтар ашылу салтанатында жаназаға келгендей мелшиіп тұрады. Биылғы өзгерістің негізгі мақсаты – өнер адамдарына өз туындыларын фестиваль аясында рахаттана отырып көру мүмкіндігін сыйлау.  

Алғашқы күні Иран режиссері Асгар Фархадидің "Бәрі біледі" атты психологиялық триллері көрсетілді.

Естеріңізге сала кетейік, Фархадидің туындысы – ең беделді фестивальді ашу құрметіне ие болған испан тіліндегі екінші картина. Алғаш рет мұндай мәртебе 2004 жылы Педро Альмодовардың "Жаман тәрбие (үлгі)" фильміне бұйырған.

"Бәрі біледі" картинасының сюжеті Буэнос-Айрестен Мадридке саяхатап келген ерлі-зайыпты мен балаларының алдынан шығатын жағымсыз оқиғалар төңірегінде өрбиді. Басты рөлдерді сомдаған үйлесімді дуэт Хавьер Бардем мен Пенелопа Крус та қызыл кілемнен жүріп өтті.

Бұл фильмнің таңдалуы фестивальдің арт-директоры Тьерри Фремоның белгілі актерлер жұмылдырылған картинаға басымдық беру тенденциясына сай келеді.

Шараға әділқазылар алқасын бастаған Кейт Бланшетпен қоса, қытайлық актер Чан Чэнь ("Кісі өлтіруші"), америкалық режиссер Ава Дюверней ("Сельма", "Уақыт бунақтары"), француз режиссері Робер Гедигян ("Килиманджаро қары"), бурундилік әнші әрі композитор Хаджа Нин, француз актрисасы Леа Сейду ("Лобстер"), америкалық актриса Кристен Стюарт ("Жеке сатып алушы"), канадалық режиссер Дени Вильнев ("Жүзбен жүгіруші 2049") және ресейлік режиссер Андрей Звягинцев ("Нелюбовь") те келді. Негізгі бағаны осылар береді.

71-ші Канн кинофестивалі мамыр айының 19 жұлдызына дейін жалғасады. 

А. Оралқызы