Рүстем Әбдіраш: Сұраныс көбейсе, қазақ тіліне дубляждалған фильм саны артады

Рүстем Әбдіраш: Сұраныс көбейсе, қазақ тіліне дубляждалған фильм саны артады
Фото: massaget.kz

Қазақстанның кино әлемі соңғы 5-10 жылдықта дубляждалған фильмдермен және анимациялық туындалырмен толығып келе жатыр. «Marwin» компаниясының «Disney» және «Marvel» студияларымен біріге жұмыс жасап, осыған ықпал етуі көңіл қуантады. Осы дубляж саласына деген режиссерлік көзқарасын танытқан «Алмас қылыш» фильмі мен «Қазақ елі» телехикаясының режиссері Рүстем Әбдірашпен болған сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Massaget.kz: Қазақстан киноматографиясындағы дубляждың сапасына өз көзқарасыңыз...

Рүстем Әбдіраш: Дубляж жасау қазақ киноматографиясына таңсық емес. Сонау Кеңес кезінен «Қазақфильмнің» жанында көптеген фильмдер қазақ тіліне дубляждалған. Егемен ел болғаннан кейін де бұл үрдіс дамыды. Бүгінге дейін көптеген фильм қазақ тіліне дубляждалды. Дубляж белгілі бір жақсы деңгейде келе жатыр. Әсіресе, «Marwin» компаниясының, Алматы қаласы әкімдігінің, «Болашақ» қауымдастығы қолдауымен дамып келеді. Бұл туындылар «Disney» және «Marvel» студияларының фильмдері. Енді бір ұсыныс, осы фильмдер дискісінің мұқабасына атауы да қазақша жазылса керемет болар еді. Жалпы, қолға алған жобалар қоғамға керек, қоғам да оны тез қабылдап кетсе, бұл бастамалар әрі қарай дами түседі. Қазақ тілі – «Disney» студиясының 4-тілі. Бұл деген – үлкен мүмкіндік. Сол үшін де өзіміздің азаматтық борышымыз үшін қазақ тіліне деген құрметпен өз тілімізге дубляждалған фильмдерді тамашалаған дұрыс деп есептеймін.

Massaget.kz: Қазақстандағы дубляжға деген режиссер ретінде сын-ескертпеңіз бар ма?

Рүстем Әбдіраш: Елімізге сырттан келіп жатқан фильмдерді дубляждауға қарсы емеспін. Керісінше, ол керек дүние. Ал өз елімізде, Отанымызда отырып, орыс тілінде фильм, сериал түсіріп, оны дубляждау дегенге қарсымын. Фильмді қыруар қаржы жұмсап түсірсе, оны қазақ тіліне дубляждауға тағы ақша жұмсайды. Одан да үнемдеп, үлкен туынды түсірген абзал. Өз тәжірибемде бұл нұсқадан бас тартамын. Мысалы, «Қазақ елі» сериалы дубляжсыз шықты.

Massaget.kz: Корея, Түркия елдерінде фильмдер түпнұсқада көрсетіліп, субтитрмен көрсетіледі екен. Бұл тәжірибе біздің елге келсе, қалай қарайсыз?

Рүстем Әбдіраш: Фильмді көру мәдениеті өте көп. Мысалы Ресей шетелден келген фильмдерді бірден өз тіліне дубляждайды. Бұл ресейліктердің тілді дамытудағы жоспары. Біз де фильмдерді мейлінше қазақ тіліне дубляждап, болмаса, субтитрмен бергеніміз дұрыс. Субтитрмен көрсетілсе, фильмнің түпнұсқасын көріп, екі түрлі тілдің, мәдениет пен менталитеттің айырмашылығын көруге мүмкіндік туатын еді.

Massaget.kz: Қазіргі таңда фильмнен гөрі анимациялық фильмдер көптеп дубляждалады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

Рүстем Әбдіраш: Қазақ тілінің көпқырлылығы осы анимациялық фильмдерде көрініп жатады. Балаларға мұндай туындыларды көрсету өте орынды. Анимациялық фильмдердің көптеп дубляждалуына сұраныс әсер етуі мүмкін.

Massaget.kz: Өз туындыларыңыз өзге тілге дубляждалса, қалай ерекшеленер еді?

Рүстем Әбдіраш: «Қазақ елі» сериалының орыс тіліндегі дубляжын Мәскеуге барып жасатқанбыз. 4-5 дауыспен әдемі туынды дайындалды. Дубляж – елді елге таныстыруда маңызды рөл атқарады. Негізінен, өз тіліңдегі фильмінің басқа тілде дубляждалғанын көру өте қызық. Елбасы туралы түсірілген фильмдер қытайлық ССTV компаниясы арқылы қытай тіліне аударылды. Бұл Қытайдың біздің елге деген көзқарасының қалыптасуын көрсетеді. Біздің ата дәстүрімізді, салт-дәстүрімізді, ғұрпымызды, тарихымызды, Елбасының тұлғасын танытуға ықпал етті.

Massaget.kz: Кино туралы заң қабылданса деп жатырмыз. Бұған режиссер ретінде қандай ұсыныс айтар едіңіз?

Рүстем Әбдіраш: Бұл заң өзге елдерде қалыптасқан. Мысалы, Францияда өз нарығын қорғайтын кино туралы заң бар. Онда субтитр, дубляж, авторлық құқық деген секілді маңызды бөлімдер кірістірілген. Сол секілді біздің кино туралы заң да өте сауатты әрі әлемдік тәжірибеден кем түспейтіндей болғаны дұрыс деп есептеймін. Бұл мықты 50 елдің қатарына ену үшін осындай әрекеттер жасау керек.

Massaget.kz: Қазақстанға шетелден келген фильмдерді түгел қазақ тілінде көрсету дегенге көзқарасыңыз  қандай?

Рүстем Әбдіраш: Нарықтың заңы – көпшіліктің заңы. Күндердің күнінде осыған жетеміз. Бұл бір күннің жұмысы емес, уақыт пен сұранысқа, күшке байланысты. Егер көпшілік жаппай сұраса, онда нарықта оған орын табылады. Қарапайым мысал, солтүстік өңірлердің кинотеатрлары «Алмас қылыш» фильмінің орысша нұсқасын көрсеткен екен. Сол мезетте фильмнің қазақша нұсқасын іздеген азаматтар байланысқа шығып, шулаған болатын. Қазақ тіліндегі «Алмас қылыш» фильмінің сеансын кинотеатрларға көрсетілуін талап еттік. Міне, осындай сұраныс болса, жерде қалмайды. Бұл қуантады. 

Г. Берік