Авторлық кино майталманы Сатыбалды Нарымбетовтың "Көзімнің қарасы" кітабы оқырманға жол тартты

Авторлық кино майталманы Сатыбалды Нарымбетовтың "Көзімнің қарасы" кітабы оқырманға жол тартты
Фото: Ернар Алмабек

Бүгін, яғни, наурыз айының оныншы жұлдызында сағ. 12:00-де Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Көзімнің қарасы» мәдени-танымдық клубы және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ұйымдастыруымен атақты режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың «Көзімнің қарасы» атты кітабының тұсаукесері болып өтті. 

Кештің модераторы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері, кинодраматург, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры, жазушы Смағұл Елубай болды. “Сатыбалды Нарымбетовтың бүгін тұсауы кесілгелі отырған «Көзімнің қарасы» кітабы – кинодраматургтар мен режиссерларға үлкен сый. Олай болатын себебі, бұл кітапта автордың кинематографта атқарған еңбек жолындағы барлық шығармашылығы топтастырылған. Автордың тұтас тағдыры көрсетілген. Тек оның ғана емес, жалпы қазақ кино өнерінің соңғы 40-жылдық тағдыры бар. Сондай-ақ, жақында ғана 71 жасын тойлаған режиссердің халық алдындағы, өз алдындағы есебі десе де болады. Кітап тапсырыс бойынша шығарылғандықтан, университеттер мен мектептер кітапханаларына да беріледі. Өйткені, жас буынға берері мол. Бұл кітапты оқымай, аты әлемге танылған, өзіндік қолтаңбасы бар режиссердің мектебінен өтпей, жастар дамуы қиынға түседі”-деді жазушы өз кезегінде.

Смағұл Елубайдан кейін сөз кезегі кітап авторының өмірлік досы, өнердегі үзеңгілес серігі, режиссер Дамир Манабайға келді: “Менің бұл кісіге деген қарым-қатынасым екідайлы (күліп). Мен Бүкілсоюздік Мемлекеттік Кинематограф Институтына оқуға түскен кезімде Сатыбалды ондағы оқуын аяқтап жатқан. Маған үнемі кеңес беріп, жетелеп жүрді. Екінші жағынан, біз – құрдаспыз. Қалжыңдап сөйлейтінім де сол.

Сатыбалдының фильмдері тұнып тұрған ізгілік. Сол туындылардың бірегейі, биігі – “Жас аккордеонистің өмірі”. Мен бұл фильмді жақсы көрем. Оның жақсылық, мейірім мен игілікке толы туындарында кекшілдіктен булыққан, зұлым, қаскөй кейіпкерді жолықтырмайсыз. Онда тек астарлы юмор, әдемі ирония. Сондықтан, Нарымбетов фильмінің кейіпкері болу тиімді(күліп). Ол жамандықты көрмейді, көрсетпейді. Оның қолтаңбасы бірден байқалады. Мейірімді фильм бе? Яғни, Нарымбетовтікі”.

Тұсаукесер рәсіміне басқа да өнержанашырлары келіп, авторға ақ тілектерін жаудырып, ән мен күйден шашу шашылды.

Кеш соңында сөз алған кітап авторы оның баспадан жарық көруіне ат салысқан азаматтар мен барша жиылған қауымға алғысын жаудырды.

Естеріңізге сала кетейік, белгілі кинорежиссер, киносценарийші, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, тәуелсіз «Тарлан» және Француз киноөнер Академиясы Жорж және Рита Садуль атындағы жүлденің иегері,  бірнеше беделді Халықаралық кинофестивальдердің жүлдегері Сатыбалды Жәлелұлы Нарымбетов 1946 жылы 7 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1965 жылы ҚазМУ-нің филология факультетін бітірген. 1969 жылы Бүкілодақтық кинематография институтын, 1984 жылы Мәскеудегі жоғары кинорежиссерлық курсын тамамдаған.

Өз сценарийлерінің негізінде бірнеше сүбелі деректі және көркемсуретті фильмдер түсірді. Айталық «Созақтан шыққан Гамлет» (1990 ж.), «Көзімнің қарасы» (1995 ж.), «Омпа» (1998 ж.), «Мұстафа Шоқай» (2008ж.), «Аманат» (2015ж.) т.б.

Суреткер тек қана кино саласында ғана емес, сонымен қатар көркем проза жанырында да еңбек етіп келеді. 1968 жылы «Тентек» атты кітабы, 1981 жылы «Ассалаумағалейкум, Атлантида!»  атты повесть, әңгімелер жинағы жарық көрген. «Көзімнің қарасы» кітабы С.Нарымбетовтың авторлық әлемін тереңірек аша түсетін туынды. Кинорежиссерлық өнер мен жазушылықтың үйлесім табу жолдары, тұлғалық деңгейге дейінгі өмір мен өнер соқпағы қамтылған шығармада жазушының өнер сыры жайлы, әріптестері туралы, қоғам мен руханият жайлы толғамдары, эсселері мен естеліктері және әріптестерінің автор туралы ой-толғамдары да қамтылған.

А. Оралқызы