Диснейдің қазақша сөйлеген жаңа ханшайымы: Моана

Диснейдің қазақша сөйлеген жаңа ханшайымы: Моана
Фото: disney.com

Мультфильм әлеміндегі ханшайымдардың қатары көбейгелі отыр. Оның үстіне ол қазақ тілінде сөйлейді. Уолт Дисней компаниясы жаны адалдық пен мейірбандықты сүйетін «Моана» анимациялық фильмімен көрермендерін қуантпақ. Анимациялық фильмнің желісі осыдан 2000 жыл бұрын Тынық мұхиты аралдарында болған оқиғаға негізделеді.

Дисней әлемінің 13-ші ханшайымы Моана Туи – көсемнің 14 жастағы арманшыл қызы. Оның досы Мауи өзін жартылай құдай деп санайды, оған қоса, алып күш иесі кейпін өзгерте алатын қасиетке ие.

Ал Моананың жанындағы достары, жанұясы туралы қандай қызықты дерек бар?

Мауи – өзін жоғары бағалайтын, күлкіге жақын ерекше күш иесі. Ол түрлі жануар мен құстардың кейпіне айнала алады.

Ал Таматоа – ұзындығы 15 метрге жететін өзімшіл шаян. Ол су асты тұрғындарынан ерекшеленгісі келеді. Қалай дейсіз бе? Өзгелердің көзіне түсу үшін ол қабыршағын жылтыр заттармен әшекейлеп алады.

Енді Моананың отбасы қандай?

Моана кішкентайынан Тала есімді әжесімен сыр бөлісіп өскен. Әжесі тарихта болған тылсым оқиғаларды, Тынық мұхиты мен немересінің арасында қарым-қатынас барын айтып түсініріп жүреді. Бір қызығы, әжей ел көсемінің заңына бағынбайды екен. Себебі, көсем – оның ұлы.

Тала әжейдің ұлы, Моананың әкесі, ел көсемі, мультфильмнің басты кейіпкерлерінің бірі – Туи. Ол қызының жаңа көсем болғанын, әке жолын қуғанын қалайды, Моананың мұхитқа деген қызығушылығына алаңдайды. Оны мұхит сырына үңіліп жүріп, әке мұраты жерде қала ма деген қорқыныш мазалайды.

Сина – Моананың анасы. Әрдайым қызын қолдауға дайын әзіз жан. Көңілі жайдары, сөзге шешен, қайраты мол жар. Ол Моананы мұхитта болатын түрлі қауіптен қорғап жүреді.

Басты жаңалық – осы анимациялық фильмнің қазақ тілінде сөйлеуі. Мульфильм биыл «Болашақ» Қауымдастығы қорының қолдауымен ана тілімізге дубляждалып отыр. Бұл туынды – аталған қордың қазақ тіліне аударған үшінші туындысы. Қазақ «Моанасын» дубляждауға елімізге танымал өнер жұлдыздары шақырылған. Нақтырақ айтсақ, Моананың анасын Мақпал Исабекова дыбыстаса, Бүркіт Мауиге даусын сыйлаған, ал данагөй әжейді Лидия Каден дыбыстаған. Ал осы дыбыстау жұмыстарын дубляж режиссері Абишева Рита, музыкалық жетекші Борамбаева Күнімгүл бастаған топ жүргізген. Жоба «Marwin» компаниясы мен «Болашақ» Қауымдастығы қорының бастамасымен ұйымдастырылған.

Disney «Моанасының» ағылшын тіліндегі нұсқасын Аулии Кравалхо (Моана), қаһарман образын сомдап жүрген Дуэйн Джонсон (Мауи) дыбыстаған. Сонымен қатар, Джемейн Клемент (Таматоа), Рэйчел Хаус (Тала), Темуэр Моррисон (Туи), танымал әнші Николь Шерзингер (Сина) дыбыстаушылар тізіміне енген.

Қызықты деректер:

– Анимациялық фильмді тамашаған кезде көрермендер 11 түрлі ән тыңдай алады;
– 60 өсімдік көруге болады;
– «Моана» сөзі Гавай аралында және Маори тайпасының тілінде «мұхит», «теңіз» деген мағынаны білдіреді екен;
– Моана даусын дыбыстаған Аулии Кравалхо – Дисней ханшайымдарына даусын сыйлаған ең жас әртіс. Ол 15 жаста.

Фильм қараша айының 24-ші жұлдызында еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі.

Г. Берік