Бекмамбетов өзіне тағылған айыпқа қатысты зерттеу жүргізеді

Бекмамбетов өзіне тағылған айыпқа қатысты зерттеу жүргізеді

Режиссер Тимур Бекмамбетовтың BAZELEVS кинокомпаниясы қазақстандық сценаристер Жайық Сыздықов пен Мұхаммед Мамырбековтің айыбына қатысты зерттеу жүргізетін болды. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі халықаралық ASTANA экшн-фильмдер фестивалінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Айта кетелік, бұған дейін ресейлік "Известия" газеті Сыздықов пен Мамырбековтың Ресейдің кинематогрофистер одағына бағыттаған ашық хатын жариялағандығын айтып өткен болатынбыз. Осы орайда BAZELEVS "Известия" газетінің 26 тамыздағы санындағы жарияланымға қатысты құқықтық анықтамаға тапсырыс бергендіктерін айтты. Айта кетелік, аяғына жетпеген "Алтын жауынгер" жобасының мүшелері Бекмамбетовқа плагиат жасады деген айып таққан болатын.

Дегенмен "Қазақфильм" АҚ президенті Ермек Аманшаевтың айтуынша ("Алтын жауынгер" жобасы құқықтық тұрғыда киностудияға тиесілі) бұл сценаристердің айыбы негізсіз. "Бұл кісілердің "Алтын жауынгер" жобасына еш қатысы жоқ. Олар тек субъективті пікірін білдіріп жүрген жандар. Біз Тимурдың сұранысқа ие маман екендігін, жұмысының көп екендігін ескеріп, онымен арнайы бекітілген жоспар бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Жақында Тимурмен сөйлестім. Барлық жұмыстар жоспар бойынша жүріп жатыр", - деді "Қазақфильм" басшысы.

ап

"Сәттілік джентельмендері" фильмінен көрініс

"Біз қазір сценарийдің 9-10 нұсқасын жазып шықтық. Бұл қалыпты құбылыс. Атышулы "Мың баланың" да 10-11 нұсқасы болған. Осылайша ең жақсы, әдемі сценарий таңдалып, сол туынды барлық жұмыстың негізі болады", - деді Аманшаев. Бірақ ұсынылған сценарийлердің ешқайсысы Бекмамбетовтың көңілінен шықпапты.

BAZELEVS-тің хабарлауынша, қазір Израильде "Сәттілік джентельмендерінің" ремейкінің түсірілу жұмыстары аяқталып қалды. Александр Барановтың жаңа фильмінің сюжеті бойынша, Ресейде Қазақстанның мәдениет күндері өтіп жатады. Осы шараның аясында көрермендердің назарына "Алтын адам" ұсынылады. Көрме кезінде бұл артефакт қолды болып, ұрланып кетеді. Картинада Гаврил Петровичтің рөлінде Гоша Куценко ойнамақ. Ал Доцент және балалар бақшасының тәрбиешісінің образын Сергей Безруков сомдайды.

"Фильмге "Алтын адамды" енгізу кезінде қазақстандық тарап көп көмектесті. Нақтырақ айтқанда, тарихшылар, археологтар бізге архивтік мәліметтер мен аңыздар тұрғысынан көп ақпарат берді. Және алғаш рет осы жоба үшін алтын сауыт жасалды. Осының арқасында қазақстандық жәдігерді ресейлік көрермендермен қатар, басқа да мемлекеттер біліп жүретін болады", - деп ақпарат таратты баспасөз қызметі.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: kinobizon.ru