"Қара шаңырақ" - жастарға арналған жаңа кино

"Қара шаңырақ" - жастарға арналған жаңа кино

Қазақ кинематографы тағы бір киномен толықты. Жақында Шәкен айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жұртшылық назарына «Қара шаңырақ» мелодрамасын ұсынды.

Бұл фильмнің жарыққа шығуына қазақ киносының тарланы, режиссер, көрнекті қайраткер Сатыбалды Нарымбетовтың ұлдары Ескендір мен Асқар-Мұхит ықпал етті. Фильмді таспаға түсірген жас оператор Ескендір Нарымбетов, ал режиссері Асқар-Мұхит-Нарымбетов. «Қара шаңырақ» ағайынды Нарымбетовтердің алғашқы төл туындысы.

«Қара шаңырақ» - жасөспірімдерге арнап түсірген қызықты кино. Жас жеткіншектердің үлкен өмірге қадам басуы, мінез-құлқыларының қалыптасуы, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды айыра білуі, өздерін сыртқы ортада, көпшілік қауым арасында ұстай білуі фильмде кеңінен көрсетіледі. Кино кейіпкерлері қазақ және орыс тілдерінде аралас сөйлейді, себебі, бұл заман талабы, сыртқы орта тәлімі. Фильмдегі басты рөлдерді ағайынды Ғабит пен Сәбит Мұстафалар, Гүлнар Дусматова, Ерік Жолжақсынов, Жұлдыз Сапарғалиева, Аша Матай сомдайды. Ал фильмнің сценарийін Т.Жүргенов атындағы Өнер академия­сының түлегі Ғалия Елтай жазған.

Фильмдегі Серік пен Берік есімді егіз жігіттер бір-бірінен бала күні айырылып, екі бөлек ортада өскен жандар. Екеуі де екі түрлі. Серік Чехия елінде білім алған, таршылық пен қиындықты көрмеген, ал Берік болса, шалғайдағы ауылда, өмірді көрген жеткіншек. Анасының бұйрығымен Серік Алматыға оқуға түсуге келген Берікті күтіп алып, барлығы бір пәтерде тұрады. Көп жылды артқа тастап кездескен ағайындылар аяқтарын шалыс басып, қылмыстық ортамен байланыса жаздайды. Ал олардың аналары, ауқатты әйел Жаннаны бәзбіреулер алып кетіп, кепіл-тұтқындыққа алады. Жаннаны аман алып қалу үшін Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің полковнигі іске кіріседі. Комитет қызметкерлерінің сәтті іс-әрекетінен кейін Жанна аман-есен ұлдарына оралып, оларға бар шындықты айтуға бел буады. 90 жылдардың басында ауыл қызы Жанна Алматыға оқуға түсу үшін келеді. Алып қалада ол алғашқы махаббаты Оспанды жолықтырады. Алайда, Оспан ата-анасы олардың қарым-қатынасына қарсылық білдіріп, ұлдарын ауқатты әулеттің қызына үйлендіреді. Ал сүйгенінен аяғы ауырлаған Жанна амалсыздан ауылға оралып, ата-анасының үйінде егіз ұл босанады. Кейін Берікті ата-анасына қалдырып, Серікті өзімен бірге қалаға алып кетеді. Көп ұзамай тұрмысын жөндеп, ауқатты іскер әйелдің біріне айналады. Жиырма жылдан кейін кездескен егіздер болса, екі түрлі ортада өсіп, бой түзеген. Екеуі бір-бірінен аумай қалса да, олардың өмірге деген көзқарасында, тілінде, тәрбиесінде айырмашылық бар. Көз ашқалы бері ауылда тұрған Берік әр нәрсеге сабырлықпен қараса, ауыр астымен, жеңіл үстімен жүріп үйренген Серік кез келген дүниеге жеңіл қарайды. Берік оқуға түсе алмай, ауылға кері қайтады. Бірақ, ол қалада фотосуретші Зәуремен танысып, оны ұнатып қалады. Ал Серік қалада жайсыз жағдайға тап болып, ауылға кетуге мәжбүр болады. Ауыл тыныс-тіршілігімен бейтаныс ол жаңа ортаға сіңісе алмайды. Алайда, оның жүрегін қарапайым ауыл қызы Айсұлу жаулайды. Әжелері болса, егіз немерелеріне кезінде аталары бітіре алмай кеткен үйді салдыртып, қара шаңырақты табыстайды. Қара шаңырақ арқылы ағайындылар барлық күштің бірлік пен ынтымақта екенін түсінеді.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: kazakhfilmstudious.kz, yvi.kz

Ғ. Ұзақ