Мұң мен даңқ арасынан ұшып өткен көбелек

Мұң мен даңқ арасынан ұшып өткен көбелек

Адамның көзіне қарап, жан дүниесінде қандай сырдың бар екенін білуге болады. Көз - шындықтың жаршысы. Қызғаныш пен күйінішіңді, мұңың мен қайғыңды қанша жасырсаң да, көзің еркіңе бағынбай әуре етеді.

Қыл қаламға жан бітіріп, ақ қағаз бетін бояумен кестелей білу - жаратқанның кез келгенге дарытпаған сыйы. Жер шарындағы мың адамның бірі ғана осы сыйға ие болады. Леонардо Давинчидің «Мона Лизаның жұмбақ күлкісі» картинасындағыдай бір бейнеге бірнеше эмоцияны енгізу көптің қолынан келмейді. Ұстаздан шәкірт озады демекші, әйгілі суретшінің осы қасиетін тұла бойына дарытқан жан бар. Ол – Маргарет Кин. Оның картиналарынан импрессионизмнің нышанын байқауға болады.

87 жастағы Маргарет Кин осы күнге дейін көзі үлкен балалардың суретін салып келеді. 60 жылдары картиналарын асқан жылдамдықпен бейнелеп, үлкен таралыммен сатқан.

Тим Бертенның суретші туралы туындысы Энди Уорхолдың «Көп адамға Киннің жасап жүргені ұнаса, мұны жаман деу жарамас» деген қанатты сөзімен басталады. «Маргарет Кин мұң мен даңқ арасынан ұшып өткен көбелек секілді». Бар қайғысы - өмірлік жарын дұрыс таңдамауында. Екінші күйеуі Уолтер Кин әйелінің ерекше талантының арқасында ақшаға кенеліп, жалған атаққа ие болуға асығады. Ал Маргарет бірінші күйеуі қызын тартып алмақшы болғандықтан, Уолтердің ұсынысына қуана келіседі.

Алғашында қос ғашықтың тағдырларын бір арнаға тоғыстырғанына қуансақ, артынша сезімді жалған атақ пен байлықтың тұншықтырғанын көріп, көңіліміз қалады.
Әйгілі актерлер Джейсон Шварцмен («Толған ай патшалығы») мен Дэнни Хьюстон («Хичкок») Тим Бертеннің жаңа жобасына ат салысты.

Тим Бертеннің «Үлкен көз» фильміне өткен ғасырдың 50 жылдарында өмір сүрген Маргарет Кин есімді суретші әйелдің қиын тағдыры арқау болған. Ерекше талант иесі секілді табынушысы Бертон де көзі үлкен балалардың суретін салғанды ұнатады екен. Әрі көз арқылы бір уақытта мұң, қорқыныш, жалғыздық, нәзіктік сынды эмоцияларды қатар бейнелейді. Бертонның бұл қызығушылығын түсінуге болады. Оның сурет салудан тәжірибесі де жоқ емес.

Маргарет Кин АҚШ-дағы феминизмнің «екінші толқыны» кезінде өз суреттерін жары Уолтер Киннің атынан сатады. 1980 жылы осыны пайдаланбақ болған Уолтер сотқа шағымданып, әйелінің барлық суреті өз иелігіне өтуін талап етеді. Нәтижесінде сот Кинді жақтайды. Жазықсыз әйелдің құқығы қорғалып, әділеттілік орнайды.

Алғашында ерлі-зайыптылар рөлін Кейт Хадсон мен Томас Хэйден Черч орындауы керек болатын. Артынша оларды Риз Уизерспун мен Райан Рейндольс алмастырады. Ақырында фильмдегі басты рөлдер «Оскар» жүлдесіне 4 мәрте ұсынылған Эми Адамс пен «Оскар» жүлдесіне 2 мәрте ие болған Кристоф Вальцке бұйырады.

Эмиді «Темір адам» фильмі арқылы жақсы танимыз. Кристоф Вальц те осал актер емес. Түсірілім барысында Кристоф бір уақытта 4 жобаны қатар алып жүрген екен.

Эми де, Кристоф та өз рөлдерін сәтті ойнап шықты. Эмидің жүзінен пәктік, адалдық сынды биік қасиеттерді байқасақ, Кристофтың нағыз алаяқ екеніне күмәніміз болмайды.

Екінші дәрежелі рөлдерде Кристен Риттер («Мона Лизаның жұмбақ күлкісі»), Джейсон Шварцман («Толған ай патшалығы»), Дэнни Хьюстон («Хичкок») ойнайды.

Скотт Александр мен Ларри Карацевский жобаның сценарийін жазып, продюссерлік етеді. Бұлардан өзге «Менің жігітім – ақымақ», «Жүзіктер әміршісі» сынды фильмдерге демеушілік еткен ағайынды Боб пен Харви Вайнтшейн өз үлестерін қосады.

Тим Бертон бұған дейін тек комедиялық фэнтези жанрындағы фильмдер түсіреді. "Үлкен көз" атты туындысы - биографиялық драма бағытындағы алғашқы тәжірибесі.

Бертон соңғы рет көрермендерге итіне жан бітірген бала оқиғасын баяндайтын «Франкенвини» мультфильмін ұсынған болатын. "Үлкен көз" туындысы оның өзге фильмдеріне ұқсамайды.

Аталған фильмді отындық кинотеатрлардан 15 қаңтардан бастап көре аласыздар.

Сурет: rudaki.ru

Қ. Бүйенбай