"Сәбина келін" фильмінің актерлерімен пресс-конференция өтті

"Сәбина келін" фильмінің актерлерімен пресс-конференция өтті

Бүгін Сinemax кинотеатрында көптен күткен "Сәбина келін" фильмінің актерлерімен пресс-конференция өтті, − деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Отандық фильм "Сәбина келін" Қарсыбаева Сәбина атты қалалық қыздың ауылға түскендігі туралы. Түсірілім барысы, мақсаты және басқа да сұрақтарға Нұртас Адамбай, Ерлан Қасымжанұлы, Азамат Дулатов, Тоғжан Таханова жауап берді.

Бұл фильмнің авторы, әрі режиссері, әрі продюсері және фильмнің басты кейіпкерін сомдаушы − Нұртас Адамбай. Сәбинаның қайын атасының рөлінде Ерлан Қасымжанұлы болса, енесінің рөлінде Тоғжан Таханова болды. Келіннің күйеуі "Жәнібектің" рөлін Есжан Хамидуллин ойнады.

Пресс-конференцияда фильмнің небәрі 17 күнде түсірілгені айтылды. Нұртас Адамбайдың алғашқы кинотуындысын түсіру "Абайла, сиыр!", "Ғашық жүрек", "Жел қызы" және "999" фильмдерін түсірген Азамат Дулатов атты талантты операторға түсті. Ол түсірілім барысында болған қызықты жайттар мен фильмде ерекше бір "эффект" пайдаланғанын атап өтті. 

Фильмнің мақсаты − ауылдағы келіндердің өмірін суреттеу, әрі оны қызықты, күлкілі, бірақ терең астарлы мәнді екенін таныту.

Режиссер бұл туынды кино ретінде алғашқы тәжірибе екенін және оны жоғары деңгейде түсіргісі келгендерін айтты. Өзге елдің фильмдеріне ұқсас емес екенін көрермен өз көзімен көрген соң растайтыны сөзсіз.

Актерлер қазақстандықтарды "Сәбина келін" фильмін көріп, тамашалауға шақырып, көрермен пікіріне риза болатынын айтты.

Сурет: Massaget.kz

Арнайы Massaget.kz үшін

Ф. Абилова