Әлеуметтік желідегі әдеп

Әлеуметтік желідегі әдеп
Фото: sevenspark.com

Әлеуметтік желілердің пайда болғанына 10 жылдан асты. Алайда адамдар әлеуметтік желіде әдепсіздік танытып жатады. Әлеуметтік желідегі әдеп жайлы әңгімелейміз. 

09.00-22.00 аралығында жазыңыз

Бәріміз біреуге таңғы 9-ға дейін және кешкі 10-нан кейін телефон шалуға болмайтынын білеміз. Бірақ әлеуметтік желіде күннің де, түннің де кез келген уағында жаза саламыз. Көбіміз түнгі 2-де «таңертең оқиды ғой» деп жазамыз. Ал әлгі адамның телефоны шыр етіп, жаңа хат келгенін хабарлайды. Ұйқысы төрт бөлініп, сізге ызаланып, негативті көңіл-күйде ұйықтап қалады. Тіпті жақын достарыңызға да түн ортасында жазбағаныңыз абзал.

Біреуді суретке тіркеу

Өз парақшаңызда біреумен бірге түскен суретті жариялау барысында досыңызды тіркемес бұрын рұқсат сұраңыз. Егер ол суретте өзін келбетсіз деп санаса, өз лентасында көргісі келмейтіні анық. Сол себепті біреудің суретін салу мен біреуді суретте тіркемес бұрын міндетті түрде рұқсатын алыңыз.

Амандасу

Достар қатарында бар адамдармен амандасып жүріңіз. Егер амандасқыңыз келмесе, ол қатарға қоспаңыз. 

Достықты шатастырмаңыз

Егер сізді әлеуметтік желіде достар қатарына қосса, оған әртүрлі себеппен тиісіп, ойнап, мазақ қылудан аулақ болыңыз. Вконтакте-дегі дос шын өмірдегі дос секілді сіздің ойыныңызды көтере бермейді.

«Сіз»

Әлеуметтік желіде адамдар бір-біріне «сен, сен» деуге дағдыланып кеткен. Тіпті спам, жарнама таратушылардың өзі де «сізді» қойып, «сен» деуге көшкен. Жасы, жынысы, қоғамдық статусына қарамастан, кез келген адамға «сіз» деп сөйлеуіңіз керек екенін ұмытпаңыз. Екі жақты «сен» деуге келіскен кезде ғана, диалогтың жаңа деңгейіне көшуіңізге болады.

Телефонды өшіру

Біреумен кездесу, тілдесу барысында телефоныңыздың дауысын не хабарлау функциясын өшіріп қойыңыз. Әрине, бір нәрсемен айналысу не бір адаммен сөйлесу барысында телефон «ызыңдап», хаттар келіп жатқанын тоқтаусыз хабарлап жатады. Бұл — заңдылық. Алайда, әңгіменің шырқын бұзып, смартфонға кіріп кетіп, хаттарға жауап жазу — сұхбаттасушыңызды құрметтемеуіңіздің белгісі.

Жалғасы бар...

Ф. Абилова