- Негізгі бет
- Мәдениет
- Париж Әулие Анасының...
Париж Әулие Анасының шіркеуі өртке оранды
Франция десе көз алдыңа Нотр Дам, Эйфель мұнарасы, Мона Лиза, бордо шарабы, фуа-гра тағамы, әдемі дүкендер, сәнқой бикештер, әдеби кейіпкерлер, гильотина, аккордеон, Наполеон, Ален Делон, импрессионистер, Жанна д’Арк... келеді.
Осы тізімді бастаған Нотр Дам, тіпті, Эйфель мұнарасынан да құнды қазына, француз ұлты тарихының көзі. Кеше Франция осындай жақұтынан айырылып қала жаздады. 15 сәуір күні кеште басталған өрт бірнеше сағаттан кейін сөндірілгенімен, шіркеудің бір бөлігі мен мұнарасын құлатты.
Оқиға орнына келген президент Эммануэль Макрон: "Мен сөзімді барлық француз жұртшылығына арнағым келеді. Нотр Дам – біздің тарихымыз, әдебиетіміз, қиял-арманымыз. Ол бізбен бірге эпидемияны да, соғысты да, бостандық алғанымызды да көрді. Ол біздің өміріміздің эпицентрі,"- деп алдағы жылдар бойы оны қалпына келтіру жұмысына бар күш-қуатын салатынын айтты.
Бұдан кейін француз классигі Виктор Гюгоның атағын шығарған романның құндылығы бұрынғыдан бетер артары анық. Өйткені, әлем әдебиеті жақұтының алғашқы тарауында тұтастай осы шіркеу суреттелген. Ондағы әр бағана, қабырғасындағы әр сызық сипатталған. Оның қаншалықты құнды екені Қадыр Мырза Әлидің "Жазмышында" айтылады:
"...Сый-құрметке ерте жеткен ұлы ақындардың бірі - Виктор Гюго. Ол жиырмаға толар-толмаста жетпістегілер аттай алмай жүрген даңқ табалдырығынан сүрінбей өткен. Жай оқырмандар ғана емес, корольдің өзі оны үзбей оқып отырған. Әріптестері бас иіп сәлем беретін болған. Король оның өлең кернеген кемеңгер кеудесіне "Құрметті легион" орденін өз қолымен қадаған. Өзінің таққа отыру салтанатына арнайы шақырған. Оның омырауындағы ең қымбат орденді көріп, әкесінің көңілі көкке көтерілген. Осының бәрі аз болғандай король Гюгоның отбасына сыртын алтынмен аптаған, көздің жауын аларлық фарфордан жасалған аса қымбат сервиз сыйлаған.
Байронның өлгеніне біраз уақыт өткен. Гете мен Вольтер Скотт әбден қартайған. Шатобриан мен Ламартиннің үндері өшкен. Ал Гюгоның ол кезде "Эрнадия", "Күзгі жапырақтар" және "Париж әулие анасының шіркеуі" атты әйгілі дүниелері жарық көріп, бүкіл Еуропада оның алдына шығарлық ешкім болмаған... 1845 жылы Виктор Гюго ақсүйектердің ең жоғарғы дәрежесі атағын алады".
А. Оралқызы