Еріннің дауы

Еріннің дауы

«Әйел» ғаламшарының «Бас» дейтін ерекше дамыған құрлығында еншілес жатқан елдердің ішінде ерекше көзге көрінгісі келіп, тараштана беретін еріннің жеңілтек мінезі көршілеріне көптен ұнамай жүрді. Табиғи түсінен жеріп, біресе қып-қызыл, біресе қоңыр, тіпті кейде көк түске боялып, былықтыра берген соң, құрлықтағы бірлескен ұлттар ұйымы жиналыс жасап, еріннің мәселесін қарады. Жиналысқа жұлынып-жұлынып біткен Қас қана хал үстінде жатқандықтан қатыса алмады. Салған жерден әңгімені төте бастаған Мұрын көршісінің көргенсіздігін бетіне басып «Табиғи жаратылысыңды бұзып қайда барасың! Өркендеп, дамудың да жөні бар. Егер мұныңды қоймасаң, өзің ғана емес, бәрімізді де экологиялық апатқа душар етесің!» деді.

«Сен мені ғана кінәлай бермей, ана айналасын ала-құла етіп бояған көзді айтпайсың ба? Өзіңнің қолыңнан ештеңе келмеген соң, өзгені көре алмайсың» деп қатты айтты ерін.

«Ерінжан...» деп бастай беріп еді... «Міңгірлемей қысқарт!» деп ақырды ерін. Танау жарықтық одан арыға бармай түсініксіз бірдемені міңгірледі де, үнсіз қалды.

Өз атына айтылған айыптауды ауыр қабылдаған Көз манадан бері шарасына сыймай шатынап кетті. Оңтайлы сәтті пайдаланып атып тұрды: «Ей, Ерін, есіңді жи! Мен сен сияқты табиғи түріме өзгеріс енгізген жоқпын. Екіншіден, Еркек ғаламшарымен жақындасар кезде энергия алмасу мәселесінде мен сен сияқты маңызды жұмыс атқармаймын. Егер біздің ғаламшардың ластығын мықты технологиямен тексерер босла, сенің бас жүлде аларыңа бәс тігермін» деп бір мысқылдап өтті.

Бәрін тыңдап үнсіз отырған Құлақ әлден уақытта доғарайық дегендей желп-желп етіп, ым қақты. Сосын ерінге бұрылып: «Сені бұл жиналыста бір шешімге келер деп сенеміз. Өзің не дейсің?» деді жай ғана.

Ерін жан-жағына үдірейе қарап: «Бәрің былшылдамай аулақ жүріңдер! Басқа айтарым жоқ!», - деді де, шыға жөнелді. Онысымен қоймай астыңғы бөлігін шығарып тұрып, мазақтап кетті. Жиналыс соңында өзгелері оңаша отырып кеңесті де: «Ессіз немені бөліп тастайық» деп келісті. Сонымен көп кешікпей еріннің жиегін қап-қара бояумен қоршап тастады.

Алда-жалда «Әйел» ғаламшарын көре қалсаңыз, бас құрлығындағы елдердің ішінен Ерінді аңғару қиын емес.

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: bloqspot.com

Қ. Қауымбек