Кімдерді дос тұту керек?

Кімдерді дос тұту керек?
Фото: st.pixanews.com

Ертеде бір қарапайым тігінші өмір сүріпті. Қартайған шағында үнемі қасынан шықпайтын немересіне үлкен бір даналық тәрбиесін бергісі келген екен.

Тігін тігуге кіріскен кезінде өте қымбат тұратын үлкен қайшысын алып матаны ұсақтап кесе бастайды. Болған соң қайшыны аяғының астына лақтыра салады да, ине алып кескіленген маталарды бір-біріне қосып тіге бастайды. Болған соң инені алып басындағы бас киіміне әдемілеп қыстырып қояды.

Әлгіден бері бұл көрініске таңғала қарап отырған немересі шыдай алмай:

– Неге ана қымбат қайшыны лақтыра салдыңыз да, болмайтын бір инені әспеттеп, басыңызға қадап қойдыңыз? - дейді. 

Сонда атасы:

– Қайшы әп-әдемі матаны кескілеп, бөлшектеп тастайды. Ал ине кішкентай, әлсіз болғанына қарамай, бөлінген бөлшектердің басын қосуға тырысады. Содан соң олардан әдемі киімдер шығарады.

Балам! Қандай биік деңгейден көрінсе де ешуақытта бөліп-бөлшектеуге, бірлікке сына қағып, сызат түсіруге ұмтылып жүргендердің дәрежесін көтеріп, оларға болыспа. Керісінше, әлсіз болса да бірлікке шақырып, ауызбіршілікке жұмылдырып жүргендердің абыройын арттырып, демеп-көтермелеп, қасынан табыл! - деген екен қарт

Ж. Жұмағұлов