Идеяңыз жемісті ме?

Идеяңыз жемісті ме?
Фото: pinterest.com

Бірде үлкен үйде тышқандар әулеті өмір сүріпті. Олар бақытты, асүйде "әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ", не қаласа, соны алып жейді.

Күндердің күнінде олардың басына қайғылы жағдай туды. Үй иесі тышқандардың тықыр-сықырынан зығырданы қайнап, мысық асырап алды. Мысық тышқандарды қалағанынша аулап, үйдің түкпір-түкпірінен тауып алып, көзіне түскенін жей берді.

Сонда бір тышқан барлығын ақылдасуға шақырып, бұл сұмдықтан құтылудың жолын іздестірді. Олар өз идеяларын ортаға салып, атып тастауды, у беруді, жанын көзіне көрсетіп қорқытуды ұсынып жатты. Алайда бұл ойлар басқаларының көңілінен шықпады.

Ақыры бір ақылды тышқан табылып, тың ой салды:

– Неге мысықтың мойнына қоңырау іліп қоймасқа? Сонда оның қай жерде жүргенін барлығымыз естіп, тығылып үлгере аламыз. Сонда бәріміз аман қаламыз,– дейді.

Барлығы бұл идеяны қостап, тіпті айтқан тышқанды мақтап, марапаттады. Кенет бұрышта, қараңғы жерде елеусіз отырған тышқанның дауысы шықты:

– Сұрақ қоға бола ма?

– Әрине, айта бер,– деді жиынды ұйымдастырушы тышқан.

– Айтып отырғандарыңыз өте жақсы, қолдаймын. Сіздердің көңіл-күйлеріңізді де түсіргім келмейді, бірақ... Мысықтың мойнына қоңырауды кім іледі?– дейді.

Түйін: Шығармашылық идеялар болғаны жақсы. Бірақ ол ең соңына дейін ойластырылған болса ғана өте жақсы.

@. @assel_assanova