Жақсының өзі өлсе де – сөзі өлмейді

Жақсының өзі өлсе де – сөзі өлмейді
Фото: tipslife.ru

Орта ғасырлардағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі һәм бірегейі - Шалкиіз Тіленшіұлы. Оның туындылары әсерлі, өткір, аз сөзге көп мағына сыйғызған сұлу сазды көркемдігімен ерекшеленеді. Біз бүгін сіздердің назарларыңызға Шалкиіз жыраудың бір топ нақыл сөзін ұсынып отырмыз.  

1. Жақсының жақсылығы сол болар – жаманмен қосылып сөйлемекке ар етер,

Жаманның жамандығы сол болар – сөйлесе бетіңді қара етер.

2. Жаманнан туған жақсы бар – адам айтса нанғысыз,

Жақсыдан туған жаман бар – бір аяқ асқа алғысыз.

3. Бар күшіңді сынамай балуандармен күреспе.

4. Атаның ұлы жақсыға малыңды бер де, басың қос: бір күні болар керегі.

5. Арғымақ атқа көп міндім – садаға кетсін буданнан,

Азаматқа көп ердім – садаға кетсін туғаннан.

6. Жағаңа дұшпан қолы тимеске – артында туысқанның көбі игі.

7. Жүйрікпін деп жалданба – жолығарсың арланға.

8. Жүк тиесең – кетерсің, ниет етсең – жетерсің.

9. Жақсы да келер бұл көпке. жаман да келер бұл көпке.

10. Жоғары қарап оқ атпа – жақын түсер қасыңа.

11. Шығармақ бұлт – жай тастар, әділ жігіт – ел бастар.

12. Жез қарғылы құба арлан қорашыл төбет болған күн.

13. Тұсында болған мәртті қорлама – табылмайды керекте.

14. Жақсының өзі өлсе де – сөзі өлмейді.

15. Тең атаның ұлы едің: дәрежеңді артық етсе – тәңірі етті.

16. Бір жақсымен дос болсаң -  азбас-тозбас мүлкі етер,

Бір жаманмен дос болсаң – бар ғаламға күлкі етер.

17. Жайыңды білмес қарындас – өзі дұшпан, өзі қас.

18. Жаман туған бар болса, жақсы жолдас зар болса – жазаны сонда көрерсің.

19. Жаманның жалаңдаған тілі жау.

20. Күле кіріп, күңіреніп шыққан достан сақтасын.

21. Ақылсыз достан ақылды дұшпан артық.

22. Жалаңаш барып жауға ти – тәңірі өзі біледі ажалымыз қайдан дүр.

23. Асқардан биік тау болмас –

басына балапан ұшып қона алмас.

Бүркіттен қыран құс болмас –

бауыры жайылмай бөрі алмас.

Ж. Исакаев