Күншіл күнде күңіренеді

Күншіл күнде күңіренеді

Адам бойындағы пенделік қасиеттердің бірі – күншілдік. Бөлтірік шешеннің: «Ақылы жетпей кейбіреу, ақылдыға қас болар»,-деуі де күншілдікті әшкерелеуі. Күншілдік-адам бойында қызғаныш пен көре алмаушылықтан туатын дерт екені белгілі. Көне түркі данышпаны Жүсіп Баласағұн да: күншілдік-көп емдейтін дерт» - дейді.

Біреуді күндеп, көре алмастық сезіміне ұрынған пенде күндеген адамы төменшіктей берсе бақытты бола түсем, немесе жаным тыныштала түседі деп ойлайды. Күншілдік деген — дерт. Тіпті сол күндеген адамы  төменшіктеп, тіпті өле қалса да, ол мерез ішті тастап кетпесі анық. Бәрібір ол сізді басқа бір жерден ұстап, өле-өлгенше сізді басқара береді. Адам егер жайлап қарап тұрса, сол сезімнің құлы болып жүргендігін бүкпесіз байқайды. Іс-әрекеті, жүріс-тұрысы соған ғана тәуелді екендігі белгілі болады.  Күншілдік өзгені мойындатпауға итермелейді. Әлсіздікті жаныңа серік қылады. Бұл туралы батыр Бауыржан Момышұлының: «күншілдік – өзгенің мықтылығы мен өзіңнің әлсіздігіңді түсінуден туған құбылыс» деп бағалауы ақиқат дүние. Ал Демокриттің «күншілдік адамдар арасындағы ұрыс-керіске бастама болады» дегені дөп басып айтылған. Осы орайда назарларыңызға Немат Келімбетовтың «күншілдік» туралы сұхбат-диалогынан үзінді ұсынғанды жөн санап отырмыз.

“Азап шеккің келмесе, күншіл болма”

– Көне заман данышпаны Унсури осылай депті ғой.

– Десе деген шығар. Бірақ осы ғибрат сөз айтылғалы бері арада жүздеген жылдар өтсе де, кейбір адамдар бойындағы күншілдік, бірін-бірі көрер көзге күндеу бір мысқалға да азайған жоқ, – деді қасымда отырған досым.

Дастарқан басында күншілдік жайындағы сұхбат қыза түсті.

– Дұрыс айтасың. Күншілдік деген “қызыл- көз” бәле көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Қайта желді күнгі өрттей өзінен-өзі лапылдап, өршіп барады емес пе? Заман жақсарып, елдің дәулеті артқан са­йын кейбіреулердің пейілі тарылып, бірін-бірі күн­деуі арта бере ме деп қалдым. Сен қалай ойлай­сың? – дедім досыма қарап.

– Күншілдер құдды күндес қатындар сияқты ғой. Күндес әйелдердің іштарлығын түсінуге бола­ды. Жалғыз еркек жамыраған көп әйелге жетпей жа­тыр дейік. Ал күншіл пенделерге не жетпейді десеңші?

– Иә, күншіл жандарға бәрі жетпейді. Олардың күндемейтін адамы жоқ.

– Сонда күншіл адамды іші тар, қызғаншақ деуге бола ма?

– Жоқ. Күншіл адам мен қызғаншақ кісінің арасында жер мен көктей айырмашылық бар.

– Қандай айырмашылық?

– Қызғаншақ адам өзінің қолында бар нәрсені басқалардан қызғанады. Бар болғаны сол ғана. Бәрі­міз де мына қара жерді басып жүрген пендеміз ғой. Қызғаншақ адамның мұндай пенделігін түсіну қиын емес.

– Ал күншіл адам ше?

– Күншілдің мүлдем жөні бөлек. Күншіл адам өз қолындағы бар бұйымды емес, өз қолында жоқ, бірақ басқа біреудің қолында бар нәрсені қызғанады.

– Сонда қалай? Ол басқа біреудің меншігіндегі затты сол адамның өзінен қызғана ма? Бұған мен түсінбей қалдым. Миым жетпейтін шығар.

– Түсінбейтін несі бар. Мәселен, сен судай жаңа “Мерседес” мәшинесін сатып алдың дейік. Ал сенің күншіл көршіңде ондай мәшине жоқ деп шартты түрде келісейік. Міне, сен сол мәшинені сатып алған күннен бастап, күншіл көршіңнен күндіз күлкі, түнде ұйқы қашады.

– Неге? Жағдайы келгенде көршім де сондай көлікті сатып алуы мүмкін ғой.

– Сен мені тағы да түсінбей қалдың. Сенің күншіл көршіңе ондай мәшиненің керегі жоқ. “Мерседес” мәшинесін сатып алуды ол армандаған да емес, жоспарлаған да жоқ.

– Онда неге мені күндейді?

– Міне, күншілдің бар “құпиясы” осы бір ғана сауалда жатыр.

– Ол қандай құпия?

– Мен жаңа ғана саған: “күншіл” кісі өзінде жоқ, бірақ басқаларда бар нәрсені, айталық, мә­ши­нені, мал-мүлікті, үй-жайды, т.б. күндейді дедім ғой.

– Иә, солай дедің.

– Міне, “тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­ні­не” енді келдік. Сенің әлгі күншіл көршің өзінде жоқ “Мерседестің” өзгелерде де, яғни сенде де бол­­мауын қалайды. “Болмасын!” деп құдайға күні-түні жалбарынады. Сол үшін, яғни сенде жақсы мәши­не­нің болмауы үшін қолынан келген ке­сапаттың бәрін жасайды. Бұл жолда ол ешнәрседен тайы­н­байды. Керек болса өзін құрбандыққа шалып жіберуге де әзір тұрады. Енді ұқтың ба? Күншілдік дегеніміз, міне, осындай болады.

Немат Келімбетовтың бұл сұхбат-диалогы күншілдік туралы көп дүниені аңғартады. Әрине, бұл толық нұсқасы емес. Десе де осы бір қысқа ұсынылған сұхбат-диалогынан үлкен сабақ алуға болады. Сайф Сарай: «күншіл күнде күңіренеді» десе, Максим Горькийдің «адал адам ешкімді күндемейді» дегені де бар. Байқасаңыздар, ондай жандар жанымызда да жүруі мүмкін. Бірақ, ең бірінші олардан емес, өзімізді сол бір қасиеттен аулақ ұстағанымыз абзалырақ шығар... 

Сурет: plus.google.com, moldir-bulak.kz

О. Сансызбай