Асқар Cүлейменовтің афоризмдері #2

Асқар Cүлейменовтің афоризмдері #2

Белгілі жазушы, әдебиет сыншысы, драматург Асқар Сүлейменовтің өнер, әдебиет, ақын-жазушы, талант туралы айтқан афоризмдерін назарларыңызға ұсынамыз.

* Өнердің өмірден айырмашылығы - өнер өмірден үйренбейді.

* Ең терең идеялар - қиын идеялар. Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған түсінікті идея жетеді. Жазушының бір міндеті - идеяны ашу емес, оны мұзартқа көміп, мұнармен бүркеу. «Шайнап берген ас болмас». Оқушы шыңғырғандай болып қиналса несі ерсі? Алсын қамау терін!

* Өнердің өз өткені, өз бүгіні, өз логикасы мен динамикасы бар.

* Өмір – өнер болғанда, өнер – өлшем. Өнер – өлшем болғанда, өлшем – үнем. Ал үнем – тірліктің күре тіні.

* Өзгенікін еске түсіруден өзіңдікін еске түсіру күшке түседі.

* Жақсы кітап – ұяттың антологиясы. 

* Зады, бірегей тұлғаларға, бірегей кітаптарға сын есім жүрмейді. 

* Қазақтың радиомаразмы: «махаббаттың сүйіспеншілігіне бөленіп...»

* Әр сөздің өз ұяты бар.

* Сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі бірікпегесін – тірі тіркес тумайды. Өмірдің тамыр солқылы мен сөйлемнің тамыр солқылын лингвистикалық проза ғана қоса алады.

* Сөз - құлын да, ой - жылқы.

* Ой ойнамай – сөйлем жоқ.

* Ойдың жанарға жеткен жылтылындай – жанардың жарығы да жанға түседі.

* Текстің дәмін алудың төте жолы - талмай оқу.

* Кем талант - кемтар талант.

* Кем талант - мүмкіндігінше, шын талант - қалағанынша жазады.

* Келер қазақтың да ішетін уы мен балы - Абай.

* Абайда ашу шақырар орам көп. Кейіс шақырар бір орамы: «...қазақ та адам баласы ғой».

* Кектің көзі – Махамбет.

* Шын режиссура – жүрек сияқты: соққаны білінбейді.

* Пьесса – құндақтаулы сәби: оның қандай азамат болып өсіп шығары режиссерге байланысты.

* Ақынды прозамен тексеріп алса - теріс емес.

* Стилі жоқтың жазғанын оқу - арпа талқанды құрғақ асағандай. Стильсіз жазушы, стилін таба алмаған жазушы - іріге еліктеп көлеңке калькаға барады да, сорпаның сорпасының сорпасы болады.

* Қазақтай психофизикалық типтің азасын «Жігердей» кемерлейтін күй, «Қаракесектей» шыңғыртар ән жоқ.

* Бабы мен бағы бұққан тұяқ та бір – ойға суарылмаған әуен мен әуез де бір: нені айту бір пара, қалай айту бір пара, кімге айту, қашан айту бір пара.

Сурет: өңделген

Ш. Талап