«Ақтастағы Ахиконың» көркемдік әлемі

«Ақтастағы Ахиконың» көркемдік әлемі
Фото: facebook.com

"Ақтастағы Ахико" қойылымы өткеніне көп уақыт өтпесе де ол жайлы бірнеше пікірлер мен талдаулар жазылып та, айтылып та жатыр. Белгілі журналистер, әдебиетшілер қойылымның артық-кем тұстарына тоқталып, баспасөз беттеріне жылы лебіздерін білдірді. Солардың ізін суытпай жас әдебиетші Күлтегін Аспанұлы жан жақты ғылыми талдау жасапты. Қойылымның көркемдік әлеміне жасалған шолуды оқи отырыңыздар!

«Әлі-ақ туар әділеттің ақ таңы» 
Кейуана 

Тарих даңғылынан өткен қалың көш ішінен сән-салтанаты жарасып, жібек-зүбәржәт жамылған әшекейлі арба-күймелер мен жантүршігерлік азаптың айқайы, оңып-тозған портреттер сығалап тұрады. Тарихи сананы қайта түзеу ісі кез келген белім бекем болсын деген елдің негізгі уәзипасы. Дүр дәуірдің ғазиз ғасырға өз бұйырығы мен сыбағасын үлестірілгені лауқұл мақпұздан мәлім іс-ті. Көп жұртқа шүлен таратқан Тәңірі жазғаны бұлжымас кепиет заңы. Сол көп жұрағаттың ішінде көктүркіден көгеріп-өнген қазақ халқының арғы-бергі тарихының көбі әлі күнгі ашылмаған жұмбақ күйінде. Байтақ тауарихта игерілмеген тақырып, көбесі сөгіліп іздеушісін таппаған дүние тағы «көп». Қасырет не мамырстан шақ, бәрібір, ұлт өткенін алаламай туралықпен, зор ықыласпен, махаббатпен тануы тиіс. Бұл оның табиғи құқы. Ұлт пен ұлыстар басынан өткерген уақиға оқшау болуы мүмкін емес, бар әрекет адамзаттың ортақ мұхитына барып құяды. Табиғат – компоненттердің максимумдық үйлесім картинасы, компонент дегеніміз барлық сөз таптарын қамтиды. 

Мағжанның қапастағы қалін танып, көрсеткім келеді деген бір ағамның тілегі келеді ойға. Иә. Өткенін танымай болашаққа алшаңдап бару қатерлі. Тағдырдың салғанынан тұқымы сең соққандай күйреп, қара жерге судай сіңіп кете жаздаған үмітшіл ұлттың бағын баптап, көшін түзеген Ақиқаттың ақтығына күмән жоқ. Ақ Құдайға жақ. 

Азып-толған он екінің бірі ақыраптың айналасы қазақ қайтқанымен қайта қауышқандай, қаймығып-қуанып «қорыққаны мен қуанышы бірдей» ерекше күй кешті. Бұдан өзге реакция күту бекер. Қазақфильм «Анаға апарар жолдың» қасиетін ұқтырып, Әкемтеатр «Ақтастағы Ахиконың» қазақпен-адамзатпен жапсарлас тағдырын танытты. Үлкен шаруа. Тоқмейілсуге болмас, осы қызумен қаузау-ізденіс жалғануы тиіс. Бүгінгі сөз «Ақтастағы Ахиконың» ақжарма жан әлеміне арнаулы әңгіме. Жан азығы тірек қазығына айналған, ойкөзі сезгіш көрушіні күйінішке бөктіріп, көңілін көбіктеткен қойылымды пессимизмге балап, еңсені езгіш деу қата тұжырым. Жоғарыда айтқандай, көрген құқай-қорлығы мол, қаскөй үлбі үріп томпайтқан дәуір дорбасын арқалаған арқалы халықтың трагедиясын басқы сапқа түзу заңды. 

Тарихи сана тайқазанын қайта қалыптап, қақпағын құю – мәдениеттің еншісі. Жалаң ақпараттандыру жан-ділмен сезіну сызығына жеткізбесі анық – тым шабан. Кісі жалқы әлемімен өткен-алдыңғысы, іші-сыртын, асты-үсті мен сырт-айналасын ұғынуында Өнердің жәрдемі өлшеусіз. Әдебиет, театр, бейнелеу, ән-күй мен би... бәрі-бәрі «Бір атаның балалары». Жанды ағзаның қай бөлігі дертті болса, бар бөлшегі бірге болысып, күреседі, медеті сарқыса қосыла сырқырай ауырады, бір бөліседі. Мәдениеттің де мәнері сол әуез. 

Осы тұста Алаш қайраткері С.Сәдуақасовтың «Театр – жанды кітап. Кітаптан театрдың өрісі кең. Кітап – жалғыз хат танушылардың қаруы, театр – көпшіліктің қаруы» деуі көңілге қонымды, ситуация шындығын ашады. Рухани мазмұн жағынан толысуды қажетсінетін ауыр да ажарлы жанр – драматургияны «әдебиеттің бекзадасы» деп бойсұнған қаламгер Мадина Омарованың «Ақтастағы Ахикосы» жаңа олжа. Адалдың арқаны ұзын. Ахиконың сенімі – ішкі күші. Сеніміне адалдығы. Автор бірде «Ұлттың шаршауы этникалық құндылықтарын, рухани базаларын жоғалтуымен айқындалады, өмірге құштарлықтың, жаңаруға, өркендеуге ыждыһаттылықтың болмауы – бүкілұлттық сипат алатын болса, әрине, қорқынышты картина» дегені пьесаның өткен мен бүгінгі мәнін аңғартса керек-ті. 

Режиссер Асхат Маемеров пен драматург Мадина Омарованың шығармасына арқау болған жазықсыз жандардың жапа шеккен жартыкеш талмауыт тағдырлары. Кеңестік ауданы кең, ауаны тар темір шарбақтың ішіндегі мүшһіл хәлдер. Тауарихтың қан жұққан, тотыққан сарғыш парақтарында 1932 жылы Лагерьлер бас басқармасы құрамындағы еңбекпен түзеу лагерьлерінің саны 11-ге жеткені, ал 1944 жылдары 58 лагерь және 424 еңбекпен түзеу колониясы қатаң режимде жұмыс жасағаны айтылады. 1930 жылы құрылған КАРЛАГтың он жылдан соңғы «бағындырған биігі» Лагерьлер бас басқармасы құрамындағы «ең ірі құрылым» статусы. Сөйтіп аз уақыт ішінде Карлаг ең үлкен және әйгілі лагерьлердің қатарынан саналған. 1939 жылы ІІХК-ның 42 лагері арасында Карлаг тұтқындар саны жағынан 9-шы орынға ие болды, яғни – 35 мың 72 өлімші жүрек иелері. Ал бұл кезде лагерь контингенті саны 1 млн 668 мың 200 адамға жеткен еді. Әрине, бұл бір ғана жиырмажылдықтың статистикасы. 

Бұл қасап қамытын жалғыз қазақ емес, жат ата ұрпақтары да киіп көрген. Әлемді өзіндік өткеніне үңілтіп, мұңын бөліскен сәтті туындылардың батыс жұртында дәстүрлі мектебі қалыптасқан. Ұлттық мінез талғамай көптің көңілін ақтарған «Облава» («Le rafle», 2010), «Мальчик в полосатой пижаме» («The boy in the stryped pyjamas», 2008), «Список Шиндлера» («Schindler's List», 1993), «Пианист» («The Pianist», 2002), «Побег из замка Колдиц» («Colditz», 2005), «Суд над богом» («God on Trial», 2008), «Жизнь прекрасна» («La Vita e bella», 1997) фильм-спектакльдерінің жетістіктерін  кәдеге жарату – дұрыс байлам. Бір қызығы барлығына ортақ белгі, теңдей финиш – өмірге оралу концепциясы. 

«Жаңа туған сәбиден бастап еңкейген егде кемпір-шалға дейін шемірікпестен жұтатын» Карлагты «Ажал машинасы» деп Ақиқат тарапынан айыптайтын Ахико Тецуро рөлі өз ойыншысын тапқан. Тұтқындар ішінен Ахико бейнесі – Д. Ақмолданың ойыны қойылымның қайталанбас актерлік жеміс-көркі. Оның ойнауында өткізгіштік коэфиценті жоғарылай түседі. Сезім-күйді көрушісіне тез әм нанымды сіңіреді. Ішкі диалектикалық қайшылықтарды дәл ашу – оның әдеті. Зымыстан боранды шақтың шиыр-шиыр суреттері сана сәулесін таусып тастамақ. Алыстағы арман мен таяу тұрған тажалдың қайсы жарылқайды?! 

Конфликт – өздігінше тумайды, өмірдің әр деңгейлі, дұрысы әр түрлі кейіпкерлердің күрес үстінде көрінетін, көпқырлы характерлерді ашатын күш. Ол – драмалық әрекеттің сюжеттік серіппесі, жаны, тамырсоқтырар саф тынысы. Характерлер қақтығысы қоғам-уақыт құбылысын танытуы тиіс. Бұл ретте Ахико мен Ахмет – мұраттас, рухтас жандар, жендеттердің жанжеміргіш зор тәбеті; алапиғыл Степанның «эгоикусствосы»; жазықсыз ұлдарына жауапты әкелер (Сәдуақас, Сейфолла); үнемі «сауатсыз», «сорлы» деп сөгіс еститін әнші-ақын, өнерпаз қазақ жігіттері; тоқсанның үшінде «лагерь директорына кәрін төккен» абыз-ақсақал мен «өшкені қайта жанған» қарт кейуана... бәрі-бәрі коллизияның (идеялар қайшылығы) қанат жаюына жағдай туғызады. Конфликтінің өмірлік не жасанды болуы, не оның қоғамдық мәні, типтілігі, – барлығы идеялық-көркемдік жағынан талдауға кіреді. Өмір шындығының қай дәрежеде суреттелгендігін белгілеуге көбірек көңіл бөлген жөн. Соқтығыстар әркез жаңа типтің, айқын күйлердің аралық жаңа халін тудырмаушы ма еді?! Дәл сол ізбен айтылған образдар орта жолда тұралап қалмай әрекетте әлденеше рет бояуын қанықтыра түседі. Бұл пьеса көркемдігіне қатысты. Оның тіріліп, аяқ-қолын бауырына аман-есен жиюы бөлек әңгіме. Шамасы, «көкжиектен қылтиып шеті көрінген тағы бір образға жан бітіргісі келетін» ізденгіш, аңғарымпаз автор кейіпкерді актерге арнап жазған болу керек. Қай кейіпкер кімнің еншісіне бұйыратынын білгендей-ақ. 

Персонаждар жүйесі барынша жинақы, шашауы жоқ. Қарт даланың жас өркенін қынадай қырып, орталағаны мен қариясының көңілін құсадан кептірген қанқасап қызыл жағалылар – зұлымдық символы. Қондырма идеяны сүйретіп жазудың шарттылығы деп білетін жағымды-жағымсыз жіктелімі тарихи тақырып болғандықтан өз жанын жоғалтпаған. Бұл – заңды да. Құдық құлқыны үшін адамтөзгісіз азапты қолдан туғызу – ақтауға келмейтін, лажсыз қалыпқа салуға тура келетін қылмыс. Бірдің емес – мыңның тағдыры. Елдік мұрат, жұрт обалы турасында әңгіме қозғала қалса, айыпты тараптың айқындалуы шарт. Әдебиет – түпнұсқа. Түйені қазанға, батырды қабірге түсірген қызыл көздің қанқұштар ісін кім сүйсін, кім ақтасын?! 

«Амалы жетсе ақылы жетпей, ақылы жеткенге амалы жетпей айнала толы ақылды дұшпандармен алысып, талай бәйтеректің тамырын қиып, төбесін күйдіргендер» (Қасен қарияның сөзі) монологы меңзеу арқылы күллі зұлымдық күші өмір философиясы контексінде «есіңізде болсын біз міндетті түрде қайтып келеміз, қайтып келеміз!», «Біз тірі жүрмесек те біз сияқтылардың ізі мен көлеңкесі жер бетінде қалады» деп қарастырылады. 
Жүректерінде екіжүзділік өскіні қылаңдаған жендеттердің доқтан етіп сес сездіруі көрушісін ашындырмай қоймайды. Әттеген-айы тергеушілердің дауыс қою, мимикалары бір-бірін жиі қайталап, өзіндік даралық белгісін таппауы. 
(Әнші жігіт шақырылады) 
– Ей, сорлы, жапон шпион екеніңді мойындайсың ба? 
– (әрең) Иә, жапон шпион екенімді мойындаймын, бірақ жапон деген кім? ...Тым болмаса біліп өлейін. 
– Мынау контрреволюционершілер жағында осындай қайтпас қайсар жігіттердің бар екендігін біз мойындаймыз! (Басынан тарс ете қалады) 
Бірақ оның қайтпас қайсарлығынан не пайда? Өлді де қалды сорлы! (шөлмектен арақ ішеді жендеттер) 

Көріністің ең жоғары нүктесі – тапанша дауысы екінші күні қойылуында техникалық не самарқаулықтан туған олқылықтың орнын үш рет шүріппені басып, «Ажалы жоқ екен» деп күлумен толтыруға тырысқаны, әрине, импровизаторлық. Бірақ, әрекеттену түбі сәтсіз аяқталды. Кідіріс ұзап, уақытты қаруын түзеумен ысырап етіп алды. Осы суреттерден кейін Ахиконың «Мойындаймын, мойындаймын, мен шпионмын! Қол қойып беремін. Мен шпионмын, мен шпионмын» деуі тапаншаның суық тарсылынан кейін ғана мәндірек, жанды болушы еді. Кемшілік қайталанбайды деген ойдамыз. Бірінші күнгі үрей үдеткен жалбарыныш пен жендеттің шоқмейіл күлкісі қатар қабысып зор екпін тудырған етін. Тәсірі зор үрей ғайыптан емес, ойламаған ауыр соққыдан тууы тиіс. 

Дарынды «қолыңа Құдайдың алмас қылыш бергенімен бірдей, тек игілікке пайдалануың керек» деп білетін жазушы гумандық идеясын көрерменге мүлдем жоғалтқызып, бірде қайта жақтырып, күдерін үзіп-жалғатып отырады. Бұл шеберлік – көрушіге алда не боларын білдірмеу, білген күнде барар жолдың хәлін сездірмей, құпия қалдыру. Сахнаға үңілушінің көңілін бір сәтке мүлгуге мұрсат бермес жетекші күш – спектакльдің басты капиталы. 

Өртті селін көктен төккен бұ қысметтің қайырынан үміт етіп, келер күннің жарығын жүрегіне тоқыған ақсақал Ақайдың Қасені ойынын Бекжан Тұрыс өз биігіне қиналмай жеткерді. Көз көргеннен ой түйген, иман тұнған көкірек, Абыз тілі өзіне жарасты, кестелі. Дәуіріне сай шұрайлы. Актердің табиғатына туралай ділмар, сөзуар, бейнелі шыққан. Иманы берік, салмақты, ұрпағының бақытына сеніп, тілек ететін, ешкімнен сескенбейтін, тіпті зәлім Степанның қолын қайырып жіберетін ақсақал образына сүйсініп, іштей тілеулес болып отырасыз. Қай бояуы кем дейтін шикі кейіпкер емес. Ерлері үзіліссіз езгіден есі шығып, еңсесі түсер шақта «Жә, босамаңдар, босама, балам» деп демеп-сүйеген елдіктің жаршысы ел Абызына лайық дәрежеде «Бұл ел тумай жатып талай зобалаң көрді, талай нәрседен тарығып та, торығып та өскен. Біржола үнсіздікке берілмей, іштей медет еткен ұрпақтың өкіліміз. ...Жаратқан ием жабыққанын көріп жебер, тарыққанын көріп демер» деп ертеңгі күнге қол созады. Ақылды актердің рөлі жалпы адамгершілік сапасын көрсету жағына талаптанатыны белгілі. 

Қақыратып кеткен кеселді кезең құйыны сахнаны салқындатып отырады. Камера көріністерінде бәрі бірдей мұңды болғанымен (тауқымет – ортақ), характерлер картасында күрделілік сақталған. Нөмірленген жандардың сапқа түзілу моделі, мәлімдеулері әрқилы. Режиссердің абақты ұжымын көпүнді етіп жасақтауы оң шешім. Әрқайсы өз алдына характер. «Бір характерге күш беру үшін, екінші характерді нашарлатуға болмайды. Драматургтің міндеті – бәрін күшейту» (Дидро). Қателікке жол бермегені қуантады. Оңаша ой-толғанысы молырақ ішкі монолог, көрерменге қарата айтылған баяндаушы-герой сөзі, өзара әрекеттескен диалог та жеткілікті әрі өз орнымен. Бірсыдырғы одадай көрінер, бірақ төрт тұяғын тең басқан пьесаның бағы бес елі болса не дерсіз?! 

Театрдың әрекетке құрылған табиғатын жете сезінген әртістер қауымы жауаптылықпен қараған. Спектакль сайын сан алуан өмір кешіп жүрген Дулығаның дүниетаным дорбасы бай, қоры жеткілікті. Әртіс шығармашылығының түрлену өнері принципіне сай Ахико ойналымы «мойындамаймын» мен «мойындаймынның» арасында тәуір реңк көрсеткен. «Түсінбестік болар» деп отырған он бес жасар бозбала көз алдында оққа ұшқан әнші қазақ жігітінің көрінісінен кейін шимайланған бағынышты сананың абдыраған, шатып-аптыққан, қатты қысымның құрсауында қалып қойған күрделі күйін сезінеді. 
– Мен шпион емеспін? 
– Енді?.. 
– Мен ақынмын! 
Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз, 
Кең даласын ешкімнің құрығына бермейміз. 
Қандай шайтан келсе де алдауына көнбейміз, 
Жасайды Алаш, Жасасын Алаш, Жасасын! 
– Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов... Ө-өй, сен солардың итаяғын жалаған ит дейді ғой, а? Солай ма? 

Типтік характерлерді типтік жағдайда ашудан өзге жол табу мүмкін еместігін айттық. Қақтығыс дамуында мағыналық жинақтылық, жүзі өткір аз сөзділік өнімді функция ретінде белгіленеді. Тіл – жүректің шөміші, әр кейіпкер өз мінезіне тән тілде сөйлеуі тиіс. «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайтынын» (Абай) суреткер жақсы біледі. «Тағдырдың шешімімен сол бір елге байландым, батаңды бер, еркіме жібер» деген ұлының қалауын әке көңілқимастықпен шарасыз қабыл қылды. Әке сөзін шығындамай басынан сипап батасын ымдап, ишара етті. Бұ да – автордың мінезінен болса керек. Тура байлам. Көңіл аңғарып отырғанды қайта жаю артық. «Тежеу сезімінсіз суреткердің, әсіресе драматургтың болуы мүмкін емес» (Л.Толстой). Кейіпкер қару-қуаты, мұң-шуағы, күйін қырық құбылтатын күш – сөз. Мұнда жүк драматургке түседі. Әркім өзіне жарасып тұр, шығармашылық тежегіші дер кезінде қолданылған. 

«Атадан жалғыз», елгезек ақын Ахметтің Ахикоға аманатын табыстар сәті талай ақтаңгер азаматтардың бейнесін елестеді. Еріксіз бас иесің. Ақсақал Қасен үмітсіздікке тоқтау салып, демесін айтқанда алғаш боп еңсе көтеріп, күш алған да Ақын Ахмет. Өйткені ол ақын ғой. А.Асхатұлына «Білесің бе, мен қорқам. Қанмен жазылған жырларымды келер ұрпақ оқи алмай ма деп қорқам, Ахико!» деген күдік-назы құйып қойғандай жараса қалған. Ал мінез танытар тұсы жоқтың қасы. Көзінде от жанып, қанатын кең серитін жырлау заматы солғындау. Біздің эталонға айналған өр рухты жандардың ет пен сүйектен жаралғанын еске салып, сонда да туралығынан таймағаны таңдандырып-күрсінтеді.

«Иә, мен ұрымын. Үйде төрт шиттей бала-шағам аштықтан жанұшырып шырылдағаннан бір уыс бидай ұрлағаным рас» дейтін тергеудегі тұтқын әйелді көріп, көрушілердің көңілінен «бұлары несі» деп залымдарға қарсы лағынет жаудыртады. Ананың мейіріміне қарсы қастандыққа, күңгірт кабинеттегі тергеу, басқаша айтқанда «мойындату» үдерісіне үрки қараған Ахико «Бұлай болмайды, бұлай болмайды ғой (дауыс көтеріле береді). Не үшін, осының бәрі не үшін, кім үшін, неге мен, неге-е мен?» дей бергенде музыкалық әрлеу өз сиқырын іске асырады. Ерекше күй кешесіз. Бар тамырыңыз тулап, бойды жұлын жиырып алады. Ауырлап қаласыз. 

Этнохарактер сілемдері бұлдырап, көктен төмен төнгенде қара жер бетін тұман бүркеп тұрғандай. Әрине, қазақтың рөліндегілер мінезі көңіл нанарлық, табиғи, онда талас жоқ. Айтарымыз, «ата-анасымен ойша сөйлесетін» жапон жеткіншегінің психопортреті алғашқы көріністерде ұлттық колориттік штирхтарды қажетсініп тұр. Қапас табалдырығынан кейінгі қазақ ішінде қазаққа бейімділік, этноадаптациялану түсінікті, орынды. 

Ішкі дауыс ұлттық болмысты ашуға айқын қызмет етеді. Кейінгі бөлімде бүркеніп, бүрісіп жатқан баланың ішкі дауысын тыңдап көріңіз: «Сен темірден мықты жапон баласысың, өзгеге үлгі боп, жапон халқының қандай ел екенін көрсету керек!» дейді. Дәтке медет берген самурайтектілік жапон халқының этнопсихологиясы.

РКСФР Қылмыстық кодексінің 58 бабы бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылған айыпсыз Ахиконы абақты басқа қырынан танытады. Әнші. Салмақты. Ізетті. Г.Оспанов ойнауындағы карташыдай қақ-соғы жоқ, өз жасына тән, тәрбиелі. «Ғұмырын өнерге арнаған суретшінің әр сәті қимылдан тұрады. Ол тоқтаған емес, бір кезде суретші ұйықтап кетеді. Түсінде сарғайған жапырақтар, күз мезгілі және керемет табиғат...». Ауыр жұмыстан пана іздеген «жандайшап» ертегіші-тұтқынның тыңдаушысы Степан тек қан түсті ғана білетін. Сол бояумен ғана елестете алатын. Оған көк, сары, ақ пен жасыл да қантүстес. Бейсана калпында қан түсімен санасындағы сұмсуретті ажал ауызындағы картинасына бейнелейді. Зорлық-зомбылық атмосферасын қоюлата түскен басты жайт суретші Степанның көпқыртысты ішкі әлемі. Ол әуелі – адам, өнерпаз. Бір кемдігі – түнекті психикаға бейім. Өнерпаздан зауал күту де заңдылық. Қолындағы құралы есі ауса, есепсіз сермеп қоңсысын мертіктіру мүмкіндігін автор саналы түрде аңғартқысы келген сияқты. Қ. Қыстақбаевтың жүрегінен сүзілген Степанның өткір сахналық бейнелілігі өмірден баз кешкенін ойдағыдай бере алды. Күрделі образ. Тамырына таудай талант, қуатты қабілет дарыса да Ізгілігі жоғалғанның түбі тауаны шағылмақ. 

Аға актерлардың ішінен Болат Әбділмановтың ойыны әдетінше «апама жездем сай» кейпінде. Өмірлік сабағы мен жас мөлшері, дайындығы өзара астасып, тістері кіріккен сағаттың барабандарындай байыппен қадірлі образдалған. Қазақтың қариясын көргенде қуанышпен құшақ жайған, абызына ауыз салған қызылдардың ісіне қабырғасы қайысатын, перзентіне пейілі түскен, хатын иіскеп оқып, әнін жатқа шырқайтын типтік қазақ әкесі. «Тау ішінде» әнін Сейфоллалық рухта мұңға шылап әуездетеді. 

Осылардан кейін «Ахмет, біздің Жапонияда күн тура осылай шығады» деп күйдіріп күлдіретін Ахиконың диалогі. Аралық көңіл сергітер нота қажет тұсында қойылған. Егілген көрушінің қабылдау қапшығын қайта сілкуге таптырмас амал. 

Қойылымның тағы бір жаңалығы – Данагүл Темірсұлтанованың арысы мен ботасын іздеп боздаған, бойына сыймаған аналық мейірін бөтенді «бөлек» демей, нәсіл-ұлтын айырып жатпай Бронислав, Альберт пен Катя, поштагерлерді өлімші күйден аяқтандырған, ел сүйсініп «Ақтамақ» атанған кейуананы сомдауы. «Мәңгілік бала бейнедегі» Ләйләмен керегесі кеңейеген актрисадан егде тартқан Ана образын табу қиындық тудырмады. Ажарын қимылы мен бет-әлпетіндегі, ырғақтық өзгерістер ызаға буып, үмітпен шүйіле қаратып, қаралы хабарлауда азалап, бір баласы екеу болғанда ырзашылықпен батасын бергізді. Заманында «КАРЛАГта жапа шегіп, Халық жауы деп жаладан жала атылып кеткен мына азаматтардың қанын кімге жүктейсіңдер. Ұлтымның алтын діңгектері, алып бәйтеректерін неге, не үшін құлаттыңдар?» деген ана азасына құлақ түрер ешкім табылмағанымен уақыт өз тыңдаушысына жеткізді. 25 жасында 24 келіде шығар-шықпас жаны бар жүзі жат жігітті адам еткен жанның мейірімінде шек бар ма. Қазіргі байрақтың астында жүргендер жігіт түгіл бейкүнә, балауса сәбиді бауырына басуға құлықсыз. Бәлкім пейіл-сүюі тардың жүрегінен сәбидің шаттығына орын табыла қоймас. Иә, сонымен, Данагүл дарыны «Ахметімнің ама-на-а-ты ғой» дей бергенде жарықтанып, иірімі ұйығып барып, Жаратқанның ұлынан бұйыртқан жыртысымен қауышар кезі өмірдің өзінен аумай қалған. Пьеса соңында ақ кимешек киген ел анасының көңілі жауыннан кейінгі керілгіш кемпірқосақтай түрленіп, шүкірлеп сала береді. Әртіс жасаған образ ұлттық тереңдігімен, көркемдік шындығымен, сахналық дәлдігімен дара шыққан. 

Жылаушы Д.Анарбай рөлі сахналық суреттеуде сондайлық шынайылық тапқан. Оның еңіреуі ерекше, өксік пен күлтүстес күлкінің табы бар. Әрекеттеріндегі сыртқы соққыдан реакцияшылдығы, оқыс қозғалысы, дайындықсыз-жасандылықтан тазалығы еріксіз сендіреді. Екінші пландағы кейіпкер екендігіне қарамастан назарыңды алады. Бұны бағалаған лазым. Бағы ашылсын деп тілек етеміз. 

Шығарманың соңғы секундтары идеологиялық жүктемеге арналған. Шаблондық үкімет шарты болса да, тарих торнадасында пана тапқандардың айтары бар. Тірлігінің әлсіз жарығы сөнер шағында, нөпір жұртқа қорған болып, сан мың рухты аманат етіп қабылдап, «көбесін бұзбай, араларын сиретпей, Отан-Аналарына жіберген» Қазақ халқына екінші, үшінші жақ тарапынан алғыс айтылады. 

«Өз Отанымды сүймегендіктен емес, сенің алдыңда борыштар болғандықтан, ынтымақтың ұясы, жерұйық мекен Қазақстан енді менің де Отаным» деп оралуы талай туған қандасқа ой салатын сауапты мойындау. Бірақ бүгінгі қалыптасқан жағдайға байланысты «Ынтымақты ұяға» қонақ болып кіргенді есіртіп, қожайындық құттағына қондырып, есік сындырып, таба-аяқ сындырып, сыртқа безе қалу жағын ескеру қажет. Орайы келгенде айтылған ой дерсіз. 

Пьеса поэтикасына зор энергия сіңіретін, алынбас қамал азу тісті сыздатып, жаныңды ұшыра жаздайтын нәзік талшықтың құдіретіндей не болу мүмкін? Ол, дөп деталь – шығарма бағы. Бұлар темір қасық-тостағандардың жамыраған сықыр-сықыры; ашқұрсақ бойға қуат дарытар құрттың ұнтағына дейін жерден жанталаса теріп, бармағындағы табын сорып талғажау еткен сәті; «теңіздің, балықтың иісі шыққан, әке жазуымен» жазылған хат. Мына көріністер шынайылығымен оның тұтас көркемдік сипатына кепіл болған. 

Әр образдың ішкі жан дүниесін толық жарқырата білу – кейіпкері көп пьессаға ауыр міндет. Сахналық реализм әдісіне негізделген тарихи-деректі драманың полифониялық платформасы кім-кімді де өзіне еріксіз еліктіріп, әсем әсерге бөлейді. Ақсқал мемуаршы Ахико Тецуроның жанды естелігі – туындының шындығын айқындауда алғышарттық тұщымды материалдар қорын құрайды. Көз көргенін көз ұшында тұрған қалпында қайта айтып берген қаһарманның аманат жаны аман болуы тарихтың құтты нәсібі. Егер жанды куәгер жарық әлемде болмағанда «синтездік өнер» ұжымы тәуір туынды жасап, көруші де соншалық шынайы сезіне алар ма еді?!

Материалдық жабдықтау бағамына қатысты декорациялық көркемдеуді жасаған суретшінің көркемдік ойлау жүйесіне күмәніміз жоқ. Қойылымның пластикалық шешімі – барлық мағынада да «сұлу». Декорация спектакльдің мазмұнын байытып, үн қосып отырады. Бір айналғаны шыр айналып, Зар заманы зорайып тар заманға айналды. Темір «шымылдық» түрме тынысының тарлығын жеткізуде зор кәдеге жараған. Оқпынды қақпанның тар өрісін кең сахнада ұқсата білген. Тұтқындардың тұрғын-тұрмыстық жұпыны жағдайын көрсетуде тозған түрме киімі мен әлсіз жарық көп сеп еткен. Жапон жеріндегі аура сакура мен аса сыпайы халық мәдениеті сәтімен туған. Кеңестік көзден қызартып қан шығару. Қызыл түс сахна өңін қию-қазанға үндестірген. «Алыстағы сорлы анамды сағындым» дейтін сезімтал жігіттің сағынышына сары жарық құю табылған ақыл. Шейіт болған ақтаңдақтардың ақырғы мезетіндегі ішкі ақтығы, жазықсыздығы – ақ киіммен, қаралы хабар мен абақты жапқандағы сырттағы туыстың қаралы күйі – қара жамылғымен әсерді еселей түскен. Мауыты-пайы, мақпал көйлек, қызылды-жасыл киімдер жарқын шақтың белгісі. Бәйтеректің мифопоэтикадағы «Өмір ағашы» ұғымын ғасырлар аударып қайта жандандыру, ескерткіш есебіндегі қуарған қара талға мән үстеу – көпмиссиялы методтың мәуесі. Бұлар режиссер мен қоюшы-киім суретшісінің еңбегі. «Ақын Ахмет атылып кеткен» деген суыт хабар оқылғанда хор ерекше эффект үстейді. Жапон халық музыкасы, Сот үкімі жарияланымы... тұтас қойылымға тұздық болған музыканың алар орны айрықша. Қатты-ақырын, үдеп-баяулаған саз ауысымдарында нақышына сай әшекей таққандай қуанышты әсерге бөленесіз. 

Бірде Ғабең (Ғабит) «Абайдан» алған алғаш әсерін «Сөз бен киім образдікі, образ пьесанікі, постановка Асқардікі» деп жеткізіп еді. Бүгін де бүтінді көрдік, көрдік те бейіл бердік. Сөз жазушыға, декорация суретшіге, образ әртіске бүйрек тартқыш дерттен ада тәуір туынды. 

Қорыта тұжырсақ, ӨМІР үшін күрес – адамның біз білмеген мүмкіншіліктерін ашатын, тарихи-қоғамдық формацияның, тұлға жағдайының өзгеруіне қарай жаңарып отыратын, түр-сипаты құбылмалы тақырып. «Түп мақсатым, көздегенім – ізгілік» деп бекіген авторға жаз ішін аралар ақ шағалалы үміт артамыз. 

Зерттеу түйініне сәйкес, «Ақтастағы Ахико» қазақ рухының резонансынан туған жалпыадамзаттық ортақ мәдени өнім. Халықтың ар-ұжданына ықпал жасай алатын, ата-баба аманаты мен өткерген нәубетінің жауаптылығын сезіндіріп, амал жүктейтін Қазақ театрындағы тың табыс. Жай табыс емес, ел талабы мен талғауын көтерген, қаталаған шөлін басып, көңіл жұбатқан ырысы мол табыс. 

Мың қарғаға бір кесек. Осылайша әлем жайлаған зұлымдыққа қарсы Алатаудың етегінде жан тазартып, ауырдан айыратын әуезді Ізгілік гимні шырқалды. «Қар жауды, із жоғалды» үкімі жүрмес, тұрақты қоржыннан орын алар, келешегінен үміткер дүние туды. Алып күннің нұры кемген күрең күзде матау көріп, «көзге көрінбейтін, ақ пен қараның, қараңғылық пен жарықтың арасындағы майданда», «қанішерлер мен ақыл-есінен адасқандар үшін жұмақ» болған жауыздар дұзағының бұғауын бұзып шыққан қаһармандар үшін ЕСКЕРТКІШ орнатылды. 

Күлтегін Аспанұлы

Ж. Жұмағұлов