Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Проза / Қалихан Ысқақ. "Бұл үйдің қандаласы қайда кеткен?"

Қалихан Ысқақ. "Бұл үйдің қандаласы қайда кеткен?"

Қалихан Ысқақ.

Жазушы, драматург, кинодраматург, Қазақстан  Республикасы  Мемлекеттік  сыйлығының, Жамбыл  атындағы  халықаралық  әдеби  сыйлығының, Ғ. Мүсірепов  атындағы  әдеби  сыйлықтың  лауреаты, Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері Қалихан Ысқақтың көзі тірі болғанда бүгін 84 жасқа толған болар еді.

Қалихан Ысқақ  1935 жылы  14 наурызда  Шығыс  Қазақстан  облысы, Қатонқарағай  ауданының  Топқайың ауылында  дүниеге келген. Қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосқан қабырғалы қаламгерлердің бірі.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Мәскеудегі Мемлекеттік кино жанындағы режиссерлер мен сценаристердің жоғары курсын бітірген.

Проза жанрында  жазушының  көптеген  әңгіме, повестер  жинақтары, жеке  романдары  жарық  көрді. Олар: "Дос  хикаясы", "Менің  ағаларым", "Бұқтырма  сарыны", "Қоңыр  күз  еді", "Тұйық", "Қара орман", "Березовая  роща", "Кедры  высокие", "Жарық  дүние", "Ақсу - Жер жаннаты", таңдамалы  шығармаларының  бес  томдығы. Жазушының  жекелеген  повесть, әңгімелер  жинақтары, романдары  орыс  тіліне  аударылып, "Советский  писатель", "Художественная  литература"  баспаларында  басылып  шықты. Кейбір  таңдамалы  шығармалары тәжік, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, украин, шешен, болғар, чех, славян тілдерінде аударылды.

"Ақсу – Жер жаннаты" романы 1992 жылы  егеменді  Қазақстан  Республикасының тұңғыш Мемлекеттік сыйлығын алды.

Аударма саласында Л.Толстойдың, А.Чеховтың, И.Тургеневтің, А.Куприннің, И.Буниннің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Нобель сыйлығының лауреаттары болған жеті драматургтің пьесаларын қазақ тіліне аударған.

Қалихан Ысқақ көркемсөз өнерінде қайталанбас суреткер. Оның қаламынан туған әрбір кейіпкер, әр сөз әдебиеттің алтын қазынасы. Назарларыңызға қаламгердің бір повесін ұсынамыз.

Бұл үйдің қандаласы қайда кеткен?

(повесть)

Торғайдан бұрын оянып алған Қызылкөз түскиіздің астын көтеріп, төсеніштегі текеметтердің жықпыл - жықпылына дейін түк қоймай тінткілеп жатыр еді. Бір көзі жұмулы, сыңар көзімен көрпенің шетінен сығалаған Мырза:

— Бірдеме жоғалттың ба? — дегенде селк етіп шоршып түсті де ежірейе қарады.

— Ойпырау, бұл үйдің қандаласы қайда кеткен?—деп қымбат дүниесінен айырылып қалғандай абдырап отырып қалды.

Тыныш ұйықтап шыққанына да қиналған түрі бар. Түнімен тыр-тыр қасынып, сиыр сәскеге дейін қандала мүңкіген қақ текеметтің үстінде быршып жататын қайран күнін аңсаған сияқты. Қайтсын, қазыққа қасынып үйренген қыршаңқы қурайға да сүйкенеді. Мырза жастықтан басын көтерместен қитығып жатып айғай салды:

— Нұрбике!..

Тамағынан талшық өте қоймаған таңғы дауыстың тарғылданып шығатын әдеті, Веттехниктің жарықшақ айқайынан қапсырма есік өзінен-өзі жарылып кеткен сияқты еді, шала ұйқы Нұрбикенің дудар басы жыртықтан үрке сығалап тұр екен.

— Әй, бәйбіше, ышқырыңды ақтарып мына қайнағаңның дамбалына бір-екі бит салып берші.

— Не дейді?!

— Қасына алмай қор болып отырғаны... Маңдайға бітпеген қандала деген ырысты қайдан тауып береміз!..

— Сен осы жынданатын шығарсың! - деп Нұрбике жарты бетін есіктің жыртығынан жұла қашты.

Ертеңгісін езуіне сынық сықпа тістеп көрмеген Қызылкөз шайға шақырғанда "тағы да мұнысы несі?" дегендей Нұрбикенің дастарханына жатсына қараған. Түннен қалған кәрі жіліктің мүжуірін алдына таман сырғытып, кәрі жіліктен де кәртәміш алқымы имиген қара пышақты қолына ұстатқан Мырза өтірік те болса шалқып қалғысы келді:

— Балықтай байталдың жылы - жұмсағынан ауызды қақтың, енді сиырдың сіңірін созғылайсың, — деп өгей шалды тағы да тықсырып, онсыз да жозы басына симай отырған байғұсты онан сайын пошыратып қойды.

Айкүмістің ашыған айран, көк аяз көжесіне де кепиетсіп көрмеген көмпіс ауыз, әттең келіннің кірпияз қолы мен кір шалмаған кесесін жатырқап отырған да, әйтпесе алдында жарты түйе жатса да жайпап шығар еді.

— Кісі таң атпай тамақ ішетін бе еді? — деп тартынған болды.

Өңшең боқ - шалақтың ортасында үйреніп қалған бас есік үйде таласып - тармасып түнеп қалған сорпа мен суық қамырға танауды тығып жатқан балалардың арасына кіріп-ақ кеткісі келіп отырғанын Мырза сезгенмен Нұрбикенің жалған намысы да қазір хан тілегін де қабылдай қоятын түрі жоқ еді. Осы үйге келін боп түскенде әлде бір ақынсымақтың зорлығымен сәлем бергені болмаса мынау бет-аузын жүн басқан қанардай басты қайтып көрген де емес.

Үйге кісі келсе болды, Нұрбикенің аңдитыны Мырза. Үлкен-кіші демей келген-кеткеннің қырық жылғы қыршаңқысын қасып, қырық жыл бойы ішінде сақтаған қалжыңына қақалтып тастап қарап отыратын қырсық мінезінен запы. Ат үстінде жүріп біреудің жыртығын, біреудің тыртығын көрегеш боп алған Веттехникке еркектің бәрі нағашы, ұрғашының бәрі балдыздай кірген - шыққанның басы мен балағына бір сабақ ала жіп іліп жібермесе көңілі көншімей қалатын ауруы. Азабын көтеретін байғұс Нұрбикенің дастарханы. Біреулер елу жыл бұрынғы ескіріп қалған есесін қайтаруға келсе, біреулер боқтық естіп қайтса да разы. Шайдан тамаққа, тамақтан араққа дейін таусылмайтын қағытпадан біреулер жынынан айырылып кетіп жатады, біреулер жынданып кетіп бара жатады. Қазаны оттан түспейтін болған соң бұл үйге отын жетпей Нұрбикенің үнемі қарыздар боп жүретіні де осыдан. Күн сайын басып жататын қонақтан байының қойнында емін-еркін керіліп жатпағаны былай тұрсын, бір кесе шайын маңдайы тершіп, оңаша қалып ішпегеніне қай заман. Бастықты іздеген жұрт та осында келіп, бала-шағаны қуалаған бая қатын да осы үйді табатынын қайтерсің. Әйтеуір бәрінің сыбағасы дайын: бірінің нәпақасы Нұрбикенің асынан, бірінің мүшесі Веттехниктің аузынан. Солардың бірі, әзілі ме, шыны ма.

— Қарағым - ау, мынаған қорықпай қалай қатын боп жүрсің? — дейтіні бар.

— Бұ кісі кержақтау ғой, қазақтың әулиесі кім, әуейі қайсы, қайдан білсін, — деп жауапты да Веттехниктің өзі беретін.

Төңкеріс пен кәмпескенің кезінде қашып кеткен, аштықтың кезінде ауып кеткен біраз түтіндер Алтай өлкесінен қайтып келіп, ата жұртым деп пұшпақ - пұшпаққа жалтақтап қона бастап еді, солардың бәрі бүгінде кержақ атанып, жұма намаз бен жаназаға жүгірмейтін ұрғашы байғұс Нұрбикенің кержаққа да қатысы шамалы еді. Байға тиейін деп отырғанда, той үстінде тамам елді ұлар - шу қылып, ту сонау қатынсудың арғы бетінен бір түнде алып қашып келген өзі еді. Аяғымен келген бұл жоқ, аяп әкелген ол жоқ. Үріп ауызға салғандай үлбіреген жас қызды мәстектеу күйеу жігітке қимай, кәдесін бермек түгілі уәдесін де алмаған, аты-жөнін де сұрамаған, еркектің иісін, тірліктің күйісін сезе қоймаған бәле шіркінді албастыдай басты да алды да кетті. Әйтеуір, Нұрбикені разы қылатын Веттехниктің бір қасиеті — өмірі нең бар, нең жоқ деп сұрамайтын. Қатыны бухгалтер болған соң айлық жалақысының да қанша екенінен хабары жоқ, күні бүгінге дейін ақшаның мөрін де көзімен көрмепті - ау.

Жүз кісі келсе бірінің атын сұрамайтын, хан келсе де, қайыршы келсе де асын бұлдамайтын Нұрбикеге Веттехниктің оң-терісі бірдей. Қабағына қарамайтын, табысын санамайтын Нұрбикенің кісінеп отырғаны да, кісімсіп отырғаны да Веттехниктің де пәруейіне кірген емес.

Имиген қара пышақты қыңсылатып кәрі жіліктің ақ жоңқасын шығарған Қызылкөз енді үңірейген өңешіндегі кемік майды шұқылай бастағанда иттен те қызғануға тұрмайтын мүжуірді қимағандай: "осы үйдің боқташағына да бірдеме қалсын да" деген Мырзаның күңкілінен тамағына тас тығылғандай кекірейді де қалды.

— Албасты келді! - деп сүт қасығын түсіріп алған Нұрбике сиырдай ала мысықпен еденге жарыса ұмтылып еді, жыбырлағанды тірі жібермейтін жауыз неме жалап та үлгерген екен, ожаудай қасықпен қасқа маңдайдан салып жіберетіндей күйеуіне ожырая қарады.

— Байғұстың тісіне сыздық қылатын осы үйде тышқан да қалмапты, жұрт жілік ұстап ақмұрт боп жатқанда ол шіркінге қасықтың қаспағын бұйыртпаймысың, — деп Веттехник дастархан басында өзінен басқа жан жоқтай айдалаға сөйлеп отырып асжаулықтың етегімен аузын сүртті. Осының өзімен - ақ қатын байғұсқа қасақана артық жұмыс тауып бергендегісі.

Қара жұмыс пен ыстық - суықтан тоң боп қалған томардай саусақтары кесенің жиегіне сыймаған соң Қызылкөз алақанына қондырып алып ыстық шайды қауып-қауып жіберді. Әншейінде бұлауға салсаң жіпсімейтін тас маңдайы ертеңгі шыққа көмілген тарғыл қауынның түбітті түгіндей мөлтілдеп отыр екен. Қалжасы жақты ма, әлде Веттехниктің қалжыңы батты ма, әйтеуір жаратылысынан бері көрмеген мынау сыпайы сияпаттан әбден балқып отырған сияқты.

Бөтеннің аты бөтен - ау. "Өз үйім - өлең төсегім" дегенді тұңғыш рет есіне алған Қызылкөз, Нұрбикенің қалампыр қатқан ақсүйек шайына Айкүмістің шалабыңдай көні қанбаған соң далаға жұрттан бұрын шығып кетіп еді, Веттехник іле-шала қуып жеткенде әлдекімді рахаттана боқтап, айызын қандыра желкесінен сыбап жүр екен.

— Өй, әкеңді!.. Танымайды - ей! - деді.

— Ақыры боқтағың келіп тұрса көзі бүтін біреуді таппадың ба. Соқыр жағыңда тұрып па едің, әлде оңтайында тұрып па едің?

— Қатқаны көрмесін бе! Өй, әкеңді!.. Қайтып көрмейтіндей боп бара жатқанын қарашы!.. Жетпіс жетіңді!..

Қызылкөздің жынын қоздырған Жотабайдың Шоқырбасы екен. Өң - терісін адастырып жұрттың көңілі үшін екі-үш күйді тықылдататын қолының жол жорғасына бола Соқыр Есжан атанып, соның өзіне жалғанды жарылқап тастадым деп бір сабақ жіпке дейін жұртқа міндет қылатын салығы бар. Қызылкөздің боқтығы желкесіне батқандай артына оқырайып бір қарады да ауыл итіне айбар қылып ұстаған қарағайдың қу бұтағын қасат қарға сыңсыта қадап тұра жөнелді.

— Бұл ит сабаннан да сарай тұрғызатын шығар! — деп Қызылкөз боқтығы таусылып қалған соң жетпіс жетіден әрі аса алмай қашаның аузынан тоқтады. — Бүтін нәрсені бүлдіріп, ырситып кеткенін көрдің бе!..

Шаруасы болды ма, әлде шайдың иісін сезді ме, әйтеуір Шоқырбас осы үйге бір келуін келген, есік көзіндегі көкала Дөрбіннен жасқанып, киіп-жарып кіре алмай, үйден ешкім шықпаған соң шарбақтан бір бұтақты суырып жатқанда Қызылкөз шыға келген. Осыны іштей топшылап тұрған Веттехник шарбағының ырсиып қалғанына емес, біреудің ауласынан аңдусыз жатқан шырпы көрсе іле кететін сумақай қолдың нахалдығына кейігісі келіп еді, бір-бірінің міндетін ауырсынбайтын, ауласы тұрмақ амбарына құлып салмайтын ағайын арасына Алтай өлкесінен жарым кержақтарға ілесе арақ пен ұрлықтың да ауып келгені есіне түсіп, Шоқырбастың қолында жалғыз таяқ емес, жалғыз атының кетпегеніне қуанды.

— Осыны да үй деп... Осы да үй ме?! — деп Қызылкөз ауланың түкпір - түкпірін тінтіп жүр екен. — Бірдеме шашылып жатпаған соң, бірдемеге сүрініп жығылмаған соң бұл да үй болып па!..

Шарбақтың үңірейіп қалған жыртығын жамай салуға ең болмаса сабаудай шыбық таппаған Қызылкөз Веттехникке таңдана қарап шырт түкірді. Төсегіңнен тұрмай жатып шіреніп едің, сенің де артың белгілі екен ғой дегендей.

— Бұл иттер қалай күн көріп отырған? — деп боқтамаса да таңнан бергі есесін бір қайырып тастады.

Басынды қалай бұрсаң да маңдайыңды ағашқа соғатын Бұқтырманың бытқылында тұрғандай, біреудің құнтсыздығын сөгетін Қызылкөздің де реті жоқ еді. Соқырға дейін сәлемін алмай, сыңар көзімен оқшырая бір сүзіп: сені қайдан көрдім дегендей кісіге де санамай кеткенін әлі кешіре алмай тұрғаны.

— Өй, әкең!.. Танымайды ей! —деді тағы да.

Қызылкөздің қапа болатын да жөні бар еді. Шалғынына атан шалынып жығылатын мұқым Алтайдан тулақтай жер таппағандай шөп шабамын деп бір келіп, соқыр тұрмақ тағының өзін адастыратын есік көзіндегі қалың нудан бұрау таппағандай жер түбінен отын іздеп екі келетін, жетпіс жеті атасынан бері сүйкенісіп көрмесе де жұрағатшыл бола қалатын қазақта қарын бөле аз ба. Заимкедегі жалғыз үйге сәлем бергеніне де ханға қамқа, қатынға қалжа байланып келгендей жарылқап тастадым деп бұлданатынын қайтерсің. Мың жылдық құдасындай қиқиып келіп, қисайып жатын босағасын босатпайтынның бірі осы Соқыр Есжан еді. Қатық берсең қаймағыңнан дәмететін, қасынып отырып та қатыныңа көз қысатын сүйкімсіздің де кісі бола қалғаны Қызылкөзге қатты батқаны! Біреудің шарбағын қасақана сындырып, көзге шалынып қалған соң қысылғаннан зытты ма, Қызылкөзге бәрібір еді. Қызылкөзге керегі — жалпақ елдің ортасында тұрып та жалғызсырап қалғанда Соқыр Есжан айналып келіп қолының ұшын ұстатып кетсе де кісі боп қалатын еді. "Қаладағының бәрі ит!" — деді. Жетім үйдің мұржасынан басқа түтін көрмеген саяққа бес үй де қала. "Бұлдағаның бір самауыр шайың шығар. Түкірдім сенің шайыңа!". Аттың арам теріне де жетпейтін мына тұрған заимкеден ұзап кеткеніне де өкінді. "Өй, әкең!.. Мен осында неменеге келдім ей?!"...

"Осы ит болмағанда!.." Қора аузында қысыр құнажынның суғарынан иіс алған қанағатсыз бұқадай әлгінде ғана шылымын танауынан ширатып, ыңыранып тұрған Веттехниктің қақпадай жауырынын да таппай қалды. Тапқанда да қиратары шамалы еді. Қарайғанда қатынынан басқаны тыңдай бермейтін тоңмойын Қызылкөз, не пәлесі барын, әйтеуір осы Веттехникті көрсе – ақ құрсақтан бергі қарызына борыштар болғандай алдына түсіп борсаңдай жөнелетіні бар. Мырзаның пысынан жасқансын, Өтеу десе о баста-ақ өті жарылғандай кіржие қалатын әдеті еді, соған да төбесі көрінер ме екен деген үмітпен екі ортадағы қисық соқпақты аңдып еді, кір кепешін миқита киіп алған мешел баспанасы міз бақпай мелшиіп отыр екен. "Алдын аш ит кесіп өтпейтін, қазанына қақ тұрмаған бұл неме де бұлданады ә?!".. Кешегі спирттің әсері ме, іш қатпарында мәйек тілеген қаңылтақ бір діріл де бар. "Қап, Мағрипаның сырасы да пісіп қалып еді - ау!.."

Мал мен бал қазақтың қотанына қатар сиған ба, өзімнен басқа тірі пендеге кіріптар емеспін дейтін Қызылкөз кейде араластық үшін болса да кержақтармен алыс-берісін дәнекерлеп қоятын: әйтеуір құрық ұстаған соң айдағаныңның азы не, көбі не, біреудің ақсақ - тоқсағын, біреудің бұзау - торпағын табынға қосып алып, ара-тұра көзіне түскенде ғана ысқырып қойып жата беретін, ақы-пұлына бала-шағаның алданышы деп көкөніс пен жылға жетер бал сыраның жемін айтқызбай - ақ өздері әкеліп тастайды. Ашытқан балсырасы өзінен де тәтті болған соң Айкүмістің қабына жетпей Мағрипаның қазанында қалатын ұсақ-түйектің ұзын - ырғасын Қызылкөз де есептеген емес. Екі жыл еркек көрмеген керіскедей қысыр келіншектің қойнынан да тәпі бал сыраның дәмі қандай екенін Қызылкөздің өзі болмаса, басқа жұрт татып көрді ме екен?..

Құлынсыз тұрған кілеттің есігін қымтаймын деп бас сұғып еді, ырсиған адалбақаның ашасында жаңбырлы күнгі қу бұтаққа жармасқан қарғалардай солбырайып күздіктен қалған сиырдың сынық жамбасы, соғымға деп әкеткен ту биенің бір аяққа жетер-жетпес жұрнағы ғана қалыпты. Жылқының жаясын қимай, сіңірі қырық жыл сүйреткен кебістің көнсірісіндей қақпыш боп кеткен сиырдың кәрі жілігін бұлдағанын Қызылкөз қаперіне де алған жоқ, адалбақанның босап қалғанына өкінді: "бұлардың тамақ жеуден басқа жұмысы жоқ па?!" — деп Веттехникті тағы да бір сөгіп алды. Жейтін ауызға түйе тықсаң да аз тығын, баққанға жетім тоқты да көп шығын. Таңнан тауық қонақтағанға дейін тамақ аңдитын жатақтардың ындынынан жалмауыздың аранын көргендей, тағы бір тұяққа пышақ таянып тұрғанын сезді де кілеттен қарны ашып, қылтиып шықты.

Қора атаулыны түгел тінтіп, үйді үш айналып шыққан, өмірі боқ күреуден басқа түк көрмеген байғұс қайтып кеп тағы да сиыр қорада тұр еді. "Ойпырмай, ит - ай, осыған өзін қамап қояр ма еді!.." Сағдары мен тезегі аралас сарсідік қатпар-қатпар мұз болып төбені түрте бастапты, әр жерден сылп-сылп таңдай қаққан жазға салымның сарала тамшысы саркідір қатынның желімқаптан едірейген бүйен емшегіндей бұрыш-бұрышқа діңкитіп -діңкитіп томар үйіп қойыпты. Адамнан көрі малға жаны көбірек ашитын Қызылкөз жалма - жан босағада сүйеулі тұрған ләм мен күрекке жармасқан...

Ақ тер, көк тер болып бусанып алған соң кеудесі көріктей желпініп, кәдімгідей адам болып қалған Қызылкөз былайғы дүниені ұмытты, үш дүркін келіп, қиылып шақырған Нұрбикенің түскі тамағына да барған жоқ.

— Мал көрдік дейді!.. Мал бақтық дейді!.. Ертең қый қызады, бауырынан ыстық, өтсе саулық іш тастайды. Беттехникпін дейді еще!.. Жегенде сондай! — деп бет-аузын дұрыстап жаттап та үлгермеген "келін шырағын" тарпа бас салды.

Басқа тұрмақ байынан бақырауық сөз естіп көрмеген Нұрбике бір қап жүннің жықпылынан шақырая қалған суық жанардан қатты шошып, жемтігін жұлмалаған ашқарақ аюдай арпалысқан Қызылкөздің күркірінен саулық тұрмақ буаз болса Нұрбикенің өзі де іш тастап кеткендей еді, тұрған бойда күрекпен жатқызып жіберетіндей жансауға деп "келін шырағы" тұра қашты.

Өзімен өзі күбірлеп жүріп, күңкілдеп әлде кімдерді сөгіп жүріп қой қораның қыйына дейін ойып тысқа тасып үйді де уһ деп біраз дем алған. Сонау қашқын кезінен қалып па еді, әлде қатын алғанда киіп пе еді, оны өзі де білмейді, әйтеуір жатса жамбасынан, тұрса иығынан түспейтін шолақ тоны мен қыл сасыған суыр құлақшынын тауып киді де он саулық, қасқа сиыр мен қызыл торпақты ашық шарбаққа қамап, шөп шашты, жем науасы құмалаққа толып қалған екен, сыбыртқымен тазалап, іргеге төңкерді де қонжия кеп отырды. Сонда ғана "құдай қосты" дейтін қосағына әуелде құл болып қолына кіргені есіне түсті. "Әй, бұл не сор?" Осы менікі не сор?!".

Дайындаған: Нұржамал Үсенова
Фото: коллаж
Қосылған күні: 14 наурыз, 12:38

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.