Мен бақытқа осылай қол создым!

Мен бақытқа осылай қол создым!

Ерғанат Қуатбекұлының бала күнгі әңгімесін ұсынамыз.

Ол екеуміз тел өскен қозыдай қатар жүрдік. Күн ұясынан көтерілген шақтан бастап, қайта қонған кезге дейін аулада асыр салып, ымырт жабыла әжелерімізден ертегі тыңдап, батырлар жырына сусындап өстік. Сонда менің бала көңілімнің көгершіні өзімді Қобыландыға, Алпамысқа теңеп, Әсемді Құртқа мен Гүлбаршындай көруші еді. Ал қыз көңілі нені қиялдайтыны сұрақ белгі қалпында қалатын.

Қызықты өткерген ойын күндері  артта қалып, мектепке бардық. Бір сыныпта оқыдық. Бір партада отырмадық. Қасына төменгі көшеде тұратын дәу қара Ернат жайғасты. Мен болсам бойымның аласалығының арқасында партаның алдынан орын алдым... Алғашқы күндері жұбымыз жазылмай жүрген. Кейіннен ол қыздар арасынан құрбы тапты ма, ақ бантиктілерден ажырамайтын болды.  Ал менің сыртынан бақылап отыру негізгі қызметім болып қалды. Басқа балалар ойнап тиіссе қызғанбайтын едім. Тек  Ернаттан ғана...

Оқудан үйге қайтқан күндердің бірінде Әсемге өз сезімімді білдіргім келді. Бірақ, әңгімені неден бастарымды білмеймін. Әжем айтып берген Алпамыс жырындағыдай қамқор болсам, онда Гүлбаршын сияқты тоңы жібір деген үмітпен:

–  Әкел сөмкеңді көтерейін- дедім. (Даусым қатты шықса керек).

–  Сен кіп-кішкентайсың ғой, қалай көтермекшісің? Өзім-ақ көтере беремін. (Шамданып қалды,білем).

–  Алпамыс  бұдан да ауыр дүниені көтерген, оның жанында бұл ештеңе емес, әкел...

–  Ой, Алпамыс сенің жасыңда дәу жігіт болған. Сен Алпамыс емессің. Ал, Ернат Алпамысқа шамалы келеді.

Ернатты айтса төбе құйқам шымырлап кететін әдеті бар. Бұл жолы да сол диагноз ұстады. Сезімімді білдірмекші болған әңгімем сәтсіз аяқталды.

Бір күні ән сабағында отырғанбыз. Апай жоқ болатын. Қасымдағы парталас Жандосқа махаббат тақырыбындағы әңгімелерді бастадым. Бірақ сұрақты алғаш болып Жандос қойды:

–  Нарбала, осы сенің жақсы көретін қызың бар ма?

–  Бар, сенікі ше?

–  Менде де бар, өткен бір тоқсан қалада оқыған едім ғой. Толқын деген староста қыз болатын, соны... Ал, сенікі?

–  Құлағыңды әкел, естіп қоймасын.... Әсем!!!.....

–  Ой, өзіміздің Әсем бе?

–  Тыныш. Иа, соның өзі.

Жандос сып беріп жанымнан тұрды да кетті. Бір қарасам Әсемнің жанына жайғасып жатыр.

–  Ей, айтпа, - дегенімше болмады. Барлық істі жайғап тастады.

Мен қандай көңіл-күйде қалды дейсіз ғой. Әрине, ойландым, сосын барып Жандосқа ырза болдым. Түпкі ойлаған мақсатымды түбегейлі орындап берді. Айтылмай жүрген сөз айтылды. Қысқасы, мен бақытқа осылай қол создым! 

сурет:lavtor.ru

Л. Лига