Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Проза / АҚШ-та да қазақ әдебиетін құмарта оқитындар көп

АҚШ-та да қазақ әдебиетін құмарта оқитындар көп

АҚШ-та да қазақ әдебиетін құмарта оқитындар көп

Қазақ әдебиеті, оның дамуы мен тарихы шет мемлекеттерде үлкен қызығушылыққа ие. Ал ұлтымыздың мәдениетін, әдебиетін насихаттау − келелі іс. Осы орайда елімізді, әдебиетімізді америкалық оқырманға таныстыруды қолға алған АҚШ-тың Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазовтың еңбегін ерекше атап өтуімізге болады.  Профессор М.О.Әуезов атындағы Әдебиет жә­не өнер институтымен бірігіп қазақ ақын-жазушыларының антологиясын шығарды. Ал жақында Вашингтонда үшінші кітаптың тұсауы кесілді. Тұсаукесерге АҚШ Конгресінің өкілдері, белгілі саясаттанушылар мен әдебиетші ғалымдар қатысып, оның еңбегіне жоғары баға бергенін айта кету керек. Аталмыш еңбектің жаңалығы мен мән-маңызы хақында кітап авторымен әңгімелесудің сәті түсті.

– Сіздіңше, жаңа кітаптың ерекшелігі неде?

– Жалпы қазақ ақын-жазушыларының антологиясын Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет жә­не өнер институтымен бірігіп шығарып отырмыз. Үшінші кітап – "Summer Evening, Prairie Night, Land of Golden Wheat" деп аталады. Мұнда біз қазақ ақын-жазушыларының экология, туған жердің сұлулығы, әсемдігі, Отанға деген махаббат, қоршаған орта тақырыбына арнаған шығармаларын іріктедік.  Алғашқы екі кітабымыз шетел оқырмандарынан оң баға алды. Үшінші антологияға қазақтың бас ақыны "Абайдан" бастап бүгінгі ақын-жазушылардың шығармаларын жинақтадық. Бұл еңбек қазақ елінің дарқан даласы туралы, табиғаты жайында  АҚШ-тағы оқырмандарға кеңірек түсінік берді деген ойдамыз. Біз қазақ әдебиеті арқылы адам мен табиғат арасындағы үндестікті көрсетуді мақсат еттік. Бүгінгі Батыс өркениеті Жер-Ана мен аяулы Табиғатқа техно­кратиялық көзбен қараса, ал қазақ елінде табиғат пен адамзат үндестігі алға шығады. Бұл Америка сыншылары мен әдебиеттанушы-ғалымдарын да қызықтырып отырғаны сөзсіз. Қазақ поэзиясының тарихында  Абайдың "Күз", "Қыс", "Қансонарда бүркітші шығады аңға" секілді жауһарлары жұлдыздай жарқырап, өлеңдегі ақындық шеберлігі өзге де  шайырларға жол көрсет­кенін жақсы  білеміз. Ал Ыбырай Алтын­са­риннің "Өзен", "Көктем", Жамбыл Жабаев­тың "Алатау", "Жаздың әні" атты өлеңдері өз алдына бір мұра. Кешегі Алаш арыстары С.Торай­ғыров, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жанс­ү­гіров сынды классиктермен қатар, бүгінгі әдебиеттің көрнекті өкілдерінің туындылары Ұлы Дала ерекшелігін, халықтың рухани жан-дүниесін, айшықтап таныта түседі. Кітап негізінен поэзия  және проза деп аталатын екі бөлімнен тұрады. Үшінші бөлімді шығармаларда пайдаланылған байырғы сөздерге арналған түсіндірме сөздікке арнадық.

– Табиғат пен адам арасындағы үндестік тақырыбын таңдауларыңызға не түрткі болды?

– Табиғат пен адамның үндестігі  қазақ қаламгерлерінің негізгі тақырыптарының бірі деуімізіге болады. Бұл орайда қазақ прозасында Мұхтар Әуезов жасаған қайта­ланбас эстетикалық әлем – адамзат мұра­сы. Мысалы, "Көксеректегі" адам мен қасқырдың байланысы Дж.Лондон мен У.Фолкнер шығармаларымен үндес, сарындас бола тұра, қазақ жазушысы ұлттық ортаның ерекшелігі мен оның суретін керемет дәлдікпен бере алған. Сондықтан осындай ерекшеліктерді әлем жұртшылығына көрсетуді ойладық. Қазақтың аңыз-әфсана, ертегі, жыр-толғау, дастандарында көшпенділер өзін табиғаттан бөлек қарастырмай, табиғатпен етене  санап, соған сай өзіндік философиясы, ішкі әлемі қалыптаса бастағанын аңғару қиын емес. Көп­теген қазақ ертегінде кейіпкерлер жануар­лардың тілін ұғып, өсімдіктермен сөйлеседі, бұлақтардың көзін ашып, жапандағы бәйтеректі әулие тұтады. Дегенмен қазіргі уақытта адамдар қоршаған орта мен дәс­түрлі сенімдерді ұмытып, табиғаттан  алыстай бастағаны шындық. Осы күндері адамның қоршаған ортаға зиян келтіруі жаһандық мәселеге айналды. Осы тұрғыдан бұл үш кітап оқырмандар арасында әсемдікті насихаттауда өз септігін тигізеді деп ойлаймын.

– Оқырмандардың әсері қандай болды?

– Біздің оқырмандарымыз Қазақстан жайлы көбірек біліп, әдебиетімен, мәдениетімен танысқысы келеді. Американың жоғары оқу орындары мен колледждерінде әлем әдебиеті деп аталатын пән бар. Соның ішінде Орта Азия елдері әдебиеті дегенде қазақ әдебиетіне қатысты дүниелер жоқтың қасы. Міне, сондықтан  қазақ әдебиетінің антологиясын жасау идеясы туындады. Алғашқы кітап – Олжас Сү­лей­менов шығармашылығына арналды. Екінші жинаққа – "The Stories of the Great ­Step­pe" деп атадық.  Яғни мұнда біз көшпенділер мәдениетімен таныстыратын шығармаларды жинақтадық. Ақындардың табиғат болуын ашатын өлеңдерін сұрыптадық. Мен баспаларға барып: "Қазақстан туралы кітап шыға­ра­йық" дегенімде, "Жоқ, оны ешкім сатып алмайды. Өйткені Қазақстан тура­лы ешкім білмейді. Ол үшін университеттерден қазақтану курсын ашу керек..." деген жауаптар естідім.  Колумбия университетінің бас­шы­лығына жолығып, курс ашу жөнінде ұсыныс жасап едім, олар: "Жоқ, ол үшін оқулықтар қажет. Онсыз болмайды..."  деді. Алайда алғашқы кітаптың тұсаукесеріне келген оқырмандарды, кітаптың тіпті жетпей қалғанын көргенде Қазақ еліне қызығушылық үлкен екенін ұғындым.  Қазір алғашқы екі кітап АҚШ-тың жоғары оқу орындарында жетекші оқулық ретінде пайдаланылып келеді.

- Үшінші кітаптың тұсаукесері  қалай өтті?

– Кітаптың тұсаукесері Вашингтонда АҚШ Конгресінің кітапханасында өтті. Тұсаукесер рәсімі Қазақстан Тұңғыш Президенті күнімен тұспа-тұс келгенін айта кету керек. Шара жоғары деңгейде өтті. Тұсаукесерге қатысқан М.О.Әуезов атындағы Әдебиет жә­не өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан мұндай жұмыстағы басты мақсат – Қазақ елін таныту, қазақтың бай әдебиетін барша жұртқа таныстыру екеніне ерекше тоқталды. Кітап көпшілік тарапынан жоғары баға алды. Мәселен, конгрессмен Роберт Адерхольт өз сөзінде Қазақстанның бай мәдениеті мен әдебиетімен таныса отырып, екі ел арасындағы ұқсастықтарды да байқағанын жасырмады. Конгресс кітапханасына аталмыш кітаппен қатар Елбасының еңбектері де тарту етілді. Ал АҚШ Конгрессі кітапханасы директорының орынбасары Коллин Шоган ҚР-ның Елшілігіне алғысын білдіріп, осындай құнды еңбек Қазақ елімен кеңінен таныс болуға септігін тигізетінін баса айтты.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

– Елтану бағытында әлі көп жұмыс жасалуы керек. Әсіресе, сол Америкада тұра­тын қаламгерлер, ғалымдар, зерттеушілер қызығушылық танытып, Қазақстан туралы көптеп мақала жазып, кітап шығарып, елімізді барынша таныстыруы қажет. Төртінші кітапты шығарсақ деп жоспарлап отырмыз. Қазақстан халқының  бірлігі мен ынтымағы хақында болмақ.

– Сұхбатыңызға  рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақбота Исләмбек

Дайындаған: Серікбол Ерсін
Фото: Ақбота Исләмбек
Қосылған күні: 14 желтоқсан 2015, 21:19

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.