Жылаумен өткен жетім жылдар (хикаят) #2

Жылаумен өткен жетім жылдар (хикаят) #2

Басы...

Есін білгелі ол жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатты. Мұнда өзі сияқты қаншама жәудір көздер бар. Орысы, қазағы, басқасы, бәрі бір шаңырақ астында тағдырдың теперішін көріп, мейірімге зәру болып өсуде. Иә, бұл үйде тамақтан да, киімнен де таршылық жоқ. Уақтылы тамақтандырады, киіндіреді, жуындырады, сабақ оқытады. Бірақ, оларға сонда да бірдеңе жетіспейтін. Ол — ананың аялы алақаны, әкенің мейірімі. Әсіресе бұл үйге ес біле орныққандар, әке-шешелерінен енді айырылғандар күн-түні жылап, шешелерін іздеген уақыттарында, оларға қосылып бұлар да жылап алатын. Сабира да солардың қатарында.

— Мамалар қандай болады? - деп сұрайды кейбірінен.

— "Мама" дегендер сонда мейірімді. Олар біздің апайлар құсап ұрыспайды. Жұмыс істеткізіп қоймайды. Айтқаныңның бәрін әпереді, еркелетеді, қыдыртады.

Осындай сөздерді естігенде Сабира қиялданып кетуші еді. "Менің де мамам, папам болса ғой..." Иә, осындағы әрбір баланың арманы ғой бұл. Расымен мұнда ересектеу балалардың жағдайы соншалықты мәз емес еді. Өздерінен үлкендеулері кішілеріне тиісіп, ұрып, заттарын тартып алып немесе түрлі жұмыстар істеткізіп қояды. Тәрбиешілер де ересектерге қаталдау. Ұрып та алатын кездері бар. Еденді жудырып, басқа да тірліктер істеткізіп жатады. Осындайда кейбірінің осы күнге дейін өздеріне баспана болған мына "қарғыс атқыр" үйден қашып кеткілері келеді. Бірақ, қайда барады, кімді барып паналайды? Кім бұларға тамақ беріп, кім киіндіреді? Осы жағын ойлағанда райларынан қайтады.

Тәрбиешілерді де түсінуге болатын шығар. Азғантай адамның мейірімі сонша балаға қалай жетсін? Бәрі жамырап шуылдағанда милары ашып, жүйкелері сыр берсе керек-ті. Үйдегі өз балалары аз болғандай, енді мына жақтағы шуылдақтар қосылғанда, төзімдері таусылып, бар дауыстарымен айқайлап кеп ұрсады да сосын. Ол жердегі жұмыстың қаншалықты ауыр екенін сонда істейтіндер ғана білсе керек-ті. Өзге адам бірді-екілі жетімді көрсе жүрегі жібіп, мүсіркеп әрі мейіріммен қараса, тек сондай жандардың арасында жүргендіктен, тәрбиешілер үшін мұның бәрі қалыпты жағдайға айналатын болса керек. Балаларға кейде ұрсып, ұрып алатындары да, жұмысқа сап қоятындары да сондықтан шығар.

Сабира жоғарғы қабаттағы терезеден сыртқа көп қарап отырушы еді. Шықылықтап ұшып жүрген құстарға қарайды. Солар сияқты ұшып кеткісі келеді кейде. Енді бірде көшедегі адамдарға қарайды. Бұның көзіне олардың барлығы да бақытты жандардай болып көрінетін. Кейбірі балаларын ертіп жүреді. Сабира оларды қызғанып кететін әрі қызыға қарайтын.

Сабира бұл кезде 13 жаста болатын. Осы күнге дейін ол мұнда талай ата-аналы болған балаларды көрді. Мейірімді мама-папалар келіп, өздері таңдаған балаларды ойнатып, түрлі сыйлықтар беріп, біраз күннен кейін оны өздерімен алып кететін. Көпшілігі кішкентай балаларға әуес. Сабира сонда өз ата-анасының болғанын қатты армандайтын еді.

— Мені неге әкетпейді? Маған да мама, папа болатын біреулер келсе ғой! - дейді армандап әрі қапалана. Өйтпегендеше, қасындағы кей баланың:

— Ертең маған мамам мен папам тағы келеді, күшті ойыншық әкеп беремін деді, - деп мақтанып отырғанын естігенде, қызғаныштан іштері жарылып кетуге бар еді ғой өзгелерінің. Сол жаңа "мама-папалар" жаңа балаларын айналып-толғанып, еркелетіп жатқандарында Сабира да бір бұрышта оларға қарап үнсіз жылап тұратын. Ішінде "мені де алып кетіңіздерші! Маған да мама, папа болыңыздаршы! Мен жақсы қыз боламын! Айтқандарыңыздың барлығын істеймін, ренжітпеймін, тек мені мына жерден алып кетіп, бауырларыңызға бассаңыздар болғаны. Маған мама, папа болыңыздаршы!" деген сөздер сайрап жататын. Тек, соны сыртқа шығара алмай, запыран болып іште қаттала берген.

Кейбір балалар пысықтау бұл жағынан. Осы үйге сырттан бөтен адам келсе болғаны, жүгіріп алдынан шығып, аяқтарына оратылып:

— Сіз маған мама болуға келдіңіз бе? Мені алып кетесіз ғой, иә? Менің сізді "мама" деп атағым келеді, - деп жабысып жатқаны. Жүрегі елжіреп кететін кейбірі баланың басынан сипап:

— Әкетемін, балапаным, әкетемін. Бірақ, бүгін емес, кейінірек әкетемін. Жарай ма? - деп алдап қояды.

Осындай армандармен, қиялдаумен күнін өткізіп жүрген Сабира өмірі бір сәтте өзгеріп сала береді деп әсте ойламаған екен. Есейген сайын ол енді өзін ешқандай маманың іздеп келмейтінін түсініп келе жатқан. Иә, бәрі де кішкентай балаларды алғысы келеді. Ал бұл бойжетіп келе жатыр... "Мен енді ешкімге керек емеспін. Өскенімше осы жерде қаламын" деп қапаланатын кейде. Баламысың деген, қиялына ерік берген Сабира кейде: "Осы жерден шықсам ғой, көп адамдардың ішінен өзім жақсы маманы таңдап алатын едім" деп те қояды. Әйткенмен, бұл ойлағандай болмады. Бірде бұған әке, ана болатын адамдар келді мұнда. Енді бұда да басқа балалар сияқты ата-ана, отбасы болады. Бұл да біреуге "мама" деп, біреуге "папа" деп айтады. Неткен бақыт десеңші!..

Жаңа ата-ана бұл балалар үйінен тек Сабираны ғана емес, оған қоса Жарқын деген баланы да бауырларына басатын болды. Жарқынды Сабира таниды, өзі бұдан бір жарым жастай үлкен, 15-ке таяған. Ол да қуанышты сияқты. Жарқынның қуанатындай жөні бар-тын. Бұл жердегі балаларды есейген сайын бір уайым мазалайды. 18 жасқа толған соң өздеріне пана болған мына үйді тастап шығуға тиіс. Ары қарай уақытша бейімдеу орталықтары (жасөспірімдер үйі деп те атап жатады) пана болғанымен, қазіргідей күйдің онда болмасы анық. Енді өз күніңді өзің көруге тырысуға тиістісің. Бірақ, бұларға дайын тұрған жұмыс қайда бар? Кім басынан сипап, дайын жұмысты бере қояр дейсің? Иә, онда еркіндік, бостандыққа шыққандай болады. Ешкім "олай істе, былай істеме" деп бұйырып жатпайды. Бірақ, осы күнге дейін біреудің нұсқауымен жүріп қалған адам үшін еркіндік — ашық дала емес, керісінше ну орман тәрізді, сәл шалт қадам бассаң адасып кетуің ғажап емес. Есейе бастаған кей балаларды осындай уайым мазалайтын. Бұл жағынан Жарқынның жолы болған сияқты. Енді мұның ата-анасы, отбасы бар. Өз үйі болады. Оқуына да, жұмысқа орналасуына да ата-анасы көмектеcеді, ертең ер жетіп, үйленген кезінде дүркіретіп тойын да өткізіп береді. Сәттілік деген осы, тосыннан келген бақыт деген осы!..

Жаңа ата-ана өзгелер сияқты апталап, айлап келіп бұлардың көңілдерін аулап, айналып-толғанып жүрген жоқ. Балалар үйінің директоры бір-бірімен таныстырған соң, олар балаларға біраз сұрақтар қойып, аз күнде алып кететіндерін айтты. Иә, расымен-ақ үш-төрт күннен кейін Жарқын мен Сабира ондаған жылдар бойы өздеріне шаңырақ болған балалар үйімен қоштасып, жаңа ата-аналарымен жаңа шаңыраққа бет алды. Көлік ішінде терезеден сыртқа қарап, бұл күнге дейін өздеріне белгісіз болып келген таңғажайыптардан көз алар емес. Ара-арасында Жарқын мен Сабира бір-біріне қарап жымыңдап қояды. Иә, олардың қуаныштары қойындарына сыймай отырған болатын.

"Біз қазір зәулім үйге барып қоныстанамыз. Онда керектінің бәрі бар. Папамыз бен мамамыз бізге қамқор болады. Олар бізді жақсы көреді. Бұдан кейін де бізді көп жерлерге қыдыртады"... Қос жетім осылай ойлап отырған болатын.

Бұларды асырап алған ата-ана — Бектас пен Күлайша еді. Екеуі осы күні Жарқын мен Сабираны қаланың біраз көрікті жерлеріне қыдыртты, дәмханаға отырып, кәуап жеді. Осы дәмхана ішінде бір-бірімен кеңірек танысты.

— Енді біз сендердің әке-шешелерің боламыз. Мені "әке" деп атаңдар, ал бұны "ана" дейсіңдер, - деп Бектас балаларға Күлайшаны нұсқап қойды. — Үйде тағы да бауырларың бар. Олармен барғаннан кейін танысасыңдар. Сендер айтқанды істеп, жақсы бала болсаңдар, біз де сендердің барлық айтқандарыңды істейтін боламыз. Солай келісіп алайық, жарай ма?

Жарқын мен Сабира бастарын изеп қойды. Жаңа ата-аналарын сәл тосырқап отырғандарымен, олар бақытты еді.

Қараңғы түсе бұлар қаладан жырақтау бір ауылға келіп кірді. Көлік үлкен көк қақпаның алдына келіп тоқтады. Сәлден соң Жарқын қатарлас бір жасөспірім қақпаны ашып, көлік ішке кірді. Бұлар көліктен түсіп, аса үлкен болмаса да, сәулетті, кең үйге кірді. Жарқын мен Сабираның жүректері толқып, табалдырықтан аяқтары дірілдей әзер аттаған. Үйде біраз адамдар бар екен. Бұлар қысылып, бастарын төмен сала берген. Іштегілер шуылдаса қарсы алды бұларды. Артынан көңілді отырыс басталып кетті. Тосттар айтылып жатыр.

— Көбейіп жатырсыңдар, құтты болсын! Отбасыларың кеңейе берсін! Қос бала үйге құт-бақыт әкелсін! - десіп жатыр көпшілік. Жарқын мен Сабира мұндай ортаға үйренбегендіктен қысылып, төрде әзер отыр. Шәй-тамақты да қысылып зорға ішуде. Оларын өзгелер байқап қойғандай, "қысылмаңдар, ішіп-жеп отырыңдар, енді бұл өз үйлерің" десіп жатты.

Осы отырыс кезінде Жарқын мен Сабираға бауырлары да таныстырылды. Бұл үйде үш қыз, бір ұл бар екен. Үлкен қыз қалада жоғары оқу орнында оқиды. Екінші қыз мектептің жоғары сыныбында. Үшіншісі ұл — Елжас, ол Сабирамен түйдей құрдас болып шықты. Кішкентайлары Көктем 5-сыныпқа барады. Өздері бұл екеуін онша жатырқамай қарсы алды. Әсіресе, Елжас келгеннен Жарқынның қасынан шығар емес. Сұрақтары да, әңгімелері де таусылмайды өзінің.

— Жасың қаншада? Сабақ оқисың ба? Ол жақта қандай, тамақ бере ме? Жағдайларың жақсы ма?

Жарқын қысылып-қымтырылып, міңгірлеп қана қысқа-қысқа жауап беруде. Әйткенмен, Елжастың осылай өзін бірден жақын тартқанына қуанып отыр. Бәрі жатырқап отырса қайтер еді? Әйтеуір іші пыспайтын болды, осы Елжастың арқасында бұл үйге де, жаңа әке-шешесі мен бауырларына да тез үйренісіп кететін сияқты ғой...

Ауыл Жарқын мен Сабира үшін қызық көрінді. Қораларында мал көп екен. Бұлар мал бордақылап сататын болып шықты. Бес-алты сиыры бар, бұқалары он бестей, бордақылап отырған қошқарлары да жиырмадан көп. Құлынды бие тағы бар. Одан қалса бау-бақшалары да жайқалып тұр. Қызанақ, қияр сияқтылардың өсіп тұрғанын өмірлерінде тірідей бірінші рет көрген екеу таңданыстарын жасыра алмауда.

— Кереметін-ай! - дейді таңдайларын қағып. Елжас атқа мініп көрсетіп жатыр. Жарқынға да мін дейді, бұл қорқып, мінбей қойды. Кейін сиырды, қойды қалай сауатынын өз көздерімен көрді. Осы күндері етке де тойып, сүт-айранға қарық болып, мәз-мейрам болды екі жетім.

Аз күнде бұлар ауыл мектебіне орналасты. Жарқын 9-сыныпқа, ал Сабира 7-сыныпқа барады. Ал, Елжас 8-сыныпта оқиды екен. Елжастың арқасында Жарқын мен Сабира мектепке де, ауыл адамдарына да тез үйреністі. Өйткені, сөйлеп қалған Елжас жүрген жерінің бәрінде бұларды жұртқа таныстырудан жалықпайтын.

— Бұл менің ағам Жарқын болады, ал бұл қарындасым Сабира. Енді бұлар біздің үйде тұрады.

Өзі ағалы-қарындасты болғанын мақтаныш көретін сияқты. Онысы Жарқынға қатты ұнады. Шынымен-ақ, бұл үйде ұл балалардан жалғыз өзі болғандықтан Елжастың іші пысып жүретін. Ойнайтын, әңгіме айтысып отыратын серік жоқ. Ағасы, інісі бар достарына қызығушы еді. Енді міне, өзінің де ағасы бар. Елжасты бәрінен қатты қуандырғаны осы болатын. Үйірсектеп Жарқынның қасынан шықпайтыны содан.

— Осы екеуіңнің күбір-сыбыр әңгімелерің таусылмайды екен, - деді бірде Күлайша диван үстінде әңгімелесіп отырған екеуіне қарап. — Елжас, одан да Жарқынға қора жақты көрсетіп, мал-жанға қалай қарау керек екенін үйретсейші. Енді бұл да осы үйдің баласы. Ол да үйдің тірлігіне көмектесу керек емес пе? Қашанғы біреулерге ақша төлеп жүреміз? Ертерек үйренсін, сосын ана Балтабайды жөніне жіберейік.

— Бопты, ана. Әкем сонда ма? - деп саңқ етті Елжас.

— Иә, сол жақта. Жаман киімдеріңді киіңдер де, тез сол жаққа барыңдар.

— Жүр, Жарқын. Бұқаларға су-шөп берейік...

Жарқынға алғашқыда бәрі де қызық көрінетін. Малдарды суару да, жем-шөп беру де, тіпті астарын тазалау да. Бақшадағы арам шөптерді жұлу, суару да. Бірақ, ол бірте-бірте осы жұмыстың барлығы өз мойнына артылып жатқанын ол кезде байқамаған болатын.

Сабираның басындағы жағдай да солай.

— Мына қыз биыл мектеп бітіреді, емтихандарға дайындалу керек. Сондықтан оны үй жұмыстарынан босатуға тиістіміз. Көктем болса әлі кішкентай. Сен қолыңнан бәрі келетін пысық қыз сияқтысың ғой. Маған көмектес, үй жинас, кір жуыс, - деген анасының сөзіне Сабира қарсылық көрсетпеген. Бақыттан басы айналып жүргенінде несіне қашады жұмыстан? Қайта анасымен бірге жұмыс істеген қандай жақсы!

Иә, ол осылай ойлаған басында. Зырылдап уақыт өтіп жатты. Байқап қараса, бұл үйдің барлық жұмыстары Жарқын екеуіне артылыпты да қойыпты. Бұрын бұлар мал-жайға қарасу үшін Балтабай деген ауылдың бір кісісін жұмысқа алған екен. Оған әжептеуір айлық та төлеп отырған. Кейін Жарқын негізгі жұмыстарды үйренген соң оны жұмыстан шығарып жіберді. Содан тірліктің бәрін Жарқын істейтін болған. Мектептен келе сала тамағын ішер-ішпес қораға қарай жүгіреді. Содан сүрлігіп қас қарайғанда үйге бір-ақ кіреді. Сабағын да дұрыс дайындалуға мұршасы болмай, төсекке құлайды. Түске дейін малға Бектастың өзі қарайды. Түстен кейінгі тірліктің бәрін атқару Жарқынның міндетіне айналған. Қайта Елжас көмектесіп жүреді әйтеуір. Бектас болса анда-санда бой көрсетіп, оны-мұны тапсырып, бірдеңе дұрыс болмай қалса жекіп кетеді. Иә, алғашқыда сондай мейірімді болған ата-аналар, бауырлар аз уақытта өзгеріп шыға келді. Әке-анасы жиі жекіп ұрсатын болған. Бұл үйдің қыздары да мұрындарын шүйіріп, мазақтап не түртіп, тиісіп отырғаны. Тіпті, кіп-кішкентай болып Көктемнің өзі кейде бетінен алып айқайлап жатады бұларға. Өзгермеген тек Елжас қана. Негізі жалғыз ұл, сол ерке болып өсудің орнына, адамгершілігі бары сол болып шықты. Қыздар болса көгереңдеп тұрған біреулер.

Сабира да шаршайын деді. Таң атпай тұрып сиырларды сауу керек. Содан таңғы шәйін ішер-ішпес мектебіне асығады. Одан келген соң үй жинау, кір жуу, огородқа қарау... бітпейтін жұмыстар әйтеуір. Бұл күйге қалай түскендерін өздері де байқамай қалыпты-ау. Басында сондай құлшыныспен істейтін. Тіпті, Күлайша бірдеңе істеп жатса:

— Анашым, көмектесейін бе? Әкелсеңізші, мен істей салайын, - деп ұмтылатын. Қазір олай демейді, өйткені, онсыз да барлық тірлікті өзі атқарады ғой. Демалыс деген жоқ. Тынығайын деп сәл отырып қалса болғаны, анасының қабағы түйіліп шыға келеді.

— Жап-жас болып шаршау дегенді қайдан үйреніп аласыңдар осы? Бірдеңе істей қой десең кежегелерің кейін тартып шыға келеді. Ең құрымаса ішіп-жеп отырған тамақтарыңды ақтасаңдаршы. Біреудің тірлігін істегендей аһілеп-үһілеп шығасыңдар. Айналайын-ау, бұл өз үйің ғой, істесең өз үйіңнің тірлігін істеп жатырсың. Қайта жас кезде істеп, бәрін үйреніп алғаның жақсы. Сонда ертең тұрмысқа шыққаныңда қиналмайсың. Қайынжұртың алақанына салып отыратын келін боласың, - дейді ақыл айтқансып. Ал өз қыздарына келгенде пікірі мүлде бөлек.

— Әй, қызым, Сабира істей салады ғой, одан да сабағыңды дайындалсаңшы, - дейді үйдегі үлкен қызына.

— Көктем, бір уақ көшеге шығып ойнап келсеңші, үйге тығыла бермей, - дейді кіші қызына.

Келе-келе Күлайша ас-суды да бұлардан қызғана бастағандай. Бірде Жарқын қора жақтан келіп, тоңазытқыштан айран алып, сіміріп ішіп жатыр еді, анасы оған жақтырмай қарап:

— Айран-құртқа тоймайды екенсің осы. Кішкене айранды жинақтап, сатамыз ба десек, түкті қалдырмай ішіп қоясың. Қай жеріңе кете береді осы, а? - дегені. Жарқын шашалып қала жаздап, кесесіндегі айранын қоя салды.

— Ішіп қой енді түбіне дейін. Сенен қалғанды кім ішеді басқа? - деп ернін сылп еткізді. Жарқын не істерін білмей қалды. Сондай бір тәбетпен сіміріп жатыр еді, енді қалғанын тас жұтқандай әзер тауысты.

Ехх... Бұл пендешілік дегенді қойсаңшы. Бектас пен Күлайша бұл екі баланы "жетімдерді жарылқай қояйық, оларға ата-ана болайық" деген жақсы ниетпен асырап алмаған еді. Қаладағы балалар үйінің меңгерушісі өздерінің туыстары. Бір отырыста сол кісімен сөйлесіп отырып, әңгімеден әңгіме шығып, осындай бір тақырып қозғалған-тын.

— Үйде тірлік көп. Балалар жас. Малға қарауға босқа адам жалдап, қып-қызыл ақша төлеп отырмыз. Қыздар өсіп келеді. Ертең бірінен кейін бірі тұрмысқа шықса, үйдің тірлігінің бәрін жалғыз өзім қалай игеремін? - деген уайымын айтқан сонда Күлайша. Не керек, сол жерде бұларға екі бала асырап алу туралы ой тасталды.

— Еті тірі, тірлікке пысықтау бір ұл мен қызды өзім таңдап беремін. Соларды жұмсап қойып отырасыңдар. Әрі сауапты іс, әрі жұмсап отырасыңдар. Одан қалса мемлекеттен ол балаларды асырап алған үшін жәрдемақы тағы да беріліп тұрады. Жақсы емес пе? - дескен балалар үйінің директоры. Мына идея Бектасты да, Күлайшаны да қатты қуантты. Иә, сөйтіп дереу іске кірісіп, туыстарының арқасында аз уақытта "екі балаға" қол жеткізді. Балаларды шошытып алмауы үшін алғашқыда мейірімді көрініп жүрді. Бірақ, уақыт өткен сайын бетперделері сыпырылып келе жатқан болатын. Ұрысу, жеку... Жұмыс көп болса сабаққа да жібермей алып қалады. Тамақты да міндетсініп береді. Арзанқол бірді-екілі киім әперіп, сонымен мәз қып отыр.

Басқа балалар мектепке азды-көпті ақша апарып, сондағы буфеттен, мектеп алдындағы дүкеннен әрнәрсе сатып алып жеп жүреді. Ал, Жарқын мен Сабираға "ата-анасы" бір тиын да ұстатқан емес. Иә, басында беріп тұратын. Кейінгі кезде ол міндетті мүлде ұмытты. Сұрауға бұлар жүрексінеді. Бірақ, "бір анадан ала да туады, құла да туады" демекші, бұл екеуінің жағдайын ойлайтын бір жан болатын, ол — Елжас. Әке-шешесі жалғыз ұл болғандықтан, одан ештеңе аямайды, ақша да. Ал Елжас ол ақшаны Жарқын мен Сабирамен бөліседі де жүреді. Бұлар алғашқыда ұялып, алмаушы еді. Кейін өздері де үйренді. Немесе Елжас өзіне бірдеңе сатып алса, жүгіріп келіп онысымен бірінші Жарқынмен бөліседі. Өз сабағы ерте бітсе де, үйге қайтпай, Жарқынды күтіп жүреді. Бауырмашыл жан осындай-ақ болсыншы! Бұл үйде осындай бір адамның болғанына да шүкір!..

Бірде Сабира огородтың арам шөптерін жұлып отыр еді. Қорадағы жұмыстарын бітірген Жарқын да оған көмектесуге жанына барды. Екеуі үнсіз шөп жұлып отырған, әлденуақытта тыныштықты Сабира бұзды:

— Жарқын, мен шаршап кеттім.

— А-а, онда сәл тынығып алсай.

— Жоқ. Менің бұл жерде тұрғым келмейді. Бізді ешкім жақтырмайды. Жұмыс істетіп қоя береді, ұрсады, ұрады. Бұдан да бұрынғы үйіміз жақсы сияқты. Сол жаққа қайта кеткім келіп жүр. Қашып кеткім келеді. "Папасы, мамасы бар адамдар бақытты" деп бізді алдайды екен ғой, — Сабираның жанарынан екі жас үзіліп түсті. Жарқын ойланып қалды. Шынымен сондай болғаны ма? Солай болғанның өзінде, енді кері кете алмайды ғой бұлар. Мына қарындасын қалай жұбатса болады?

— Сабира, бері қарашы, - деді бір кезде бұл қарындасының бетіне қарап. Ол сәл ғана басын көтерді. — Папа-мамалардың бәрі бұндай болмайды, олардың арасында жақсылары да бар. Бірақ, біздің де әке-анамыз жақсы шығар... Кейін ұрсатындарын қоятын шығар, қазір үйреніспей жатқан шығармыз. Шыдайықшы біраз. Жыламашы. Бәрі де жақсы болады. Оның үстіне, Елжас ше? Ол жақсы ғой. Оны тастап қалай қашып кетеміз?

Сабира ойланып қалды. Иә, аңқылдап қалған Елжасты қалай тастап кетеді. Үнемі осыларды ойлап, қызық әңгімелер айтып күлдіріп жүреді өзі. Жасырып ақша береді. Бұлардың қазір сабаққа дайындалуға мұршалары жоқ қой, үйге берілген тапсырмаларды түсінбей жатқандарында сол Елжас есептерін шығарып беріп, жазуларын жазып беріп жатады. Мектепте де сабағы ерте бітіп қалғанның өзінде бұларды күтіп тұрады. Сондай елгезек жан. Иә, оны қалай қиып кетеді? Кете алмайды екен, кете алмайды...

...Кезекті бір күні үшеуі бірге сабақтан қайтып келе жатқан болатын. Сабираның аяғы мүлде тартпайды. Жүргісі келмей, табандарын әзер көтеріп, ілбіп келеді. Одан озып кете алмай Жарқын мен Елжас та жүрістерін баяулатқан. Әдеттегідей Елжас түрлі әңгіме айтып келе жатқан. Кенет әңгімесі таусылғандай ол да үнсіз қалды. Үшеуі де үндеместен, өз ойларымен өздері арпалысып келе жатты. Әлденуақытта барып тыныштықты қайтадан Елжас бұзды. Жас болса да көп нәрсені аңғара білетін жан еді өзі. Сабираға қарап:

— Үйге қарай аяғың тартпай келе жатыр ма? - дегені. Өз ойын оқып қойғанына селт етіп, екі беті алмадай қызарып шыға келген Сабира сасқалақтап қалды. Қапелімде аузына сөз де түсер емес.

— Үйдегілер сендерге ұрса береді, сосын барғыларың келмейді ғой, иә?

— Жоқ, жо-жоқ, - деп күмілжи берді Сабира.  Тіке қарауға жүзі шыдамай, бетін теріс бұра берген.

— Білемін ғой. Анама "неге ұрыса бересіз, енді ұрыспаңызшы соларға" деп қаншама рет айттым. Білмеймін, сонда да ұрыса береді. Бұрын анам ондай адам емес еді. Әкем де басқаша сияқты еді. Өзім де түсінбей жүрмін.

Үшеуі қайта үнсіз қалды.

"Елжас, сен болмағанда біз қайтер едік? Мына үйден безіп кетер едік қой", - деп ойлады іштей Жарқын. Көзінің астымен Елжасқа қарап қойды. Іштей сондай сүйсініп келеді. "Үйдегілердің барлығы осы Елжастай болғанда ғой, шіркін, бізден бақытты жан болмас еді-ау..."

Күрсініп қойды...

Жалғасы бар...

Автор: Ербол ЖАЛПОШЕВ

Сурет: conelcorazonencoma.blogspot.com

Ш. Талап