Оқи отырыңыз

Тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып қырдан аса алмайсың.

Автор: Бауыржан Момышұлы

— Редактор бағаны —

Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында
Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Бас бет / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / Айдың бетін аймалауға...

Айдың бетін аймалауға...

Айдың бетін аймалауға...

Есбол Нұрахмет - жас ақын. 1990 жылы ҚХР, Алтайда дүниеге келген.

Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студеті. 

Бірнеше Республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы.

Жас ақынның қалам тербесінде бүгінгі күннің ертең тарихқа айналар бүлкілі мен кешегі күннің,

ескілікті тектіліктің сарқыншақтарына деген ыстық сағыныш лебі бар. Назарларыңызда жыр!



Соңғы көш

 

Жаңаның жолымен,

Көненің ізімен,

Үйленіп ертегі қызымен,

Өлі тарихтың ақсөңке сүйегін,

Артып ап атанға,

Сықырлап үстінде уықтар түйенің,

Сықырлап астында жер бесік,

Барады ел көшіп.

 

Меңіреу болса да мезгілі,

Өлсе де өткенгі,

Төл тағы төлдеді көктемгі.

Сай-сала жаңғырып көшпенді үнімен,

Артынып-тартынып түнімен,

Жанарын тырмалап тау өлі,

Түн көшпей, ел көшті әуелі.

 

Мың жылғы болмыстың иісі бұрқырап,

Боздады боталар,

Жылқылар шұрқырап.

Кешегі бөрілер тіріліп,

Бүгінгі төбеттер қыңсылап,

Домбыра тілімен өткенін ойнатқан,

Көш өтіп барады сай жақтан.

 

Орнығып алғандай ай әбден,

Күн әзер жылжытты сабалап таяқпен.

Топырақ астынан толқындап төркіні,

Бұрқылдақ жолдардың буыны тершіді.

Тарихын түйенің табаны кестелеп,

Мезгілді мең-зең қып,

Көш келед...

 

Бесікте тербетіп тегінің тамтығын,

Жас ана

жетелеп салтының сарқынын.

Ең соңғы азамат

ең соңғы тұлпарын тебініп,

Төгілтіп барады,

Бүгіннің шаңына көміліп.

Арғымақ жылқылар соңғы рет арқырап,

Көкжиек жүзінде

Болмыстың бояуы қалтырап...

Соңғы көш өтті...

 

 

Үрей


Қараңғы, қараңғылық,

Төрт қабырға барады санамды үгіп,

Толқиды тоқсан уайым шырақтардан,

Жарық күн жар астында жылап қалған.

Елесім есігімді тықылдатып,

Тықырлатып бөлмеме басып кірді.

Әлде неге шақырып асықтырды.

 

Үрейім! Үрейлімін,

Әлде бір жағалауға тірейді мұң.

Жар ма екен, құлар ма екем, қорқынышты!

Түбінен көкжелкемнің

Әлде бір қара қанат желпіп ұшты...

 

Қараңғы, қорынамын,

Алға жүрмей болмасың тағы мәлім...

Бәлкім, Ажал!

Қоя тұр жазарым бар,

Асықпашы, топырақ, жалынамын!

 

Тым үрейлі естілді дауыс мүлдем,

Басқан бәле шүйіліп дәл үстімнен,

Қанға құмар қолдарын көкке ұсынып,

Тықырлатып бөлмемнен кетті шығып...

Асықпай, келер...

 

 

Шағылған терезе

 

Тұрағыма тығып алып тұмсығын,

Тағы міне жылтылдатты түн шылым.

Жалаңдаған найза кірпіктерімен,

Тереземді шағып кетті бір сұлу.

 

Алан-ашық қосыма кеп ел түнер,

Жайымда жоқ терезе іздеп тентірер.

Бірақ қалқа таппай болмас, әлгі қыз

Бұрымымен буындырып өлтірер.

 

Сора-сора қалмайтұғын тепектеп,

Күйкі тірлік тартпай қайтсын етектен.

Мынау тартып, ал әлгі қыз көзінің

Қиығымен әкетеді-ау жетектеп.

 

Өлік көзін бажырайтып қараңғы,

Айдың ұзын тырнағына таланды.

Тереземнің алдына кеп әлгі қыз,

Менің мылқау көздеріммен таранды.

 

Тереземді өз ойымша бекемдеп,

Жұлдыздарды жинап қойдым лекерлеп.

Бекерлік-ай үміттеніп қоямын,

Өзі келіп жамап берер ме екен деп.

 

Шоқпар тұмсық қара түнді сүргілеп,

Ақ тамақ күн шашын жайып күлді кеп.

Жұлдыз жамау терезем де күл-парша,

Енді немен қалқалаймын кім білед?!..

Мазасыздық

 

Мезгіл айдап мен барамын сүргінге,

Маңайымда мәңгүрт әлем мүлгуде.

Қарады гүл жасқа толып жанары,

Қабағы бір ашылмады күннің де.

 

Көкке өрлемей сұлап жатыр сұр тұман,

Жапырақтың жасыл шығын шымшыған.

Сұлу таңның сүйгім келіп бетінен,

Мамық түнді құшақтауға құлшынам.

 

Жанарымда жас боп тұнған гүл шығы,

Таңмен бірге тал бойымнан ыршыды.

Тастай мұң боп тасырлатып кеудемді,

Аспанның кеп бүйірімді шымшуын.

 

Алып қашып алыстарға жай үнін,

Қара бұлттың қақ төбемнен таюын.

Қондырсаңшы қара бауыр кемеңді,

Мөлдір тамшы, жасай көрші қайырым!

 

Қасиетті қара бауыр қаз ауып,

Қашып өтті аспанымнан тазалық.

Қарғыс әуен ұйығандай ұртына,

Сарғыш әлем тұрып алды сазарып.

 

Сөнбей жатыр сұмдық үміт тағы да,

Сенбей пақыр менің адал жаныма.

Қанбай жатыр қасиетке мына әлем,

Тамбай жатыр меруерттер маңыма.

 

Мазасыз мұң самайымды тарақтап,

Қара түннің қалмағаны-ай қонақтап.

Жас шағымдай аппақ, адал қалпымен,

Аспанымда Ай тұрушы еді салақтап.

 

Қатулы Аспан көрсетпеші қатал өң,

Татулассаң тамаша үн қатар ем.

Санатыңмен салғыласпай, сезгенде,

Қара түнмен құшақтасып жатар ем.

 

Қара түнде қасиеттің жасы бар,

Ұрттат маған пенделігім басылар.

Ақ Аспаным, буға айналып барайын,

Жалғыз тамшы жаңбырыңа қосып ал!..

Сағыныш

 

Қабағыма қадалып ап барша мұң,

Шаршадым мен, тек өзіңді аңсадым.

Батпан-батпан қиялдарға тұншығып,

Ес-ақылысыз елесіңді таусадым.

 

Тірі қала оты жанған өлік түн,

Сайқал күліп  тереземнен төніп тұр.

Қара түнді жауып алып арқама,

Айдың бетін аймалауға желіктім.

 

Тұп-тұнық түн түртіп қалып жүректі,

Жанарымда жалғыз елес дір етті -

көз жасымды кешіп бара жаттың сен,

Кеудемдегі кесіп өтіп түнекті.

 

Кім кінәлі қия біткен тірлікке,

Түн тұнарын ортамызға білдік пе?!

Сағынышымды сергелдеңге түсірді,

Маңдайыма қисық түскен бір нүкте.

 

Аппақ шаңы айран болып іркілсіз,

Жолдар жатыр мұңды жұтып үн-түнсіз.

Иығыма қонақтаған періштем

Ақ дұғасын қайталауда бір тілсіз.

 

Сол бір сөзің мазалауда миымды,

Көзім - шара көп елесің құйылды.

Бар белгісі бақыты мол күндердің,

Өзің берген орамалға түюлі.

Бөрілер

 

Ғарыш жақтан қалқып түсіп топ бөрі,

Жылғаларын мекендеді миымның.

Төркініне қол созып ем, жетпеді,

Іргесінен таңырқадым үйімнің.

 

Мезгілінде іңір қайтып, күн батқан,

Айға қарап ұлиды кеп мұң сауып.

Қаламымнан шұбырады шумақтар,

Бөрілердің азуымен құрсанып.

 

Сөлкек қағып жортады кеп шұбырып,

Ақ қағаздың бетін ылғи шимайлап,

Үстелімнің астына кеп тығылып,

Тыным алмай тыпыршиды түн бейбақ.

 

Ай астында айбарынан аң қашып,

Шұбырады шулап дәптер бөктерін.

Шумақтары шумақтармен жандасып,

Тәңірісі тамсанады көктегі.

 

Селдіремес, серік іздер қатары,

Бөрілерім Аймен бірге оянған.

Ақ қағазда көгілдір сөз жатады,

Бөрілердің көз жасымен боялған.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: Шәкен Бөкетайұлының жеке мұрағатынан және oyu.kz сайтынан

2600 9
Рейтинг: +5

Дайындаған: Meyirzhan Auelkhan
Қосылған күні: 30 желтоқсан 2012, 16:52
Пікірлер
+0
30 желтоқсан 2012, 11:00

өлеңдер ташама екен! Ақын бауырыма шабыт тілеймін!

+0
30 желтоқсан 2012, 11:17

Тамаша өлеңдер!

+0
30 желтоқсан 2012, 11:44

Ғажааааап,,,

+0
30 желтоқсан 2012, 16:51

тамаша өлеңдер! сілте бауырым! табиғаттың көз жасы көп ақпасын... даламның исің аңқытшы бір!

+0
03 қаңтар 2013, 17:30

ғаламат! Үсті-үстіне жаза түссін

+0
03 қаңтар 2013, 23:29

Шәкәрім ба, кім еді айтқан: "Зиялының бәрі Шәуешектің ары жағына кетті" деп...

+0
07 қаңтар 2013, 14:26

әп-әдемі, "жоғары төмен сымпылдап тұр"

+0
07 қаңтар 2013, 14:33

Керемет...

+0
17 қаңтар 2013, 14:48

керемет ! қатты ұнады !! жаза түс тағы аза түс !!!

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Ең қызықты блогтар

Эссе жаза аласың ба?
Эссе жаза аласың ба?

ҰБТ-ның жаңа форматына сай эссе жазуды бірге үйренейік!

Автор: Аида Жеңіс
Шетелдік сериалдардың әсері.
Шетелдік сериалдардың әсері.

Шетелдік сериалдардың әсері.

Келін алдында бас ию ме, әлде келін алдындағы міндеттер ме?
Келін алдында бас ию ме, әлде келін алдындағы міндеттер ме?

Әрбір адамның өз міндеттері мен жауапкершілігі бар ғой, сол сияқты менің де ене...

Сұмдық апат «Шапекоэнсе»-де тірі қалғандар.
Сұмдық апат «Шапекоэнсе»-де тірі қалғандар.

Қазалы адамдар саны - 71. Апат туралы.

Автор: Olzhas Samatov
Құрбы керек...
Құрбы керек...

жақында өшіріледі.

Автор: <ҚАЗАҚ> ...

Соңғы аудармалар

EXO - Lucky One [kaz_sub]
EXO - Lucky One [kaz_sub]

Оңтүстік кореялық әйгілі бойз-бэнд EXO тобы бүгінде дәурені жүріп, дүркіреп тұрған топ болып отыр. Жігіттер тобы тек Оңтүстік Кореяда ғана емес, Азияда танымал. Қазақстанда да EXO тобының жанкүйерлері жетерлік. Басында он екі қатысушыдан құралғанымен, бүгінде топта он өнерпаз өнер көрсетеді. Әр қатысушы жан-жақты, талантты. Біз бұған дейін аталған топтың бірнеше бейнебаянын қазақшаға аударған едік. Назарларыңызға топтың "Lucky One" туындысын қазақша субтитрмен ұсынамыз. Аударған: Жарылқасын Мырза Тайминг,...

IU - The shower [kaz_sub]
IU - The shower [kaz_sub]

Ли Чжи Ын – оңтүстік кореялық 23 жасар әнші қыз. Оның сахналық есімі «I and You» (мен және сен) әуен арқылы бір бүтін бола аламыз дегенді білдіреді....

Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]
Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]

Ел: Оңтүстік Корея  Жанр: романтика, медицина, драма, комедия, боевик  Жыл: 2016  Режиссер: Ли Ын Бок Басты рөлдерде: Чжин Гу, Сон Хе Ге, Сон Джун...