Оқи отырыңыз

Тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып қырдан аса алмайсың.

Автор: Бауыржан Момышұлы

— Редактор бағаны —

Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында
Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Бас бет / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / Қос жанарыңда шық кілкіп

Қос жанарыңда шық кілкіп

Қос жанарыңда шық кілкіп

Бауыржан Игілік 1990 жылы 4 тамызда ШҚО, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылында дүниеге келген. Семей қаласындағы жалпы білім беретін №42 орта мектепті бітіріп, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ филологиясы факультетінде жоғарғы білім алды. Қазіргі уақытта Қазақ гуманитарлық-заң университетінде филология факультетінің магистранты. Өлеңді мектеп қабырғасында жазып бастап, баспасөз беттерінен көрінген. Қалалық, облыстық, республикалық жыр мүшәйралары мен айтыстардың жүлдегері, республикалық өнер фестивальдарының лауреаты. «Абай әлемі» фестивалінің Гран-При жеңімпазы, алтын төсбелгі иегері. Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай төсбелгімен марапатталған.

Көліктегі кездесу

Кездесу сол бір...көлікте

Есте ғой, есте ақылдым.

Құс күткен көктем көрікпен

Күлімдей қарап отырдың.

 

Сананың тылсым өрісін

Жаныңа жеттім күй шарпып.

Тұрғандай тоңған мен үшін

Көктемгі гүлдің иісі аңқып.

 

Жүрегім менің күпті үркіп,

Сөзімді қалды күрмеп тіл.

Қос жанарыңда шық кілкіп,

Ерніңде бір шоқ бүрлеп тұр.

 

Жамалың, шіркін, сүйікті-ақ

Сабыр бейнелі еркелік.

Жан жылуыңа күйіп қап,

Сөзіңе отырдым өртеніп.

 

Қаусырып бізді келеді,

Автобус іші толық-ты.

Талықсытады денені

Иығың тиіп көріктім.

 

Ғашық қылған қыз сен едің.

Жасықпын нағыз,

Соны ұқтым.

Оқуың ба еді керегім

Соны, әйтеу, сұрай беріппін...

 

Межесі жетіп жолымның,

Тосып тұр мәнсіз түнектей.

Ұсындың нәзік қолыңды

Үлбіреп тұрған жібектей.

 

Басымда ойдың көбін-ай,

Ойланып тусті желікпең.

Кун аяз емес еді ғой,

Тоңазып тұрдым неліктен?!

 

Жанымды тыныш тербеткен,

Не қылған сезім сиқырлы?

Автобус тіпті сен кеткен

Көрінді-ау сонда сүйкімді...

 

Созылып алға жол қара,

Сүйреді өмір сәттерін.

Сол жолда қалдым қорлана,

Шимайлап көңіл дәптерін.

 

Мейлі ғой, жаным, жасымай,

Армандап жүрем өліп те.

Кездессек тағы осылай

Тек, тағдыр дейтін көлікте.

 

***

Есімде бәрі, жадымда

Жанымда бәрі қара қыз.

Сонау бір жылы ауылда

Біз кешкен күндер – бал аңыз.

 

Қаланы тағы қалдырғам

Дала жұпарын сағынып.

Жалғызым жүрдің балдырған

Жалбыздың иісін жамылып.

 

Тәңір әтірін себінген

Туған жер дейтін мекенде.

Ынтызар болған мен едім

Ауылға, саған, екеуге.

 

Сипалап күннің саусағы

Ақ марқа бұлтты үргедек.

Маужырап жатқан майса қыр

Маусымды кешіп жүрген ек...

 

Мен сенің махаббатыңнан

Даланың әнін тыңдағам.

Жұдызды сансыз сапырған

Көзіңде түн бар мыңдаған...

 

Оранып далам сағымға

Мөп-мөлдір нұрға боянған.

Сен күлсең менің жанымда

Тамыздың таңы оянған.

 

Тырналап жаздың келбетін

Күз келді мысық тырнақты.

Сағыныш жауып жер бетін

Көзіне көлдің мұң қатты.

 

Салмағы бұлттың жүз батпан

Көгімде күнде мың аунап.

Салқындап кеткен біз жақтан

Тырналар ұшты тыраулап.

Мың тарау жолы тағдырдың...

Амал не оған қара қыз?

Жылатты-ақ бізді балқұрбым

Жырақтап кетіп арамыз.

 

Күз ұрлаған ба?

Наз керім

Қылығың қайда?

Кешіргін...

Жаным-ау түнді көздегі

Қабаққа несін көшірдің?!

 

Жүректі сыршыл сыздатып,

Өтседе қанша ай, қанша күн

Жүз бақыт өлген – күз уақыт,

Ауылды, сені аңсадым...

 

Сағынсам сені сол ма екен

Ауыл деп және мұң шегем...

Ауыл деп жырды селдетем

Өзіңсің оған бір себеп.

 

Көкжиек жатыр көсіле

Аспанмен жүдеу астасып.

Ала ма мені есіне

Қос сағынышым, қос ғашық?!

 

Жадымда бәрі, жадымда

Ұмытпа сен де қара қыз

Сонау бір жылы, ауылда

Кешкен ек күнді бал аңыз...

...Алыстап енді барамыз...

 

***

Бір жүрмедік...

Несін қайта қосылдық?

Жоқ нәрсені неменеге жасырдық?

Саған жылынар мен бе берер шуақты?!

Жапандағы жалғыз таумын басым – бұлт...

 

Салқынсың деп сына қақтың сын айтып,

Салқынға да шынықпай ма шыдайтын?!

Сезімің де, төзімің де жетпейді-ау,

Мұнар шыңды ұлар ғана сұрайтын.

 

Мұнары бар, ұлары бар, қары бар.

Мен емеспін жанары бар жан ұғар.

Сынай  берме, жанашырым табылар!

Қарай берме, қарашығың қарығар!

***

Айдың жүзі мұңлы дедің бірде сен.

Ол ойыңды айтпас ең-ау Күнге сен.

Жыпырлаған жұлдаздардың ішінде,

Жалғыз ғой ол, жалғыздыққа білмес ем...

 

Жалғыздықпен мен өзім де күн кешем,

Түнде Аймен, күндіз кіммен тілдесем?!

Мұңсыз ғұмыр өткізер ем егерде,

Адамдардың жүрек сырын білмесем,

Замандардың түнек шерін білмесем...

 

Бүгін міне аспанымда өліара.

Қап-қара түн, қара бояу – самала.

Жайсыз қалдым, ойсыз қалдым, опындым,

Айсыз қалдым, ай, обал-ай. Обал ә?!

 

Айдың жүзі мұңлы дедің. Әрине...

Оған бірақ жат келеді зар илеу.

Ол ұқсайды нәумез болған сәбиге,

Күндей жарық шаша алмай қап фәниге...

 

Аймен ғұмыр, оймен ғұмыр кешірем,

Жалғыз ғой ол, жабықпасын несіне?!

Айдың жүзі мұңлы деп ең бірде сен,

Жалғыздығым түсе берді есіме...

***

Досым, бізді түсіну қиын елге,

Сүйенерге адам жоқ, сүйінерге.

Өзін өзі жеп жатқан мына бастар,

Жан алдында білмеймін иілер ме?!

 

Қайтсем екен жынданған мына басты,

Жүрек, шіркін, тебінсе-ақ тұра қашты...

 

Ұғасың ғой бәрін де, біліп тұрып,

Өткізесің жүйкеңнен, күліп тұрып...

Сен мықтырақ екенсің. Жүрегіңе – 

Ақыл жібін күрмеген құрық қылып.

Айтшы досым ал мен ше, мен қайтемін?!

Үміт қуып келемін, күдік буып...

 

Менің сүйген «үр қызым» бұлданар-ды,

Сенің сүйген «жұлдызың» сырғаланды.

Айтшы досым жұмбақтау тұлғалардың

Жастығының жартысы кімде қалды?!

 

Досым бізді түсіну қиын елге.

Күйінем де қоямын, күйінем де.

Менің нәзік жанымды кім ұғар деп

Кетемін-ау шешілмес күйі менде...

 

***

Бұл жалғаннан адам өтті не түрлі.

Жаман да өтті, қардың суы секілді.

Адам да өтті, таңның шығы секілді.

Патшасы боп нелер адам отырды.

Топсасы боп нелер адам бекінді...

Бұл жалғаннан заман өтті не түрлі.

 

Бәрі дағы қарманды ғой, қарманды,

Жалпағынан басты біреу жалғанды.

Қалпағына басты біреу, алданды.

Біреулердің жаман аты қалған-ды.

Біреулердің аманаты жалғанды...

Жер бетінде шиыр-шиыр жол қалды...

 

...Еее, дедім мен, өтер бәрі, өтпей ме?

Көктем гүлдер...

Өткен күндер көктей ме?

Ештеменің баяндысы жоқ дей ме?

Баянсыздан аяр күшің жоқ кейде...

 

Кейде, кейде, сабыламыз әттең біз!

Байқамаймыз өткендігін көктем, күз.

Не болса да, не болса да ептерміз.

Алла алдында оқылатын дәптерміз...

Жанайқай

Кешірші мені батыр бабалар,

Жылаған таулар, тақыр далалар.

Ел де жоқ енді, жер де жоқ енді,

Дәрмен жоқ оны тақымдап алар...

 

Бодандық бұғап, сорлаған елдің –

Кеміріп мұңы, зарлана бердім...

Кешіңдер сендер қорыған жерді

Сақалым сипап, саудаға бердім.

 

Қолымды байлап пенде ғұмырым,

Қоғам құлының мен де – бірімін...

Шерім шығарып, шыңғыра алмаймын

Мәнісі бар ма енді егілудің?!

 

Кешіңдер мені алып бабалар

Бетім жоқ қазір халыққа қарар.

Ұлтарақ құрлы жерім қалмаса,

Тәнімді қайтем табытта қалар?!

 

Дүрегей – дінім, дүрегей – ділім

Кіммін мен баба құл емей бүгін?

Ақиқат жылап, шындығым өлді

Құны үшін бізді дүрелейді кім?!

 

Кешірші мені далалық бабам

Омалып барам, жоғалып барам...

Балаңмын десем сенер ме екенсің

Қарным – қабарып, жан – арықтаған?!

 

Кешірші мені батыр бабалар,

Ескермей жатса әкім-қаралар...

Кісінеп бір күн мен де кетермін,

Тірліктен әзір ақым бар алар!

Ақым бар алар!

 

Дайындаған: Қайсар Қауымбекұлы

Сурет: жеке мұрағаттан

4442 11
Рейтинг: +6

Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Қосылған күні: 16 қараша 2012, 18:27
Пікірлер
+1
17 қараша 2012, 00:49

Беу! Бауыржанның поэзиясын оқыған сайын оөи бергің келеді екен. Жаңашыл тіркестер, тың ой... Біріншіде толықтай сезімнің ақыны екенін байқап келе, соңында елінің қамына бей-жай қарамайтын қасиетіне риза болдым. "Жанайқай" десе жанайқай екен. Әммеге таралуы керек жыр. Авторға дәл осындай талғамды дүниелерді көптеп шығаруын өтінемін.

+0
17 қараша 2012, 00:53

Кездессек тағы осылай

Тек, тағдыр дейтін көлікте.! Керемет!

+1
17 қараша 2012, 01:50

Бұл жігіт тамаша ақын. Қай жерге барса да поэзияның ортасын іздеп жүретін әдеті де бар. Алматыға келген сәтінде жүздесіп, Қазақ Ұлттық Университетінің ішінде жасыл алаңда отырып біраз өлең оқығанбыз. Ең бастысы тамыры терең қазақ поэзиясының қуаты бар. Қазыргі өлең емес, өлеңдер қаптап кеткен тұста, және солар таяз жандар арасында қолдау тауып, етек алып бара жатқан тұста мұндай өлең жаныңды қуантады. жүрегіңді әлі де қазақ поэзиясының нұрлы болашағына кәміл сенедіреді. Қалам қарымды болсын, бауырым.

+0
17 қараша 2012, 02:16

маған тек дайындаушының өлеңдері ғана ұнайды ғой. :)

+0
17 қараша 2012, 02:19

пах, шіркін, япырмай :)

+0
17 қараша 2012, 02:44

көңіліңде айтқалы тұрған кейбір ойларды өлең тілінен оқығанда өзің жазып отырғандай сезімде болды екенсің. жақсы олең деген сондай болу керек емес пе еді?!

+0
17 қараша 2012, 03:23

ия, Қайсеке, шынымен де сусаған еліне таңдай тамсандыра жұтлатын, тіптен ертеңіне "суат" боларлық тамаша жырлар! бұл жігітке қашанда қарымдылық тілеу құп сияқты!

+0
17 қараша 2012, 11:55

Дүрегей – дінім, дүрегей – ділім

Кіммін мен баба құл емей бүгін?

Ақиқат жылап, шындығым өлді

Құны үшін бізді дүрелейді кім?! Ақын деп осыны айт! шындықты айтты!

+0
17 қараша 2012, 14:46

Баршаларыңызға рахмет!Тәңірдің нұры жаусын!

+0
12 желтоқсан 2012, 00:30

Жарайсың, бауырым! "Жанайқайың" қатты ұнады...

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

EXO - Lucky One [kaz_sub]
EXO - Lucky One [kaz_sub]

Оңтүстік кореялық әйгілі бойз-бэнд EXO тобы бүгінде дәурені жүріп, дүркіреп тұрған топ болып отыр. Жігіттер тобы тек Оңтүстік Кореяда ғана емес, Азияда танымал. Қазақстанда да EXO тобының жанкүйерлері жетерлік. Басында он екі қатысушыдан құралғанымен, бүгінде топта он өнерпаз өнер көрсетеді. Әр қатысушы жан-жақты, талантты. Біз бұған дейін аталған топтың бірнеше бейнебаянын қазақшаға аударған едік. Назарларыңызға топтың "Lucky One" туындысын қазақша субтитрмен ұсынамыз. Аударған: Жарылқасын Мырза Тайминг,...

IU - The shower [kaz_sub]
IU - The shower [kaz_sub]

Ли Чжи Ын – оңтүстік кореялық 23 жасар әнші қыз. Оның сахналық есімі «I and You» (мен және сен) әуен арқылы бір бүтін бола аламыз дегенді білдіреді....

Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]
Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]

Ел: Оңтүстік Корея  Жанр: романтика, медицина, драма, комедия, боевик  Жыл: 2016  Режиссер: Ли Ын Бок Басты рөлдерде: Чжин Гу, Сон Хе Ге, Сон Джун...