Оқи отырыңыз

Тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып қырдан аса алмайсың.

Автор: Бауыржан Момышұлы

— Редактор бағаны —

Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында
Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Бас бет / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / Көкбөрінің жыры

Көкбөрінің жыры

Көкбөрінің жыры

«Оңтүстікте мен білетін  сұрапыл  бір сары бала бар. Ол – Бақытжан Алдияр»

Қадыр Мырза Әлі

Бақытжан Алдияр - 1974 жылы 20 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының Турбат ауылында дүниеге келген. Қожа Ахмет Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің филология факультетін бітірген. Шығармалары төрт ұжымдық жинақта жарияланған. 1998 жылы «Жібек жолы» баспасынан «Көзайым» атты жеке жыр жинағы жарық көрді. Көптеген халықаралық, республикалық мүшәйралардың жүлдегері, республикалық М.Ғабдуллин атындағы сыйлықтың иегері.

Халықтық, қазақы ұлттық көркемдік уыздың қайнарларынан бастау алатын Бақытжандық тіл, Алдиярлық діл – ақынның айрықшылығы.

Ең алдымен, Бақытжан – бәріміздің үнемі бір бүйіріміз бұрып тұратын кәдімгі нағыз қазақы ауылдың жыршысы. Оның ауылға деген сағынышы, махаббаты, балғын балалығына деген аңсары «Ауылға жазған арзулар» топтамасындағы жырларының әрбір шумағынан айқын сезіліп тұрады.  

Мархабат Байғұт

Ол – ақын: жазу үстелінде де, сұлумен кездессе де, сапарға шықса да, сағынса да, қырсықса да, қуанса да, қызметте де. Осы ұғымға оның барлық қасиеті сыяды. Не көрсе де, ақындығынан көрді. Қазығұрттың басында қалған кеме – оның тағдыры секілді. Топан су баспаса, тобықтан асқанға қозғала қоймайды.

Е. Жүніс

Қазақ поэзиясының бүгінгі лирикалық жанрындағы ерек үлгісінің бірі - Бақытжан Алдиярдың «Көкбөрінің жыры». Өлеңде автор мен «бөрі» монологы қосарлана келіп отырады. Көкбөрі арқылы аңызды тірілте отырып, тегімізден тамыр тартқан «рухты» іздеу, шақыру идеясы жатыр.

Досбол Ислам

 

КӨКБӨРІНІҢ ЖЫРЫ

 

Ай-й-й, аламан жылдар алып бір қашқан заманым!

Аяр жүзіңнен айналып теріс барамын,

Айдамкезін пір тұтқан.

Айналасын күн тұтқан

Ай-ана сынды қаусырды қала-қамалың,

Таусылды білем амалым.

Сонау бір сонау жылдарда,

Соңымнан ерген бөлтірік

Содыр қол келіп ұрғанда,

Айықпас бір дерт еңсемді езіп қорғасын,

Айға мұң шағып, аңырап қалған сор басым.

Әй, өр Түрік, ер Түрік!

Қылшығыма орап өсірген,

Құбыла қарап көсілген,

Иманын теріс келтіріп.

Инаят тапқан бір жауың перзентті мендік өлтіріп,

Ұл орнына ұл болып,

Ұлы иығына Бөрі атам берген Пір қонып,

Сен едің сонда соңымнан ерген бөлтірік.

Алп, алп сені бастырдым,

Алып бір таудан астырдым.

Мыстанның мысын қаштырып,

Дұшпанның сырын аштырдым.

Иілдің-дағы иландың әуел сөзіне

Иығыңдағы хас Пірдің.

Иманыңды енді ұмытып,

Иласыз күйі басыңды неге тасқа ұрдың?!

Таптырып көкте Ай тоят,

Қасиетіңді қайта оят,

Қаныңда қалса қасықтай қаны Қасқырдың!

Танып ал Бөрі-иеңді,

Тауып ал қайта киеңді,

Тау сынды берік түзеп ал жүйке-жүйеңді.

Әулекі сөзбен тілдескен,

Әупірімменен күн кешкен,

Әуегіңді қайта жи енді:

Күрек тісі – көк құрыш,

Көк құрыштан құтылатын жоқ-ты күш.

Жүрегінен аққан қанын жалаған,

Әулетіне жаны алаң,

Әуегімнің әулиесі абадан,

Ай-й-й, Ата Бөрі, қайдасың?!

Азу тісі – ақ алмас,

Ажалы қанша қуса да

Аттап бір басып алдына ешкім бара алмас,

Ай-й-й, Ана Бөрі, қайдасың?!

Айкезбе болып адамзат ұқпас мұңынан,

Айға бір қарап ұлыған.

Айырдан туған жампоздың өзін талдырған,

Айнала белгі салдырған.

Аяусыз кейде қақпанға түссе –

Аяғын кесіп қалдырған,

Ай-й-й, әуегім, енді қайдасың?!

Керуенің түзеп кел, сана,

Көшімнен қалмай ер, сана.

Керегесін күн жеген,

Кеуде тұсын мұң жеген

Кері кеткен ерлеріңді көр, сана.

Бөрі атымызға ылайық

Бөлінбес шерік құрайық.

Бөрілі басы байрақ ап,

Арғымақ атты алшайтып мініп айқабақ,

Алшыдай қырға шығайық.

Бір қолымда – Құраным,

Бір қолымда – Күн көтерген қыраным,

Тәуекел десіп тұрайық,

Тәңірден тәубе сұрайық!

… Деп балконнан бір Бөрі Айға ұлиды мұңайып…

 

ӨМІРБАЯН

«Өтемістен туған он едік...»

Махамбет 

Атадан туған алты едік, 
Алты бөлек жалқы едік. 
Кілең шеккі жеп өстік, 
Бір емшекті тарта еміп. 

Алты бірдей жетімек, 
Апыл-тапыл жетіп ек. 
Қақты бізді әруақ, 
Бақты бізді өкімет. 

Жерді еңкейіп емгенбіз, 
Елге ербиіп ергенбіз. 
Дәрменсіздік дәнінің
Дәмін татып көргенбіз. 

Құлатпадық күйді епті, 
Ұнатпадық күйректі. 
Аңшы әкеміз адымды
Аңдап басуды үйретті. 

Дәмін сездік аш тілдің, 
Бәрін кездік тас, қырдың. 
Қабыланмен қағысып, 
Қанын жұттық қасқырдың. 

Иен дала, ерен дүз, 
Иесі біз дегенбіз. 
Алан сүтін ішкенбіз, 
Аю өтін жегенбіз. 

Әкеден ап үлгіні, 
Тұтынғанбыз пірді ұлы. 
...Қансонардан сол әке
Қайтпай қалды бір күні. 

Тезге салып төте сын, 
Түзетті өмір қатесін. 
Әл-дәруан көргенбіз
Әкеміздің әкесін. 

Көндіге алмай ізге бір, 
Күреңіткен күз-көңіл. 
Пісте сатты шешеміз... 
Пісірді ғой бізді өмір. 

Дара қондық әлемге, 
Бала болдық бар елге. 
Жан емеспіз деуші едік, 
Жатыры бір, жаны өңге. 

Жас еді деп тым әлі, 
Жұрт өтірік жылады. 
...Бейіш жақтан боп шықты, 
Бесінші ұлдың тұрағы. 

Алтау едік, бес қалдық, 
Алла барын еске алдық. 
Көп жерлеген Кеңестен
Көрген жоқпыз еш тарлық. 

Көлге көзде жас тұнбай, 
Кеудені езге бастырмай, 
Жанымыздың жарасын
Жалап жаздық қасқырдай. 

Тон ішінде жетіліп, 
Көп ішінде бекідік. 
«Жетім қозы – тасбауыр...» 
Дегеніңіз өтірік! 

Тоқтамайтын көші ұдай, 
Тағдыр ғой бұл, досым-ай. 
Менің өмірбаяным
Өрім-терім осылай. 

Жаныма ұйып мұң ұяң, 
Жылағым кеп... жымиям. 
...Жібісеңші сен де енді, 
Зарпы ойламай зымиян, 

Ей, тасбауыр Дүниям!

 

ТАСТАЯҚ

 

Тасқаяқтай қағыстырып Тағдырым,

Тас қалада таз кепешпен қаңғыдым.

Тастаққа өнген төретамыр тәрізді

Тасты жарып өсті өлеңім – жан гүлім.

 

Тасасында Тірлік атты күйбеңнің,

Талай рет саз балшықтай илендім.

Меңгергенім – тас болу һәм мас болу,

Ия, айтпақшы…

Тастаяқты үйрендім.

 

Тас пен таяқ етіме әбден өткесін,

Тастаяққа тіпті менің кетті есім.

Тас-талқан боп талайлардан жеңіліп,

Талайларды талқандадым…

Сөкпесін!

 

Тас пен таяқ үйреншікті зат қой деп,

Заһар іштім бар айтарым «ап қой» боп.

Інілермен ойнадым мен тәтті ой кеп,

Ағалармен ойнадым мен ақкөйлек.

 

Бильярд деп атайды оны несіне?!

Тас пен таяқ, алты бұрыш – несібе.

Тәлтек басып қайтатынмын үйіме,

Таз кепешім түсіп кетсе есіме.

 

Енді жүрміз ұтылсақ та саспай-ақ,

Баяғыдай болмай қалды тастаяқ.

Басымызда ию-қию басқа ойлар,

Басқа ойынға бара жатыр жас таяп…

 

Деп көсілсем…

Аға, бізге арайсыз

Аянышты көзбен неге қарайсыз?!

Әзілім ғой…

Тастаяғым орнында!

Не ғой, аға…

Бір нетуге қалайсыз?!…

 

 

МАС АҚЫННЫҢ МОНОЛОГЫ

«Мен ішпеген у бар ма?!» 
(Абай)

Бала – белде, қатын – елде, сор – баста. 
Тәңір – көкте... 
Бізге уақыты болмас та. 
Кімдерменен жүрмедік біз жолдас боп, 
Қай жерлерге бастамады жол қасқа?! 

Қара аспанды тұрса-дағы кім тіреп, 
Жағасынан ала түстік сілкілеп. 
Көркемдіктің көз жасына көмілдік, 
Көрінгеннің көрпесіне бір түнеп. 

Ұлылыққа бастадық деп сапарды, 
Ұрда-жықпен толықтырдық қатарды. 
Ұрттап алып, дүнияны ұмыттық
Ұлы Абай да іше алмаған заһарды. 

Өтті біздің табаннан да талай сыз, 
Атты бізге талай таңдар арайсыз. 
Дүрмегіне қалдық елдің ілеспей
Дүнияуи дертке ұрынған абайсыз. 

Іштік келіп, іштік келіп талай күн, 
Ішірткісі таусылды ақыр маңайдың. 
Кейін білдік... Ішқұсалық зарпымен
Ішкен уы басқа екенін Абайдың. 

Ішейін деп ішпейсің ғой нәлетті, 
Сен жүргенде Хаққа құл боп әдепті – 
Сенен бұрын егеді жұрт дәнекті, 
Сенен өзге пенделердің бәрі епті. 

Жасын ойнап, қашқанда елдің бәрі ыққа, 
Қарсы қарап жүресің сен жарыққа. 
Қимайсың ғой өзіңді-өзің қамытқа, 
Сыймайсың ғой адам сияр қалыпқа. 

Қайығыңды шайқаса да қай теңіз, 
Қайғылыға бар сұйықтың жәйті егіз. 
Мөлдірлікте ұлылық та, у да бар, 
Сосын енді... Ішеміз де қайтеміз... 

Құйыңдаршы!

 

ТҮСІНІКСІЗ ӨЛЕҢ

 

Жүрген жерім күнде – айқай, күнде – шу…

Жалықтырды жалтақтаумен күн кешу.

Мөп-мөлдір қыз, Өмір жайлы Сізбенен

Мүмкін бе аздап тілдесу?!

 

Өліараның өлімсіреп жарығы,

Білінбейді солығы не шалығы.

Маған олай қарамаңыз…

Жер бетін

Қараңғы еткен мен емеспін…

Тәңірі…

 

Ескі нұсқа болмағанмен зат, үлгім,

Есенинге ет бауырмын, жақынмын.

Қорқып тұрған жоқсыз ба осы?!…

Мен бүгін –

Содыр, сотқар, сотты болған ақынмын…

 

А-а-а, кеше ме?!…

Кешегінің бәрі өткен…

Арылғанмын алшаң басар әдеттен…

Артым – бұлдыр…

Алдымда бар аз ғұмыр…

Дәметпен…

 

Алла ғана біз бейбақты алқайды,

Алатаудай айбынымнан әр тайды.

Кемерім де отыз аса ортайды,

Өлеңім де қырыққа жетпей қартайды…

 

Енді маған нағыл дейсіз?!…

Сыртымнан

Сөз айтады ел…

Неше түрлі сыр тұнған.

Тек жақсылық тілеп едім жұртыма,

Тек жақсылық күтіп едім жұртымнан…

 

Өне бойым өртенді…

Аздап ашып қойыңызшы көрпемді…

Кеше елімнің еркесі едім…

Қойыңыз…

Еркем, ешкім болжай алмас ертеңді…

 

Келтірмеңіз күлкімді…

Мен ешқашан даттамаймын жұртымды!

Ол тек жәлеп-жалған еді… Айтпақшы…

Сол Жалғанға ұқсайсыз Сіз біртүрлі…

 

Қара тастан аумай қалған күйіміз,

Қатыгез боп кеттік пе екен жиі біз?!

Аздап бері жатыңызшы…

Аулақтап

Кетер ме екен миды шаққан бүйі-күз?!

 

 

*   *   *

Заң шығады күн сайын, заң шығады,

Күмәні бар және де бар сұрағы.

Күллі әлемге күмәнді кінәз – кеудем,

Күлкім келер заңдарды тарсынады.

 

Кінәз – басым сыймайды түгел заңға,

Тірелетін рух – тегін, тіл – арзанға.

Біздің заңдар – қиын-ды көпшілікке,

Біздің заңдар – тиімді бірер жанға.

 

Қасым салған қасқа жол майдаланды,

Есім салған ескі жол қайда қалды?!

Ата заңның жетінші бабын көрсем,

Ата жауым ториды айналамды.

 

Тәуке жазған емес ол «Жеті жарғы»,

Жетістіріп тұрған жоқ беті зәрлі.

… Ертең жайлы ертегі айтып отыр,

Екі көршім – жұмыссыз екі жарлы.

 

Бірі жүрер – түсіне Барыс кіріп,

Бірі жүрер – ісіне таныс күліп.

Тыңдаған боп екеуін мен отырам,

Шырғалаң көп жүрекпен ғарышқа ұлып.

 

Барыс та емен мен өзім, басқа да емен,

Көкбөрімін көкке ұлып, ашқан әлем.

Алматыңда ешқандай шатағым жоқ,

Шаруам да шамалы Астанамен.

 

Көкбөрінің өзімін көші дара,

Көкке ұлысам көз қадап, шошыма да.

Менің заңым – Баба заң-Дала заңы,

Менің жаным – киелі осы Дала!

 

Көкбөрімін, қасамды қасқыр-жаным,

Қасаң заңды бар ма екен басқа

ұрғаным?!

Менсінбедім ешқандай өкіметті,

Көкіректі ешкімге бастырмадым.

 

Маған десе Барыс бол, арыстан бол,

Маңайыма жолама, алыстан көр.

Ғарыштан жол салып ап, Көкбөрімін

Көктәңірдің өзімен алысқан қол.

 

Тұрпатыма қарап ап ой шыңдарсың,

Түн қанатын Далама жайсын баршын.

… Ай туыпты, Айға ұлып қайтайық бір,

Айналамнан табылар қайсың барсың?!

Жүріңдер…

 

Дайындаған: Қайсар Қауымбек

Сурет: last.fm

5957 7
Рейтинг: +3

Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Қосылған күні: 25 қазан 2012, 09:06
Пікірлер
+0
25 қазан 2012, 09:03

ұлттық ерекшеліктері басым, жыраулардың жауһарларынан нәр алған ақынның өлеңдері шымыр екен.

+0
25 қазан 2012, 09:54

мынадайды оқымаған екенмін, керемет!

+0
25 қазан 2012, 09:56

Керемет!

+0
25 қазан 2012, 11:20

Тұңғиыыыық екен мына соңғы екі өлеңі - жүзе алмайтын едім...

+0
31 қазан 2012, 16:58

керемет қана емес, алдүзік туынылар топтамасы. Қайсеке, реті келсе басқада өлеңдерін салу керек сияқты. "сұрапыл сары бала" ғой шынында бұл кісі.

+0
17 қараша 2012, 02:26

менің ауылдасым ғой.

+0
12 желтоқсан 2012, 00:58

Мықты! Ардақ ағам дұрыс айтады

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Ең қызықты блогтар

Күңк-күңк күбір...
Күңк-күңк күбір...

Шу-шу десек Ду-ду өсек

Аралас экономиканың қазақстандық  моделі
Аралас экономиканың қазақстандық моделі

Аралас экономика әр түрлі меншік нысандарына, олардың өзара қарым-қатынасы мен...

Қарымта қайтаратын сәт келді деді ме екен...
Қарымта қайтаратын сәт келді деді ме екен...

«Үрбибімізді» «Дерзкая» десе, Бек Нұрдың «Мені ұмыт» әнін «Предала» деп...


Соңғы аудармалар

EXO - Lucky One [kaz_sub]
EXO - Lucky One [kaz_sub]

Оңтүстік кореялық әйгілі бойз-бэнд EXO тобы бүгінде дәурені жүріп, дүркіреп тұрған топ болып отыр. Жігіттер тобы тек Оңтүстік Кореяда ғана емес, Азияда танымал. Қазақстанда да EXO тобының жанкүйерлері жетерлік. Басында он екі қатысушыдан құралғанымен, бүгінде топта он өнерпаз өнер көрсетеді. Әр қатысушы жан-жақты, талантты. Біз бұған дейін аталған топтың бірнеше бейнебаянын қазақшаға аударған едік. Назарларыңызға топтың "Lucky One" туындысын қазақша субтитрмен ұсынамыз. Аударған: Жарылқасын Мырза Тайминг,...

IU - The shower [kaz_sub]
IU - The shower [kaz_sub]

Ли Чжи Ын – оңтүстік кореялық 23 жасар әнші қыз. Оның сахналық есімі «I and You» (мен және сен) әуен арқылы бір бүтін бола аламыз дегенді білдіреді....

Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]
Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]

Ел: Оңтүстік Корея  Жанр: романтика, медицина, драма, комедия, боевик  Жыл: 2016  Режиссер: Ли Ын Бок Басты рөлдерде: Чжин Гу, Сон Хе Ге, Сон Джун...