"Дарабоз дәстүр" жыр мүшәйрасында жүлде алған өлеңдер

"Дарабоз дәстүр" жыр мүшәйрасында жүлде алған өлеңдер

Бүгін Тәуелсіздік күніне орай жас ақындар арасында ұйымдастырылған ұлттық спортты насихаттайтын "Дарабоз дәстүр" атты жыр мүшәйрасы мәресіне жетті. Жыр додасына елуден астам ақынның өлеңі келіп түскен. Мүшәйра қорытындысында үшінші орын Ербол Алшынбай мен Ризабек Нүсіпбекке бұйырса, екінші орынды Адал Сағдат пен Айдана Сегізбаева еншіледі. Бірінші орынды Нұржан Байтөсов иеленсе, бас жүлдені Қуаныш Қолхаев жеңіп алды.

Сондай-ақ, Ілияс Жансүгіров атындағы арнайы жүлдені Ұлағат Ханзада (30 000 теңге) иеленсе, Сәкен Сейфуллин атындағы арнайы жүлде Қайсар Қауымбекке (30 000 теңге) бұйырды.

Мүшәраға қатыстырылған өлеңдер ulttyqsport.kz және kazaitys.kz сайттарында ашық түрде жарияланып отырды.

Жыр додасында жүлде алған туындыларды назарларыңызға ұсынамыз: 

Қуаныш ҚОЛХАЕВ - бас жүлде (150 000 теңге)

Көкпар

Тықыршитын тоқпақ жал топтан қалса,
Ауылда өткен əсерлі шақтар қанша?

Қонақ келсе қойларға тиген ажал,
Көк серкені табатын көкпар болса.

Атқа қонып əр үйден бір-бір сері,
Белден асып, сағымға сүңгуші еді.

Басталатын содан соң бір тамаша,
Аппақ шаңға көміліп қырдың шөбі.

Жан алысып, жан беріп, ет қызынып,
Бірі айла ғып, ал бірі тек кіжініп.
Қан додадан қапысын тауып ақыр,
Суырылып шығатын епті жігіт.

Қамшыламай сауырдан көк қасқаны,
Сəл кешіксе жазғанның от басқаны.
Тепсінеді ол кенет үзеңгісін,
Қаумалайды жан-жақтан жақтастары.

Қуған топтан құтылсаң қараңды үзіп,
Қол төңкерген батырдай қамал бұзып.
Жыр қылатын талай күн ерлігіңді ел,
Көкпар, көкпар, ойын жоқ одан қызық.

Бабаларым күн сүйген маңдайларын,
Талайлардың қақтырып таңдайларын.
Көкпар тартып шыныққан білекпенен,
Найза ұшында көтерген нардай жауын.

Əлжуаз кім, əл-күші сай жігіт кім?
Көкпар - өлшем, сүрінсең қайғы жұттың.
Осыдан ғой əріде əр қазақтың,
Құлағында ойнауы сəйгүліктің.

Ұл өспейді құр мақтап ерсің десе,
Ұлт өспейді дəстүрін менсінбесе.
Нағыз қазақ екем деп айтпа, азамат,
Тақымыңа тұлпардан тер сіңбесе.

Нұржан Байтөсов - 1 орын  (100 000 теңге)

Түйе балуан

«-Ұста, кәне, жіберме құрыш қолды!
-Жағасынан мықтап ал!
-Дұрыс болды!
-Көтер енді, тік көтер, қолтыққа алып,
-Таза түсті?!
-Жоқ, бұл итжығыс болды...

-Ұстасып ал жақсылап, Қабыланым!
-Осы жеңер түбінде, танығаным...
-Қапсыра қыс!
-Ішке кір!
-Жамбасқа сал!
-Алып ұрсаң батырсың, балуаным!

-Тырмысуын қарашы ол екеудің
-Мына тұрған жүлдеден дәмесі енді...
-Лақтыр кәні!
-Жіберме!
-Шал қырқаға!
-Пой, жарайсың, жігітім! Бәрекелді!»

Деп қозады көрермен делебесі,
Тойшыл жұрттың кеңейген керегесі.
Дүйім елдің ойнайды көздерінде,
Атан кеуде ерлердің ерегесі.

Жерге тисе болғаны арқасы ауып,
Жанкүйер тұр «жеңіс» деп қолқа салып.
Асқар таудай шалдар тұр шалқайып ап,
Алтыдағы бала тұр маңқасы ағып.

Ал, балуан кілемде
Шеке, білек,
Терлеп кеткен, дегенмен бекемірек.
Ол намысын кеудеге түйіп алған,
«Не бел кетер, не белбеу кетеді!» деп.

Әдіс басым, күш басым, қуат басым,
Бап пен баққа байланған бірақ, басың.
Жеңілгенді көтерер жер, дегенмен,
Жеңіп тұрсаң кеудеңнен кім аттасын?!

Кәне, түйе балуан,
Белін буған,
Жер сүймеген желкеңді терің жуған.
«Күш атасын танымас», дегенменен,
Қиқулап тұр артыңда елің туған!

Адамның өз күші бар, өз жүрегі,
Тағдыр - деген әдіс қой, сездіреді!
Намыс - деген қадірі жеңімпаздың!
Фәни - деген пенденің боз кілемі

Күш пен әдіс тұрғанда сірестіріп,
Балуанға керек-ау бір естілік!
Қайрат пенен намысты кеудемізде,
Құдай өзі қойыпты күрестіріп.

Адал Сағдат - 2 орын (70 000 теңге)

Тағасынан ай жанып

Кежім салып міндім де тортөбелге,
Кекілімді сүйдіріп ерке желге,
Тақым шыңап аламан топқа кірдім,
Бөрте белді қостырып бөрте белге.

Жер көштіріп.аспанға ұран самғап,
Көкірегімде кең қанат қыран самғап.
Дүбірлеген тұлпардың тұяғындай,
Жүрегімде тулайды бір ән сарнап.

Мәре қиыр.жайлаудың жолы бұраң,
(бәйгелі той.салтым да –соны мұрам.)
Бабы келсе көсілер көк жасаңда,
Жусан сипап жүйріктің тобығынан.

Тағасынан ай жанып топты жарып,
Екпініне елпегім етті қарық.
Бәйге төбе басына таянғанда,
Шұрқырасып жылқыдай кетті халық.

Үйіріне тартқандай алақызып,
Қарқынмен қалдырды қараны үзіп.
Қылқұйрығын ту қылып жануарым,
Жетті көмбе төріне дара бұзып.

Сүймейсің елді қалай жылқы дескен,
Жылқысыз бұл қазақтың рухы көшкен.
Ерлігімді сынаған қаршадайдан,
Кетпес сірә бұл бәйгі мүмкін естен.

Айдана Сегізбаева - 2 орын (70 000 теңге)

Қыз қуу Немесе қыз монологы 

Пай-пай жігіт белінде аты сайланған, 
Арғымағы аппақ уыз-айраннан. 
Қуып жетіп шамаң жетсе шешіп ал 
Орамалды қолымдағы байланған. 

Бойда намыс тынышымды кетірді, 
Топтан шықтым тұлпарыммен кекілді. 
Қуып жетіп ақ жүзімнен бір сүю- 
Саған берген тəтті сынақ секілді. 

Құйғып барам кең даланың төсімен 
Алты ай қыста осы сəтті тосып ем. 
Ақ боз атты бозбаланы жеткізбей, 
Мəреге мен жетсем деймін осымен. 

Жете алмасаң қамшымды алып таспалы 
Көрем сосын бұл жігіттің қашқанын. 
Осалдықты ұнатпайтын қыр қызын
Көрсін дала, көрсін заңғар аспаны. 

Бұраң белмін ойнатқан жел бұрымын, 
Ұранды елдің оймақ ауыз жырымын. 
Алып келем намысыма ту етіп 
Ақ боз атты бір жігіттің тынымын.

Аламанға алшаң басып кіретін 
Ат үстінде ойнақтауды білетін 
Жігіт қана жете алады аруға 
Жолда қалмас жорға мініп жүретін. 

P.S. 
Өмір-ойын! Өткізбеді ау сынағы 
Артта қалды айдай қыздың сыңары. 
Жоқ амалым басқа тақсам деп жүрген 
Орамалым білегімде жүр əлі!

Ербол Алшынбай - 3 орын (50 000 теңге)

Дәстүр. Әже. Ауыл
 
Ақ бұлақ ақбас шыңнан құлап аққан,
Биікті қимай төмен жылап аққан.
Қалып ед балалығым басында ойнап,
Араға асау жылдар сына қаққан.
тамырда шапқан аттай ереуілдеп,
Сондағы күміс тамшы жүр адасқан.

Жағасы сол бұлақтың ойран көгал,
Когалда көп балалық жайраң қағар.
Арнада ақ шабақпен жарысқанда,
Бір сыбыр естіп едім қайран қалар.
Депті ғой енді ойласам ерке бұлақ,
Кемді күн жазың өтер сайрандап ал.

Шілденің от демінен дала лаулап,
Балқитын алқара көк, сарала аумақ.
Ақбас тау бері кел деп ымдайтұғын,
Ақ қардан саумал салқын самал арбап.
Қымызға шақыратын көп баланы,
Көрші әже шылауышы ағараңдап.

Пейілі сол әженің кең даладай,
Көзінде күлім қағып таңдағы арай.
Искейтін күн қақтаған шашымыздан,
- Күн жеді-ау, шөліңді бас қарғалар-ай.
Жолы үлкен, үлкен шалдың баласы деп,
Мені әжем оздыратын төрге қарай.

Етейін құлын күннің несін айып,
Әп сәтте желігімнің десі байып.
Төр жақтан қатар өскен замандасқа,
Қараймын мен де сонда қоқырайып.
Сырлы ожау сар қымызбен қауышады,
Дегендей желіккенге осы лайық!

Ал бүгін ойым ояу, сана сергек,
Қиялда өткен күнмен жарасам көп.
Төрге озды бізді басып талай тасыр,
Бұдан да биікпенен таласам деп.
Ішімнен ойлап қоям бұлардағы,
Шамасы үлкен шалдың баласы-ау деп.

Ризабек Нүсіпбек - 3 орын (50 000 теңге)

Көкпар!

Қанында қайнаған тектілік,
Жанында тазалық бек тұнық.
Көзінде ерліктің жарқылы,
Сөзінде қанжардай сестілік.

Білекте білеудей тамыры,
Жүректе алаулап жалыны.
Көкпарға шабады жігіттер,
Бұлқынып бурадай қарымы.

Тақымда тұлпары ширығып,
Тұяқта қара жер милығып.
Көлденең тасталған көкпарды,
Бүркіттей бүреді шүйлігіп.

Ездердің құм болып жігері,
Қарауға батпайды жүрегі.
Сірескен білектің қарына,
Серкені қаңбақтай іледі.

Ерлік те, өрлік те осында,
Орын жоқ жасқану жасуға.
Батыр, ер бабамнан бір белгі,
Жетті әйтеу осынау ғасырға.

Мақтан ғып айтардай ұрпағы,
Есімде жүлде алған күн тағы.
Астана төрінде атой сап,
Қазақтың еркіндік тұлпары.

Ей, қазақ жерің гүл, көгің нұр,
Өссе екен сергек қыз, сенімді ұл.
Әлемді қаптаған уақыт бұл,
Нәуетек, нашақор, көгілдір.

Жын-ойнақ жиркенткен көкпаршы,
Кезегің келді ғой сенің бір.
Қылымсып қызтеке болғанның,
Қамшыңмен осып өт жонын бір.
Олардың үкімін шығарып,
Әлемге көрсеткен мөрің бұл!

Еуропа тартқанда азабын,
Гейлердің шеруі, мазағын.
Ұлдарың атпенен кіргізген,
Базарлы тойыңның ажарын.
Салым сап ойнайтын көкпарда,
Салымың бар екен қазағым.
Кісіне еркіндік тұлпары,
Ерліктің өлеңін жазамын.

Сурет: accidentcorner1.blogspot.com

Ш. Талап