Жұмекен Нәжімеденов атындағы мүшәйрада бас жүлде алған өлең

Жұмекен Нәжімеденов атындағы мүшәйрада бас жүлде алған өлең

Бүгін Атырау қаласында ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденов атындағы «Ақылдыға қайғы алдырсам деп едім...» атты республикалық жыр мүшәйрасы аяқталды. Байқау қорытындысында Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінің 3-курс студенті Әлімжан Әлішер бас жүлдеге ие болды.

Жыр бәйгесінде бас жүлдеге ие болған Әлімжан Әлішердің өлеңін назарларыңызға ұсынамыз:

***
Сыйлап кеткен өлеңге басындағы бағын өз,
Өмір көрдім-момақан, көрдім өмір-қағілез.
Кең далада қураған қазақтықты аңсатты әр,
Күй аңқыған саусақтар.
Ғұмырымда ең ұзақ жатып алып жеті күн,
Бір ақынның мәңгілік сағынышын оқыдым.
Мен де соны көп күткем,
Жанарыма от жақты намыс дейтін оттықпен.
Жарты әлемім күрсінді,жарты әлемім назданды,
Түн-айнадан өзіне қарап тұрып жазған-ды.
Құбылуын күндердің,
Тағдырлардың түр-түсін,
Аналардың көз жасын,
Сұлулардың күлкісін,
Көк аспанның кеңдігін,
Күздің қоңыр бояуын,
Сыланғанын іңірдің,
Гүлдің өмірбаянын.
Күн қақтаған қырлардың қанық болған жайына,
Ақын десе қазақтың сол түседі ойына.
Шолпанымнан аумайды сәуле шашқан таңымда,
Өлең болып заулайды әр тамшы қан тамырда.
Ғұмырымда ең ұзақ жатып алып жеті күн,
Бір ақыннаң тұп-тұнық өлеңдерін оқыдым.
Ашықтығы - көңілдей,қоюлығы - тұмандай,
Биіктігі - аспандай, тереңдігі - Құрандай.
Жұмырлығы - жүректей, адалдығы - сенімдей,
Нәзіктігі - сезімдей, мағынасы - өмірдей.
Әлденеге құмартып,әлдекімге сөйлемей ,
Бала күннен кәдімгі қалып қойған бейнедей.
Жылып қалдым жаныма жалғасқандай тағы өлең,
Тұрып қалдым алдымда алмасқандай бар әлем.
Шумақ-шумақ гүл теріп,табаныммен басып от,
Әрбір сөзі ғарыш деп,қазақ деген осы деп.
Теңіздейін толқытқан сүттей аппақ арлы елді,
Көк байрақта жанары, тірі әуенде бар көңілі.
Сол кеудеде оң қолы, оң қолында жүрегі,-
Қарапайым қазақ ем, ойы терең ұл едім.
Құрметтеген сардарын сарбаздаймын тік тұрып,
Бұл қылыштай өткірлік ,Толағайдай мықтылық.
Қыран қылып сақтасам керегеге байланар,
Ұран қылып жаттасам өнегеге айналар.
Ғұмырымда ең ұзақ жатып алып жеті күн,
Бір ақынның мәңгілік сағынышын оқыдым.
Кітап сүйгіш бала едім,мен о кезде жас едім,
Сезінгендей болдым мен нар идірген әсерін.

Өз-өзімнен алыстап, өз-өзіме оралдым,
Өз-өзімді таптым да, өз-өзімнен жоғалдым.
Басы болды сөзімнің, көші болды бағымның.
Жасы болды көзімнің , досы болды жанымның.
Басымды иіп тағы бір ұлылықтан жеңілдім,
Қалып қойған ақын ол жүрегінде өмірдің.

Ш. Талап