Есеюдің пайдасы мен зияны

Есеюдің пайдасы мен зияны

"Ит те күшігінде сүйкімді" деген сөз бар. Ер жету - жақсы әрине. Бірақ, бала күніңдегі әділет пен адамгершілікке табандылығың ер жеткенде де сол қалпын сақтай ала ма?!

Германиядағы бір желілес кофе дүкенінің кофесі басқа дүкендерден арзан болып қана қоймай, басқа да тұрмыстық бұйымдар қоса сатылатын-ды. Мен бұл дүкеннің тұрақты аларманы едім. Бір күні ұлым маған:

- Олардың кофесін ендігәрі алмайық, - деді. Мен бұған таң қалдым. Ұлым:

- Бұл компанияның кофесінің арзан болатыны, африкалық тым кішкене балаларды мардымсыз еңбек ақымен жалдайды екен. Бұл адамды қанау ғой, - деді. Мен оған:

-  Бұдан былай олардың кофесін әсте сатып алмаймыз, - деп уәде бердім.

Мұны айту оңай болғанымен, орындау қиын боларын кім білген. Өйткені, басқа маркадағы кофелер едәуір қымбат. Ал, кофе ішпей тұра алмайсың. Кофесі әрі арзан, әрі тамаша дүкеннің алдынан өтіп бара жатып, кірмей кету және бағасы жарты есе арзан кофені сатып алмау ақылға сия ма?! Бүкіл Германияда кофе ішетіндердің ішінде мен ғана халықтың қамын жеймін бе? Бірнеше ай бойы табандылық істесем де бұл әділетті ісімнен ақыры баз кештім. Көп жыл бойына бұл әдетімді өзгерте алмадым.

Жуырда, кофе жасау жөніндегі құжатты фильмді көріп қалдым, тілші Африкадағы кішкентай балалардың кофе бұршағын жинау барысын ілесе жүріп кескінге түсіріпті. Олардың ішінде сегіз жасар сүйкімді ұл бала кофе бұршағын сатып алатын жерге келді. Оның күні бойы осы дорбасын көтеріп жүріп тапқаны үш евро ғана болды. Тілші одан: «бұл сенің бір күндік табысың ба?» деп сұрағанда, ол әппақ тістері жарқырап, күлімсірей тіл қатты:

-  Бұл біздің бір үйлі жанның бір күндік табысы.

Телевизордан мұны көрген соң, көңілім толқып, алыстағы ұлыма телефон шалдым. Ол менің ендігәрі мұндай маркадағы кофе ішпейтінімді естігенде, елеңдеп кетпеді:

-  Бұлай істеуіңіздің қажеті шамалы. Сіз қымбатқа сатылатын кофелерді Африкалық балалар термеді деп ойлайсыз ба? Африканың кофесі болса болғаны, барлығы сондағы балалардың ауыр еңбегінен. Қымбатқа сатылған кофелер сізді де, балаларды да қанамай ма?! Сондықтан, бұрынғы маркадағысын тұтына беріңіз.

Мен не дерімді білмей қалдым. Ұлымның сабырлы қалпы мен маған айтқан ақылына қайран қалдым. Ол тағы:

-  Егер әділетті жақтаймын десеңіз, бұдан былай кофе ішпей, шәй ішіңіз, деп аз-кем тұрды да, - Егер шәй Үндістан мен Шри-Ланкадан шыққан шәй болса, ол да кедей балалардың жапалы еңбегінен. Қу жалған деген осы ғой, - деді.

Телефонды жапқаннан кейін көңілім әлденеге алаңдап қалды. Баламның айтқан сөздері орынды, ол ержеткен екен деп ойладым. Десе де, мен оның бұрынғы әділетті жан сала жақтайтын балалық шағын сағындым. Кезінде ол әділетсіз істерге жолықса болды: "Мына дүние бұлай болмауға тиіс!» деп айғайлап жіберетін еді.

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: copypast.ru

Қ. Қауымбек