Әуезов ғашық болған Ғайыпжамал...

Әуезов ғашық болған Ғайыпжамал...
Фото: egemen.kz

"Егемен Қазақстан" газетінің соңғы санында әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы (1995), профессор Құлбек Ергөбектің "Әуезов ғашық болған Ғайыпжамал..." (Бір махаббаттың баяны) атты мақаласы жарық көрді. Cол мақаланы біз де оқырмандарымызға ұсынамыз.

****

Алматыда бір сыпсың әңгіме жүрді. «Несін айтасың, ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов бір ғажап келіншекке ғашық болған екен. Ташкеннен ұлы жазушымыздың сол қызға жазған ғашықтық хұсни-хаттары табылыпты... ». Бәріміз де елең ете қалдық. Жаңашыл «Жалын» журналы ма, әлде «Таңшолпан» ба екен, Мұхаң хатынан бірер үзінді жариялап та үлгерді. Ынтықтығымыз арта түсті.

1990-жылдар.

Мұхаңның эпистолярлық мұрасы жайында әртүрлі әңгіме, әртүрлі нұсқада айтылып жүріп жатыр. Ауыз әдебиетімен ауызданған қазақ емеспіз бе: «Бәленшекең Ташкеннен Мұқаңның бір шемодан хатын алып келіпті...», – деген сөздер де аяғымен жүріп кеп берді. Бүгінде соның бәрі тым-тырыс.

2000-жыл ма екен, Шымкентке Әбдіжәміл аға арнайы келді. Жүрісі суыт. Атқосшылыққа Бердібек Сапар­баев әдеттегідей мені қосты (Бұл кезде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасарымын). Өзбекстанға бармақпыз. Әбеңнің қалтасында 10 мың доллар. Өзбекстанда жоғары оқу орнында тарихшы профессор бар. Оның қолында сарымайдай сақтап отырған Мұхтар Әуезовтің мол көлемді эпистолярлық мұрасы бар. Ол – Мұхаңның тағдыр айдап Өзбекстанға барған қазақ қызына жазған хаттары. Өзбек ССР-і Ден­саулық сақ­тау министрінің орынбасары дәре­жесіне дейін жетіп, жасамыс тартпай дүние салған қазақ қызы ахирет алдында Мұхаң хаттарын әлгі азаматқа аманаттаған. Сол хаттарды Нұрпейісов сатып алып қайтпақ.

Нұрпейісовтей классигімізді 10 мың долларымен Өзбекстан өткізіп, әлдеқандай іске душар етіп алудан кәдімгідей қорықтым. Жасыратын не бар?! Содан Адыл ағаға телефондадық. Адыл Яқубов – өзбек әдебиетінің классигі. Обалы не, Адыл аға Әбеңдей досын Ташкентте қонақ етіп күтіп алғысы келеді-ақ. Мен ойлаған қаупімді айтамын сыздықтатып. Ол да қауіп ойлады. Ақыры Сары­ағашта кездеспек болып уәде байластық. Адыл аға әлгі тарих­шыны алып Сарыағашқа келеді. Шымкенттен Әбең бастап біз барамыз. Бізді Сарыағашта өзбекстандық қонақтар күтіп алды. Жақын жер. Тез жетіпті. Мей­рамханада отырмыз. Адыл Яқубов әлгі тарихшыны үгіттеп-ақ әкелген екен. Әбеңе қосыла барын салып, қызбалана сөйлеп, бірі қазақша, бірі өзбекше тарихшыны қинайды келіп, қинайды келіп. Сәбең жарықтық айтпақшы, әлгі тарихшы азаматымыз да «пір атқан қу» болып шықты. Мұхаң хаттарының кейбірінің мазмұнын айтып, кейде тіпті сөзбе-сөз үзінді келтіре сөйлеп үзілдіреді-ау біздің қос ағамызды. Қызыққан қос қаламгер «е, е, е» – деп ентіге, ентелей түседі. Бұлар ен­телеген сайын ол шалқая жөнеледі. Тарихшы емес, тас екен, дедім мен. Екі жазушының салы суға кетті... Біз үмітпен барып, са­лақтап бос қайттық Шым­кентке. Бос қайтқанымызбен, Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Адыл Яқубов екеуінің Мұқаңдай ұлы ұстаз­дарына деген шексіз құр­метіне куә болып едім сол жолы. Бүгінде Адыл Яқубов та жоқ мынау жарық жалғанда. Әбең қартайды.

Өткен-кеткен жайларды айтуда мән бар. Сол кездерден құла­ғымды Ташкен жағына түре жүремін. Әлденеше рет сапарға да барып қайттым. Барған сайын сұрастырып әлекке түсемін. Әңгіме бар. Қолға түскен ештеңе де жоқ. Мұхаң ғашық болатын Ғайыпжамал кім? Неткен періште ұлы адамның назарын аударып, ышқын кетіріп жүрген? Сол эпис­толярлық дүниелерді қолға түсіріп Андре Моруаша қызықты бір дүние жазар ма еді, шіркін-ай?!

Архив ақтарып, қағаз қара­ғыштаймыз. Жадымыздан шық­пайды-ау, шықпайды Мұхаң­ның махаббаты...Жақында әлгі сұрақ­тарға жауап тапқандай болдым. Алматы мемлекеттік педаго­гикалық универ­ситеті өзінің тарихын әріден (1918 ж.) тарту орнына беріден (1928 ж.) алып кезекті мерейтойын атап өткені бар. Шы­нында, халқымыз үшін ардақты осы оқу орны өзінің тарихын 1918 жылы Түркістан республикасы Халық Ағарту комиссариаты шешімімен Ташкендегі орыс педагогикалық училищесі жанынан қазақ бөлімінің ашылуынан бас­тауы керек еді. Өйткені, араға жыл, жыл жарым салып 1920 жылы осы педагогикалық училище негізінде (базасында) Өлкелік Қазақ Ағарту институты ашылады. Бұл – қазақтың тұң­ғыш жоғары оқу орны. Аталған оқу орны іргесін кеңейте келе, 1928 жылы Алматыға «Қазақтың педагогикалық институты» атанып қоныс аударады. Оу, тақырыбымыз Мұхаң ғашық болатын Ғайыпжамал жайында еді, қайда кетіп қалдық біз?

Гәп бар. Әрі-бері кітап, ескі қағаз ақтарып жүргенде аталған институттың директоры райында Сәрсеновтей азаматтың аты аталатын. Толық аты-жөні – Сәрсенов Далил Чегилекұлы  (Дұрыс қазақ­шасы Дәлел Шегелекұлы болатын шығар). Ол қайдан шыққан зиялы?

Дәлел Шегелекұлы 1898 жылы 21 шілдеде бұрынғы Нарын болысы Зайсан уезінде көшпелі қазақ отбасында өмірге келеді. Ол ауылда айдалып (жер аударылып) келген бір ғана орыс отбасы болыпты. Шамасы, төңкерісші. Соның жас баласымен ойнап жүріп Дәлел орыс тіліне судай болады-ау, шамасы. Әрі қарай орыс-түзем мектебі, Семей ерлер гимназиясын үздік оқып аяқ­тайды. Енді не? Енді іргедегі Том университетіне барып, заң фа­культетіне оқуға түседі (1919 ж.). Қаныш Сәтбаев, Әлімхан Ермеков, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы оқыған Томбы ғой бұл. Семейде Мұхтар Әуезовпен бірге оқыған Дәлел қазақ даласының солтүстік қиырынан білім іздеп барған осы өспірімдермен достық қарым-қатынасқа түседі. (Бәрімен бірдей болмас, әрине). Әсіресе, Қаныш Сәт­баевпен дос болса керек. Барыс-келіс жасап жүріп Қаныш – Мұхтар – Дәлел үштігі аражігі ажырамастай жақын тартады.

1920 жылы Томбы универ­ситетінің медицина факуль­тетіне Ғайыпжамал Құтымова есімді қыз бала келіп оқуға түседі. Бет біткеннің ажарлысы еді дейді архивтік деректер. Қазақ бозбалалары бәрі бірдей Ғайыпжамалға қайырылады. Әсіресе, Мұхтар мен Дәлел... Қос бозбала қос-қатар қолына жүрегін ұстап, тұра жүгіреді, ықылас сөзін айтады, жолында құлайды... Қыз Дәлелді таңдайды. Жігіттер қаумалағанда қыздар құтылар жалғыз амал солардың ішінен бірінің ете­гінен ұстап, тұрмысқа шығу. Ғайыпжамал солай етеді. Таңдауы Дәлелге түседі. Өзгелерінің ренжімеуін өтінеді. Бозбала мен бойжеткен сөйтіп 1923 жылы отау құрады. Бақытты еді.

Ол кезде түрік жұрты ұлыс­қа бөлін­генімен, ұлт-ұлтқа жік­телмеген, ұлт рес­публи­кала­рына жіліктелмеген бүтін кезі. Ортақ аты – «Түркістан респуб­­ликасы». Орталығы – Ташкент. Отау құрған екі жас қол ұстасып Ташкент келеді. Шамасы, Томбыдай әрі суық, әрі қымбат қалада оқуын жалғастыру қиынға түссе керек. Әрі Дәлел оқуын тәмамдаған. Екеуі Ташкентке келе Ор­та Азия университетінің бірі − саяси-әлеуметтік факультетінің үшінші курсына (жоғары білімді), екіншісі медицина факультетіне ауысып оқуын жалғайды.

Дәлелдің Ташкентте ашыл­ған тұң­ғыш Қазақ ағарту институтының директоры болатын сәті, міне, осы кезең. Дәлел Сәрсеновтің қолымен жазылған ресми хат, институттың жағдайын түзеу туралы, оқуды таза қазақ тілінде жүргізу жайындағы жазбалары оның шынайы ұлтшыл қайраткер болғанын көрсетеді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сары­­ағаш ауданындағы Қапланбек кол­леджі (Онда Шәмші жарықтық оқыған) әуел баста Орта Азия мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты болып ашылған сияқты. Архивтік деректерге қарағанда сондай ой келеді. Қазіргі Қапланбек елді мекенінде солай 1920- (1928 жылы болуы керек.) жыл­дары ашылған. 1930-жылдары Москва, Ленинградтан сенімсіздік көрсетіліп небір ғалымдар келіп Қапланбек техникумында сабақ берген. Ғайыптан-тайып менің қолыма түскен «Вертикальное и горизонтальное распредъеленіе ТУРКЕСТАНСКИХЪ ЖИВОТ­НЫХЪ. Н.А.Северцева» (Москва. Въ Университетской типо­графіи (Катковъ и К), на Страстномъ бульваръ. 1873» аталатын кітаптың титулдық бетінде екі белгі бар. Бірінде мал иесі – «С.Алексеев. 19.12.10. 09. Ташкент», деп жазады. Ал келесі штампта «Библиотека Ср.Аз. зоотехникума» – деген белгі. Айтылған жайларды аса бір дәлдікпен беріп отыруда мән бар. Аталған оқу орны алдымен ғылыми-зерттеу институты болып ашылған ба, әлде Орта Азия зоотехникалық техникумы болып ашылған ба? – деген сұрақтарға жетелейді. Әлгі Алексеевіміз кім? Ол да ығысып келген маманның бірі ме? Сұрақ көп. Өз жөнімізге көшелік.

Дәлел Орта Азия мал шаруа­шылығы ғылыми-зертттеу институтын биік өреге көтеремін деп тыным таппай жүріп сүзек жұқтырып алады. Сүзек зардабынан 1932 жылы көз жұмады. Қайда қойылғанынан хабарсызбыз. Томбыдан сүйіп алған жары Ғайыпжамал қайда?

Ғайыпжамал Құтымова 1928 жылы Орта Азия университетінің медицина факультетін үздік бі­тіреді. Үздік бітірген Ғайып­жа­малды университет басшылығы «Акушер және гинекология» кафедрасына алып қалады. Аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарады.1931 жылы Ғайыпжамал Денсаулық сақтау халық комиссариатына қарасты «Ана мен баланы сақтау» басқармасына басшы етіп жіберіледі. 1932 жылы Басқарма институтқа айналып, Ғайыпжамал директор болып қызмет істейді.

Мұхтар Әуезов те Орта Азия университетінің аспирантурасында оқыған. 1920-жылдардан Таш­кентпен тағдыры тығыз байланыстағы адам. Ташкенде баспасөзбен байланысты еңбек етті. Тіпті, Сұлтанбек Қожанұлымен бір пәтерде тұрған. Сол жерде тұт­қындалған. Жалындап өсіп келе жатқан жас жазушы Дәлел­мен достық байланысын үзбеген. Аралас-құралас жүрген. Түр­меден шыққан соң Дәлел досының сүзектен көз жұмғанын көрді. Ша­масы, тұтанғыш сезімдер Мұ­қаң­ның Ғайыпжамалға бұрынғы ма­хаббаты осы кезде қайта оянған...

Ғайыпжамал – Мұқаң ғашық болатын Ғайыпжамал!

1938 жылы Денсаулық сақтау халық комиссарының орынбасары әрі Өзбек ССР-і Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланады. Даңқты орынбасар. 1947 жылы докторлық диссертация қорғағалы тұрған жерінде жүрек талмасы ұстап кенеттен көз жұмады Ғайыпжамал Мұстафақызы. Қазақ­­тың аяулы қызы, бауыр­лас Өз­бекстанның мемлекет қай­рат­кері, үлкен ғалымына айналып еңбек ете жүріп көз жұмған Ғайып­жамал Ташкенттің «Минор» қабір­ханасына қойылады.

Бір махаббаттың белгілі-белгісіздеу баяны, міне, осындай!

Ал мен әлі де ізденістемін...

Құлбек ЕРГӨБЕК

Ө. Сансызбай