Жылдам оқудың жүйрігі кім?

Жылдам оқудың жүйрігі кім?
Фото: Xvatit.com

Негізінен спортта, басқа салаларда рекорд орнатып жатады. Олардың қатарына кітап оқу бойынша рекордтық көрсеткішке жеткендерді қосуыңызға болады. Олар кімдер болды? Бірге білейік! 

16 жасар киевтік Ирина Иванченко 1 минут ішінде 163 333 сөз оқыған. Ол өзі оқыған мәтінді толығымен сіңіріп, қабылдап алған екен. Бұл көрсеткішті журналистер жазып алған. 

Сонымен қатар киевтік тағы бір тұрғын Евгения Алексеенко (рекорд орнатқан кезде оның да жасы 16-да болған) 1 минутта 416 250 сөз оқи алған. Евгения көлемі тым үлкен журналды оқу үшін бар болғаны 30-40 секунд, ал кітапта орта есеппен алғанда әр бетке 1 минут жұмсайды. Алайда, ең қызығы, ол барлық оқыған мәтінін толықтай, тіпті әр кішкентай бөлшегіне дейін айтып бере алатындай қабілетке ие. 

Тағы осындай рекордшы қыз ресейлік Светлана Архипова. Ол минутына 60 000 сөз оқиды. Бұл көрсеткіш ереже бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. 

2003 жылы жылдам оқудан рекордты америкалық тұрғын Син (Шон) Адам орнатты. Ол бала кезінде көзінің көруі нашар болған екен. Син Адам әр түрлі жаттығулар жасау арқылы шыдамдылық пен табандылық танытып, көзінің көруін жақсартуға талпынды. Ол осы нәтижемен тоқтап қалмайтынын айтқан. Рекордтық көрсеткіші – 1 минутта 4550 сөз

Жылдам оқудан әлемнің алты дүркін чемпионы – англиялық тұрғын Энн Джонс. Оның жетістігі – минутына 4253 сөз. Ол бүкіл әлемге жылдам оқудың қыр-сырын үйретіп, түрлі тренингтер өткізіп тұрады. Одан басқа, жекелеген адамдардан бөлек жылдам оқудан топтасып жақсы нәтижеге жеткендер де бар. Доминикан Республикасының 5 студенті 300 сағат бойы үзіліссіз дауыстап кітап оқыған. Олар алма кезек жазушы, саясаттанушы Хуан Бош жазған Доминикан Республикасының президентінің жұмыс мәтінін оқып шыққан. Студенттердің оқу кезінде тіпті, тамақтануға уақыттары болмаған. Сөзсіз, мұндай рекорд орнату алдын ала үлкен дайындық жасауды талап етті. Олар дауыс ырғағын жақсарту үшін асқан шыдамдылық танытып, 2 жылға жуық уақыт дайындалды. 

Оқу ұзақтығы бойынша бұдан алдыңғы рекорд 2009 жылдан бірнеше уақыт бұрын орнатылған. Оған қатысушылар 240 сағат бойы дауыстап кітап оқушы әйелдер болған. 

Ж. Жұмағұлов