Жойылу қаупі төніп тұрған 5 тіл

Жойылу қаупі төніп тұрған 5 тіл
Фото: caraimica.org, vk.com, americantravel.com.ua

Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) ХХІ ғасырдың соңына қарай жер бетіндегі ұлт тілдерінің жартысына жуығы жойылып кетеді деп болжады. Олардың көпшілігі бұрынғы КСРО құрамында болған елдердегі тілдер.

2010 жылы ЮНЕСКО жоғалу алдында тұрған әлем тілдерінің атласын жасады. Атласқа 2500 тіл мен диалект енген. Бір ғана Еуропада жойылу қаупінде тұрған 212 тіл бар екен. Тағы 13-і таяу арада мүлдем жоқ болады деп болжанды. Ал біз сіздерге КСРО құрамында болған елдер аймағында жойылу алдында тұрған 5 тіл туралы айта кетпекпіз. Бұл туралы moya-planeta.ru сайты жазған.

Ғағауыз тілі

Ғағауыз тілі түркі тілдерінің оғыз тобына жатады. Бүгінде бұл тілде сөйлейтіндер 160 мың адамнан аспайды. 2012 жылы ЮНЕСКО ғағауыз тілін жойылып бара жатқан тілдер қатарына қосты.

Ғағауыз түркілері тілі жағынан болгарларға жақын, бірақ Молдова республикасының оңтүстік батысында орналасқан Вулканешт, Комрат, Чадр-Лунга деген үш ауданнан тұратын автономиялы округ. 1807 жылға дейін Ресей өкіметінің қысымымен Қырым түбегінен ауа көшкен. Болгарлар мен ғағауыздар ХVІІІ ғасырдың аяғы ХІХ ғасырдың басындағы орыс-түрік соғысы кезінде Дунай өзендерінің бойынан ығыстырылған. 1957 жылға дейін румын әрпін қолданып келген, қазір кирилл әліпбиін пайдаланады. Бұл тілдің болгарлық диалектісінде сөйлейтін 100-ге жуық қана адам бар.

Ливиялық тіл

Ливиялық тіл Латвия аймағында қолданылған. Бүгінде жойылудың алдында тұрған тілдердің бірі. Финдік-угорлық топқа енетін ливиялық тіл XIII ғасырдан бастап жойыла бастаған. Оны еркін меңгерген соңғы адам Виктор Бертольд 2009 жылы қайтыс болды. Алайда 40-қа жуық еріктілер бұл тілді жаттап, сөйлеуге машықтанған. Қазіргі таңда шамамен 200 студент Латвия, Эстония және Финляндиядағы университеттерде осы тілді үйреніп жүр.

Саам тілі

Саам тілі Норвегия, Швеция, Финляндия мен Ресейдің кей аймақтарында қолданылады. Тілдің 10-ға жуық түрлері де бар. Бүгінде саам тілі түрлерінің кейбіреуі жойылу алдында тұр. Мәселен, бүгінде терскілік-саамдық тіл толықтай дерлік жойылған. Ал бабиндік-саамдық, питтік-саамдық және умдік-саамдық тіл жойылудың аз-ақ алдында тұр.

Вод тілі

Вод тілі Ресейдің Ленинград облысының Эстониямен шекаралас Краколье және Лужица ауылында ғана сақталған. Бұл тілде шамамен 6-20 адам ғана сөйлей алады. «Сауаты жоқ шаруалардың» тілі ретінде бағаланған тіл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қолданыстан шыға бастаған. Бүгінде бұл тілді сақтап қалу үшін түрлі оқулықтар жазылып жатыр.

Қарайым тілі

Қарайым тілі қарайым халқының ана тілі болып саналады. Алғашқы кезде «қарайым» сөзі халықтың караизм діни оқуына қатысын білдірсе (көне евр. караим «оқитындар» – тек қана жазылған заңды Библияны білетіндер), кейін бұл оларға этноним ретінде таңылған. Халықтың өз атауы – қарай, қарайлар.

Қарайым тілі түркі тілдерінің қыпшақ (солтүстік-батыс) тобының батыс-қыпшақ бұтағына жатады. Литваның (Вильнюс, Паневежис) және Украинаның (Евпатория, Феодосия, Симферополь, т.б.) қалаларында, сондай-ақ Польша мен басқа елдердің кейбір қалаларында таралған. Бүгінде бұл тілді еркін меңгергендердің саны 130-ға жуық. 1989 жылғы санақ бойынша КСРО-дағы қарайымдардың саны 2600 адамды құраған. Олардың 21 пайызы қарайым тілін меңгерген. Қазіргі қарайым тілінің қызметі егде жастағы қарайымдардың тұрмыстық қарым-қатынаста қолдануымен шектеледі.

Тіл - қай ұлттың болсын қайталанбас байлығы, баға жетпес қазынасы. Тіл бар жерде ұлт та, ел де, жер де бар. Тілден артық қазына, тілден артық қасиет жоқ. "Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді" — деп Ғабит Мүсірепов айтпақшы, тілдің ұлт болашағы алдындағы киесі жоғары. Туған тілін қастерлеу, құрмет таныту - әрбір пенде баласының басты борышы. Тіл тәуелсіздігі - ой тәуелсіздігінің, ел тәуелсіздігінің бастау бұлағы.

О. Сансызбай