Қасиетті құдық

Қасиетті құдық
Фото: ru.forwallpaper.com

Ертеде бір ханның жалғыз ұлы болыпты. Дәулетінің көптігі сонша, бір суарғанда өзенге тоқсан мың жылқы жабады екен. Малы су ішкенде, өзен тартылып қалады екен. Бір күні хан киелі құдыққа кез болыпты. Малын қанша жыл суарса да, суы сарқылмапты. Мөлдіреп шығады да тұрады екен. Хан құдыққа жыл сайын бір ту бие қалдырып отырыпты. Күндердің күні болғанда, хан қартайып, ажалы тақапты. Ұлын шақырып, өсиет айтыпты:

– Балам, артымда қалған елге, мал-мүлікке ие бол. Жыл сайын киелі құдыққа бір ту бие қалдыруды ұмытпа, – деді. Әкесі қайтқан соң, ұлы уәзірдің баласымен ақылдасып:

– Әкем «Құдыққа жыл сайын бір ту бие қалдырып отыр», – деді. Не кереметі барын көргім келеді, – деді. Уәзірдің баласы:

– Мен құдыққа түсіп көрейін, ішінде не барын білейін, – деді.

Ертесіне екеуі киелі құдыққа келді. Уәзірдің баласы беліне арқан байлап, ішіне түсті. Құдықта ат басындай тас жатыр екен. Ол тасты аударып еді, ар жағынан жарық әлем көрінді. Бала оған түсіп, аралап жүрді. Бір кезде алты қанат ақ отауды көреді. Ішіне кірсе, үлде мен бүлдеге малынған қырық сұлу қыз жылап отыр екен. Олардың ортасында, мамық төсекте бір ару жатыр. Бала қыздардан:

– Сендер кімсіңдер? – деп сұрады. Қыздар:

– Біз осы құдықтың иесіміз. Қолы ашыққа су береміз, сараңға құм береміз. Осы елдің жомарт ханы бар еді. Жылына бізге бір ту бие атайтын. Сол хан кеше өлді. Жақсы адамды қимай жылап отырмыз, – деді. Бала:

– Төсекте жатқан кім? – деп сұрады. Олар:

– Бұл пері патшасының қызы. Хан өлімі ауыр тиіп, есінен танып қалды. Қайғыдан бас көтере алмай жатыр. Кім қайғысын арылтып, үш рет сөзге тартса, қыз соған тиеді, – деді. Уәзірдің ұлы қызға небір ертегі, хикая, әңгіме шертті. Өлең айтып, жыр жырлады. Бірақ қыз қайғыдан басын көтермеді. Сосын ол құдықтан шығып, ханның баласына болған оқиғаны баян етті. Ханның ұлы:

– Енді мен бағымды сынап көрейін, – деп құдыққа түсті. Отауға келді. Қыздың жанына келіп, бірінші әңгімесін былай деп бастады:

– Баяғы заманда бір байдың үш баласы болыпты. Бай бір күні ең үлкен ұлын шақырып:

– Бір түйе жүк беремін. Соны сатып, пұл қыл. Өзің қалаған нәрсеңді ал, – дейді. Бала базарға барып, жүгін өткізіп, сиқырлы айна сатып алады. Айнаға қарағанда жер жүзі түгел көрінеді екен. Бай екінші күні ортаншы ұлын базарға жұмсайды. Ол ақшасына ұшатын кілем сатып алады. Бай үшінші күні кенже ұлын жібереді. Ол өлген адамды тірілтетін таяқ сатып алады. Бір күні үшеуі отырып, айнаға қараса, бір ханның сұлу қызы өліп қалыпты. Қызды қабірге қойғалы жатыр екен. Үш жігіт кілемге отырып, көзді ашып-жұмғанша ұшып жетеді. Кенже ұлы таяғымен қызға жан бітіреді. Қыз тірілгесін, үшеуі оған таласады. Үлкен ұл:

– Менің айнам болмаса, өлген қызды қайдан көрер едіңдер? – дейді. Ортаншы ұл:

–Кілем болмаса, қалай жылдам жетесіңдер? Сендер келгенше жерлеп қояр еді, – дейді. Кенже ұл:

– Менің таяғым болмаса, келгенмен, көргенмен не пайда? Қыз тірілмес еді? – дейді. Талас тоқтамайды.

Ханның ұлы осы жерге келгенде әңгімесін үзіп жіберіп:

– Қыздар, сендер қалай ойлайсыңдар, қыз кімге бұйырады? – деді. Қырық қыз жауап таппай жігітке:

– Өзің қалай ойлайсың? – деді. Жігіт:

– Әрине, айнасы бар үлкен ұлға бұйырады, – дегенде, қайғырып жатқан ару ұшып тұрып:

– Жоқ, қыз кенже ұлға бұйырады. Таяқ тірілтпесе, өлген қыз кімге керек, – деп, басын бір рет көтереді.

Ханның ұлы екінші әңгімесін бастады:

– Ертеде бір жігіт үйіне бір бау шөп арқалап келе жатады. Жолда адасқан ешкіні көріп, жетегіне алады. Бір кезде алдарынан қасқыр шығып:

– Әй, жігіт, дос болайық, – деп өтінеді. Жігіт қасқырды қосып алады. Олар біраз жүрген соң, бір дарияға жетеді. Дариядан өтейін десе, қайыққа екі кісіден артық сыймайды екен. Жігіт не істерін білмей, басы қатады. Өзімен бірге шөпті алып өтейін десе, қасқыр ешкіні жеп қояды. Қасқырды алып өтейін десе, ешкі шөпті жеп қояды. Ешкіні алып өткенімен, келесіде ешкі мен қасқырды немесе ешкі мен шөпті жалғыз қалдыра алмайды. Жігіттің әбден басы қатады…

Осы жерге келгенде ханның ұлы екінші әңгімесін үзіп:

– Ал, қыздар, сендер қандай ақыл қосар едіңдер? – деді. Қырық қыз жауабын таппады. Сол кезде патшаның қызы басын жастықтан жұлып алып:

– Мен, алдымен, арғы жағаға ешкіні алып барамын. Екінші кезекте шөпті апарып, ешкіні қайтадан қайыққа мінгіземін. Оны бергі жағаға тастап, қасқырды салып аламын да, арғы жағаға өткіземін. Қасқыр мен шөп арғы жағада тұра береді. Мен қайтып айналып, ешкіні аламын да, арғы бетке өткіземін, – деді. Қыз осылай екінші рет басын көтерді.

Ханның ұлы үшінші әңгімесін бастады:

– Баяғы заманда кемпір мен шалдың бір баласы болыпты. Бір күні бала ат басындай алтын тауып алады. Көтерейін десе, әлі келмейді. Көмекке әкесін шақырады. Әкесі алтынды үйіне көтеріп әкеледі де, кемпірге сақтауға беріпті. Арада ұзақ уақыт өтіп, бала ержетеді. Әке-шешесі қартаяды. Бір күні үшеуі алтынға таласады. Бала:

– Алтынды мен көрмегенде, сендер қайдан табасыңдар? – дейді. Әкесі:

– Балам, мен көтеріп әкелмесем, алтының далада қалады! – дейді. Шешесі де таласып:

– Алтынды мен сақтамасам, осы күнге дейін тұрар ма еді? – дейді. Талас тоқтамайды. Осы жерге келгенде ханның ұлы үшінші әңгімесін үзіп:

– Қане, қыздар, ал, шешіңдер, алтын кімдікі? – деді. Қырық қыз шеше алмады. Сонда қыз төсектен басын үшінші рет көтеріп:

– Мен алтынды сақтаған шешесіне берер едім. Себебі бала жас. Өз бетімен нан табар. Әкесі қайратымен күн көрер. Ал, шешесі болса әрі кәрі, әрі қайраты жоқ. Күнін көре алмайды. Сондықтан шешесіне болысамын! – деді. Осылайша ханның ұлы қызды қайғыдан сергітеді. Қыз:

– Әкең жақсылыққа жақсылық етуші еді. Жылына бір ту жылқы тастап кететін. Әкеңнің қайғысын көтере алмай жатыр едім. Артындағы ұлы әкесіне тартса, қайғымды серпілтіп, жанарыма күлкі салар деуші едім. Әкеңнен асып туыпсың, ақылын басып туыпсың. Әке орнына хан болсаң, әділетті жан болсаң, адал жарың болуға даярмын, – деді. Ханның ұлы қызды алып, құдықтан шықты. Еліне келіп, ұлан-асыр той жасап, перінің қызымен бақытты ғұмыр кешіпті.

degdar.kz

@. @assel_assanova