Бауыржан Момышұлының өлеңдері

Бауыржан Момышұлының өлеңдері
Фото: colonelcassad.livejournal.com

Қазақта қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы соғысқа қатысып, көрген-білгенін қағазға түсірген. Бірақ ол өзін жазушы да, ақын да емеспін дейді. Ал мәнді де мағыналы жазған өлеңдерін оқысаңыз, ақыннан бір кем түспейтініне көз жеткізесіз.

Біреулерге

Танимын сені ертеден, өстік бірге,
Қызығын талай күннің кештік бірге.
Шықса да сақал-мұртың сырғанайсың,
Бола алмай өзің ие еш пікірге..

Елпілдеп тұра алмайсың, елпең қағып,
Сөйлейсің өзгелердің аузын бағып.
Сипаңдап шені үлкенге сыйлампазсың,
Бетіңе алуан түрлі бояу жағып.

Басқаның жамылған соң көлеңкесін,
Жалтақтап өлетіндей кетеді есің.
Жүрексіз қоян сынды сендейлер ғой
Халықтың қашыратын берекесін.

Бейшара, жаңа білдім, кем екенсің,
Қурайға іші қуыс тең екенсің.
Айтушы еді әкем марқұм қызық өлең,
Сондағы «нысанасы» сен екенсің.

«Бүркіт болсаң, түлкіні алмас едің,
Кекіліктің соңынан қалмас едің.
Басына бадамшының қонып алып,
Қиқулап шақырса да, бармас едің.

Өгіз болсаң, болмас ең іске терең,
Бір қыста болар едің үш көтерем.
Екі айналып келген соң, жатып алып,
Құйрықты қотшыларға тістетер ең.

Түйе болсаң, сен өзің жөн болар ең,
Аттан кейін, есекпен тең болар ең.
Қия беттен жығылып белің сынып,
Қарға менен құзғынға жем болар ең.

Ешкі болсаң, сен өзің сұр болар ең,
Бұтыңда желіні жоқ қу болар ең.
Базарға айдап барса, өтпей қайтып,
Қайтарда жарым теңге пұл болар ең.

Қой болғанда, болар ең сары қошқар,
Аузыңда бір тісі жоқ кәрі қошқар.
Ақыраптың басында азбандық қып,
Тоқсанда өліп, етіңді итке тастар.

Қой болғанда, сен өзің шашар едің,
Ережептің басында қашар едің.
Ит болғанда, болар ең дүрегейдей,
Тек жатпайтын қорада үрегейдей.
Бұлтты күні жатар ең үйге кіріп,
«Кет, жоғалғыр» десе де түрегелмей.

Жылқы болсаң, болар ең сапақ сары,
Аузыңда бір тісі жоқ мүлде кәрі.
Тағы да адам болып жаның қапты,
Мал болғанда, болар ең кімге дәрі».

Омарбекке

Біздің елге сен келген мейман едің,
Өр көкірек, икемсіз милау едің.
Мына өлең әзіл болсын саған айтқан,
Пайдалы қызмет жұртқа қылмап едің.

Бұл елде жаман да бар, жақсы да бар,
Қыл қобызды қолға алған бақсы да бар.
Билеу парқын білмейтін ант ұрған ең,
Ел басқармай – қой бақсаң пайда шығар.

Қалды ма айыр тұяқ елде малдан,
Жалғыз сиыр қалмады «ет планнан».
Ел етсіз, бала сүтсіз қалып кетті,
Барып ең уәкіл болып сен ауданнан.

Бас алдың, шеш ал десе уәкіл болып,
Айдаттың малдың бәрін қырып, жойып,
Деп келсе жалғыз сиыр болсын сауын,
Ақырдың ала көзбен зекіп қойдың.

Қой сойдық, қозы сойдық қонақ болсаң,
Қазақта қонақ күту ежелден заң.
Қолдағыны сыпырып алып кеттің,
Енді келсең, таппассың бір үзім нан.

Сенен үлкен адам жоқ бұл ауданда,
Ашық айтсам, үкімің батты жанға.
Тиындық әділеттіктен болса арың,
Жағдайды бұқпай айтшы Саттарханға.

1932 жыл.

Жас едің бет қаратпас қаһарманды,
Қаратқан аузыңа барлық жанды.
Ел ішінде жақсымын деген салдар
Сеніменен жөн көрді дос болғанды.

Махаббат мейірімді бақытты күн,
Өткіздің кірпік қақпай бірнеше күн.
Айқасып аяқ-қолың сүйгеніңмен,
Жатушы ең тұншыққандай шығармай үн.

Уа, шіркін, қайтса енді сондағы күн,
Бақытсыз деп айтпас ең өзіңді сен.
Жоқ қайтпақ, бақыт қонбас сендей сорға,
Артынан желе алмассың қуғаныңмен.

Қапасың ішің толып мүлде шерге,
Қайғысыз өткен күнді ескергенде,
Ер жүректі достың жоқ көңіл ашар,
Адамзат мол болса да осы жерде.

«Сабыр ету дұрыс қой ер адамға,
Әлі де көп емес пе өмір алда.
Қадіріңді білмеске кінә тағып,
Битке өкпелеп тоныңды отқа салма».

24.6.32 жыл.

Жастықпен ол кезде мен аңғармаппын
Мағынасы мөлдірген қос ноқаттың.
Сүйіппін, жалыныңа күйе білмей,
Өкінем, қапы қаппын, қапы қаппын.

Түсіпессің уысыма енді менің,
Бота көз, қиылған қас, қызыл ерін.
Жарқылдап ашық күннің сәулесіндей,
Отырсың қазір қайда, бұрын белім?!

23.2.38 жыл.

Қ-ға

Анадан ақымақ туған сен қара бет,
Ғалымсыз шала сауат сен бір нәғлет.
Белет сені полковник еткен екен,
Зербарақты жағаңнан садаға кет.

Ми емес, басыңдағы сары мақта,
Ыржиып мәз боласың салтанатқа.
Идиотқа арналған болса орның,
Сен қалай қол созасың махаббатқа?

18.3.37 жыл.

Әскер аты

Тік аяқ, бура санды, құймақ тұяқ,
Кең маңдай, етсіз жақты, қамыс құлақ.
Омыраулы, жібек жалды, сағақ мойын,
Бұлшық етті, сауырсын, артың талмақ.

Иығың тік, жұмыр палуан келген белің,
Тықыр жүн, майланғандай жылтыр терің.
Тыртыңқы іш, аш бөрінің қарынындай,
Бесіктен ерге жайлы тегіс жоның.

Сағат қағып адымдап шұлғып жүрсең,
Тұлпарға жеткізбейсің заулап желсең.
Шабысың ұшқан құстан кейін емес,
«Бір қызға сені қалай» қылған өлшем.

Жып-жылтыр, мөлдірген қара сүлік,
Анадан артық туған сен бір «күлік».
Аттан ассаң, дауым жоқ менің сенде,
Теңеру сені қызға шерменделік.

@. @assel_assanova