Домбырадағы қолтаңба (Бауыржан Момышұлы туралы)

Домбырадағы қолтаңба (Бауыржан Момышұлы туралы)
Фото: vk.com

Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп жүргенмін. Жаз айы еді. Бұл кезде Сібір жері түлеп, Ангара өзенінің бойы мың түрге еніп, құлпырып, жайнап, жасарып жүре беретін. Асау өзеннің екі ернеуін ала өскен қалың орманды құстардың сайраған үні мың түрлі әуенге бөлейтін. Жаздың осындай бір сәтінде бір тәулікке Ангарск қаласына барып қайтуға рұқсат алдым. Бұл Сібірдегі жас қала, қазіргі заманғы архитектурамен әсем салынған. Көшелері кең. Өзі Сібірдің жеріне орналасқанына қарамастан гүлге оранып жатады.

Мен алдымен қаламен танысуымды ондағы музей үйінен бастағанды жөн көрдім. Оның қай көшеде орналасқанын білгім келіп, қарсы алдымнан қазаққа ұқсас кісіден:

– Музей үйі қайда екенін айтып жібермес пе екенсіз, - деп орысша сұрадым. Ол жымиып күлді де:

– Әрине, жол сілтеуге болады, - деп қазақ тілінде жауап берді. Өзім қысылып қалдым. Мұны сезген ол:

– Қысылма, шырағым, мен қазақпын. Қазір үйге жүр. Музейге содан соң өзім ертіп барамын. Алдымен жеңгеңнің ыстық шайына қанып алайық, - дегені.

Көнбеске шарам қалмады.

Ағаның үйі қашық емес екен. ...Менің көзім кірген бетте төр алдына кілемнің қақ ортасына ілінген домбыраға түсті. Шай үстінде де жалтақтап қарай бергенімді сезген Саржан ағай:

– Домбыраға қарай бердің ғой, тартатын ба едің?

– Аздап. Өзіңіз тартасыз ба?

– Жоқ. Тек кішкентай қарындасың айналдырып жүр. Бірақ біздің үйде осы домбырадан қымбат зат жоқ. Сенбей отырмысың, - деп күлді Сәкең.

– Қазір тамақ пісіп қалады, - деді жеңгей жылы сөйлеп. – Әңгімелесіп отыра тұрыңдар.

– Дұрыс болды. Онда мен ініме домбыраға байланысты әңгімені айтып берейін.

Осыдан бірер жыл бұрын Сарыағаштағы санаторийге демалуға бардым. Жалпы демалысымызды Қазақстанда өткіземіз. Менің бақытыма қарай мұнда Баукең де демалып жатыр екен. Аты аңызға айналған батыр ағаға сәлем беріп, әңгімесін тыңдауға құмармыз. Бірақ ол кісінің алды босамайды. Ұмтылып көріп ем, жолым бомлады. Қайтатын уақыт та таяп қалды.

Содан ойлап-ойлап, балам мен жеңгеңе мақтанып барайын деп Баукеңнен қолтаңба алуды жөн көрдім. Сонымен, автобусқа отырып, аудан орталығына тарттым. Бірақ қас қылғандай, дүкендерден Баукеңнің бірде бір кітабын таба алмадым. Салым суға кетіп осылай құр қол қайтатын болдым-ау дептағы бір дүкенге кіргенімде, домбыра көзіме оттай басылды. Халқымыздың көшін сүйреген қара домбыраға неге қолтаңба жаздырмасқа деп ойладым да сатып алдым.

Енді қалай Баукеңе бұл домбыраны алып барамын. Бөлмесіне жетіп барғаным ыңғайсыз. Алды да босамайды. Ол кісі күн шықпай тұрып, саяжайдың астында демалып отырады дегенді есіттім де тәуекелге бел будым. Мен де күн шықпай тұрдым да, мүштегін тартып, демалып отырған Баукеңе «Ассалаумағалейкүм» деп жетіп бардым.

Баукең отты жанарын жарқ еткізіп, маған бір, қолымдағы домбыраға бір қарады да сәлемімді алды.

– Отыр, - деп бұйырды.

Отыра кеттім.

– Күн шықпай домбыра құшақтап жүрген қай қазақсың? Әлде шабыты келген композиторсың ба? – дегені.

– Жоқ, Бауке, ондай өнерден мақұрыммын.

– Иә, онда жол болсын? Өзің қайдан келдің?

– Ангарскіден.

– Қайдан? – Баукеңнің даусы қатты шықты.

– Ангарскіден, Бауке. Сібірде осындай жас қала бар.

– Білем! Онда неғып жүрсің?

Мен жайымды айттым. Бір кезде комсомолдық жолдамамен келіп, еңбек етіп жатқанымды, оқу бітірген инженер екенімді айттым.

Баукеңнің түсі жылыды.

– Дұрыс. Асау өзенді бағындырғандардың біір болдың ғой. Келін бар ма?

– Бар, Бауке. ЖенПИ-дің бір сұлуын ала кеткенмін.

– Балаларың ше?

– Бір ұл, бір қызымыз бар.

– Дұрыс. Әй, - деді кенет дауысын қатайтып, - балаларың қазақ тілін біле ме?

– Біледі, Бауке. Үйде қазақ тілінде сөйлесеміз.

– Дұрыс. Мен орыс тілін білмесін деп отырған жоқпын. Ол ұлы тіл. Ал ана тіліңді естен шығарғаның өз туған анаңды ұмытқаның.

Баукең ойланып қалды.

– Кешіріңіз, Бауке, уақытыңызды алдым ба?

– Рұқсат берген екенмін, отыр. Одан да әңгімеңді айт. Қалай, онда қазақтар көп пе?

– Біраз мамандар бармыз.

– Иә, қайда жүрсеңдер де туған жерлеріңнің атына кір келтірмесеңдер болғаны.

– Бауке, - дедім біраз әңгімелескен соң. – Сонау Сібір жеріне, ондағы келініңіз бен немерелеріңізге мақтанып барайын. Мына домбыраға қолтаңба жазып берсеңіз.

– Әй, қу бала, бұл неге күн шықпай домбыра құшақтап жүр десем. Әкел!..

– Міне, сол қолтаңба, - деп Сәкең домбыраны менің алдыма тосты. Домбыраның шанағына Баукең былай деп жазыпты:

«Бүкіл ел болып, асау өзенді бағындыру кезінде өз үлесін қосқан Сержанға, келінім мен немерелеріме! Бақытты болыңдар! Туған жеріңнің абыройын әрдайым биік ұста!

Бауыржан Момышұлы».

Сәкең ауылға барған кезде Баукеңе сәлем айт деді. Ол кісі менің Жуалыдан, тіпті  Баукең туған Орақ – Балға селосынан екенімді білген соң, міндетті түрде сәлемімді жеткіз деп тапсырды. Мен келісім бердім...

Аманкелді Ормантаев

@. @assel_assanova