Ғаламтордағы алаяқтықтан сақ болыңыз

Ғаламтордағы алаяқтықтан сақ болыңыз

Ғаламтордың жалпыласа түсуіне орай, оның артындағы қараңғылық та күн сайын үлкейіп, оның жарық жағымен бірге өмір сүрде. Ғаламтордағы алдау – осы қараңғы «үңгірдің» бірі. Ол заңдық жауапкершілікке әкеліп соғатын қылмыстық әрекет. Интернеттегі алдамшылық ғаламторды пайдаланып, басқалардың ақшасын, атақ-абыройын, жеке басқа қатысты құпияларды жариялауды қамтиды. Онда қарсы жақтың шын сыры бүркеуде тұрады да, адамдарды ойдан шығарылған жалған дүниелерге сендіріп, қаржы тарту көзделеді.

Ғаламтордағы алдаудың көп кездесетін мынадай түрлері бар.

1. Ғаламтор арқылы зат сату және бәсекелестіріп сату

Қылмыс жасаушылар өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін жекелеген сайт немесе блог ашып, сол арқылы сенімге кіреді. Сатып алушыларды арзан тауарлар арқылы баурайды да, оларға ақша аудару жайында ұсыныс тастайды. Ақша аударылғаннан кейін ешқандай тауармен қамтамасыз етілмейді немесе сапасыз тауар келеді, кейде тіпті, барлық мәліметтер жойылып, ол адам ғайып болады.

2. Сыйлау

Қылмыс жасаушы топ немесе жеке адамдар ғаламтор қолданушыларының хабар-байланыс (пошта, қалтфон) мекенжайына өздерінің мол сыйақыға ие болғандығы жайлы ақпараттар жібереді. Олар көбінесе осы қаржыны рәсімдеу үшін құжаттарға, салыққа, кепіл ақшаға деп қолданушыларды сендіріп, әрі олардан ақша аударып алады. Бұл бүгінгі адамдар психологиясының әлсіз тұсын дәп басқан қараниеттілердің ғаламтордағы тағы бір тәсілі.

3. Басқалардың атын жамылу

Ғаламтор қолданушыларының жақын туыс-туғандарының, әке-шешесінің байланыс ақпараттарын алып, оларға келте хат немесе пошта арқылы хабарлама жібереді. Хабарламаның мәтіні көбінде: «Ауырып қалдым, тез арада мына банкке мұнша ақша аударыңдар!» т.б. сипаттағы хабарламалар. Мұндай кезде сіз өз жақыныңызға хабарласып, мән-жайды түсінуіңіз керек.

4. Банк карточкасынан ақша аударып алу

Бұл жағдай көбінесе онлайн төлем жүйелерінде сақталуы мүмкін. Сіз онлайн төлем жасау барысында браузер сізден мәліметтерді (карточканың номері және құпия кодты) сақтайсыз ба деп сұрайды. Бұл жағдайда оны мүлде сақтамау керек. Өйткені, құпия мәліметтер браузердегі роботтар арқылы қаскөйлердің алдында жарқырап тұруы мүмкін.

5. Жалғамалы сату

Ғаламтордағы сатылымда тұрған үй, көлік немесе т.б. дүниелерді көзбен көріп, құжаттарын тексеріп алғаннан кейін ғана бетпе-бет отырып сатып алыңыз. Ғаламтордағы заттар бір уақытта бірнеше адамға тең сатылып кетуі мүмкін.

6. Жалған ғаламтор сайттары

Бұл күнде сайт ашу, оған ақпарат орналастыру кез келген адамның қолынан келеді және ол мәліметтер кез келген уақытта жоғалып кетуі мүмкін. Сондықтан сайттарды пайдаланғанда оның сенімділігі мен ақпараттардың нақтылығына мән беріңіз.

7. Әлеуметтік желі

Әлеуметтік желі бүгінде адамдармен бірге өмір сүретін, тыныстайтын ортаға айналған. Әлеуметтік желілерге өзіңіздің қайда тұратыныңыз, қайда жүргеніңіз, не істеп жүргеніңіз немесе т.б өзіңізге байланысты жекелік мәліметтерді орналастыра беру қауіпті. Сіз үйде жоқ екеніңізді әлеуметтік желі арқылы бақылап отырған адам үйіңізге ұрлыққа түсуі мүмкін немесе осы мәліметтер кейін өзіңізге қарсы пайдаланылуы мүмкін.

P.S.

Адамдардың оңай олжаға белшесінен батып, бір-ақ күнде байып шыға келсем дейдін құр қиялы ғаламторда кісі алдаумен айналысып отырғандардың ең таптырмас құралы. Олардың шырмауына да осындай адамдар тез түседі.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: 91jiami.com

M. Auelkhan