Lenovo әлемдегі ең үлкен планшетті таныстырды

Lenovo әлемдегі ең үлкен планшетті таныстырды

Дербес компьютер шығару жөнінде әлемде екінші орын алатын Lenovo компаниясы 27 дюйм экранды Lenovo IdeaCentre Horizon компьютерін таныстырды. Оны жұмыс компьютері әрі планшет ретінде де қолдана беруге болады.

Құрылғы негізінен жұмыс орындарына арналып шығарылған. Сонымен қатар үй жағдайында да қолдануға болады. Компания жұмысшылары бұл планшетті «Отбасы мен достар жиналғанда көңіл көтеруге арналған компьютер» деп бағамдап отыр. Планшеттің қалыңдығы 2,5 см, салмағы 7,7 келіге тең келеді екен.

Horizon атты бұл құрылғы Windows 8 операциялық жүйесімен жұмыс жасайды. Intel Core i7-ның үшінші ұрпақтағы жүйелік блогы, Nvidia GeForce графикалық чипі, Dolby Home Theatre v4 дыбыстық жүйесі орнатылған.

Сондай-ақ, мониторға джойстик, бита қосуға болады. Ал Lenovo App Shop интернет-дүкенінен түрлі қосымшаларды да жүктеуге келеді. BlueStacks бағдарламасы арқылы кез келген Android-қа тән бағдарламаларды да көшіріп алуға болады.

IdeaCentre Horizon планшеті немесе мониторы 2013 жылдың жаз айларында сатылымға шығады деп жоспарлануда. Алдын ала жорамал бойынша, бағасы 1,7 мың доллар. 

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: gagadget.com

Ю. НИКУЛЛИН