Өсімдіктен тоқ алу технологиясы жетілдірілмек

Өсімдіктен тоқ алу технологиясы жетілдірілмек

Голландиялық ғалымдар тірі өсімдіктерден электр тоғын алуды үйренгендігі туралы хабарлаған болатынбыз.

Осы орайда Нидерланды елінің басшылығы жаңа өнертабысқа қызығушылық танытты. Олар бұл технологияны одан әрі дамыту үшін қаржы бөліп отыратындықтарын айтты.

Жоба авторы Вагенинген университетінің қызметкері Марйолейн Хелдер. Оның "Өсімдік-микробты жанармай элементі" технологиясы арқылы бұдан былай батпақтар мен сулы аймақтарды энергия көзі ретінде пайдалануға болады.

Ғалым жаңа технологияның қоршаған ортаға да, өсімдікке де зиян еместігін айтты. "Өсімдіктер артық энергияны тамырлары арқылы ылғал түрінде шығарады. Бұл бөлінген су жердегі бактерияларды ыдыратады. Осылайша жинап алуға болатын электрондар пайда болады. Ол үшін топыраққа электродтарды орнатып қою керек", - деді жоба авторы.

Дегенмен өсімдіктен алуға болатын энергия біз ойлағандай аса көп емес. Өсімдік өсетін бір шаршы метр жерден шамамен 0,4 Ватт қана тоқ алуға болады. Зерттеуші технологияның әлі де дамытуды қажет екендігін мойындап отыр. "Бірақ, - дейді ол, - қазірдің өзінде күн энергиясын пайдаланғаннан гөрі біздің технология тиімдірек болады".

Қазіргі кезде қайта қалпына келетін тиімді энергия көзін іздеумен бүкіл адамзат айналысып жатыр. Қазақстан да бұл істен шет қалып жатқан жоқ. Соның дәлелі ретінде 2017 жылы Астана қаласында өтетін EXPO-2017 жәрмеңкесін айтуға болады.

Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін жасанды тері технологиясына гаджеттер жасаумен айналысатын әлемдік компаниялардың қызығушылық танытқандығы туралы айтқан болатынбыз.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: cawater-info.net