Эйнштейн Нью-Йоркте такси айдап жүр

Эйнштейн Нью-Йоркте такси айдап жүр

Альберт Эйнштейн, тірі және дені сау күйінде Нью-Йорк қаласында такси айдап жүр. Дәл осындай аты шулы тақырыппен The Inquisitr интернет-басылымы Эйнштейннің аузынан түскендей тағы бір Эйнштейннің табылғанын айтып жар салды. Ұлы данышпанға ұқсайтын такси жүргізушісінің суретін интернет-форумға Reddit.com сайтының бір қолданушысы салған.

Reddit.com порталының  shark153 есімді қолданушысы: "Мен Пенн-стейшннен (Пенсильван вокзалы) такси ұстадым. Көлік жүргізуші көзіме өзгеше көрінді", - дейді. Одан соң такси жүргізушісі әлемге танылған Альберт Эйнштейннің тілін шығарып тұрған суретін қайталап ол да тілін шығарған. Ал shark153 есімді қолданушы осы сәтті бос жібермей оны суретке түсіріп үлгерген. Осылайша бір ғана "жарқ" еткен сурет такси жүргізушінің атын әлемге жайып жатыр.

Американдық басылымдардың журналистері: "Біз бұл такси жүргізушісі жайлы еш нәрсе білмейді екенбіз. Бірақ бұл жаңалық бізді де таңдандырып отырғаны жасырын емес", - деп ағынан жарылуда.

Сурет жарияланған форум қыз-қыз қайнап жатыр. Әркім әр түрлі пікірдің басын қайырып, әлгі қолданушының такси жүргізушісін Эйнштейн сияқты тілін шығарып суретке түсіру үшін ақша төлеген болу керек деп жатыр. 

Ал кейбірі фантастикалық фильмге арнап сценарий желісін де құрып үлгерді.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: dni.ru, lifenews.ru

А. Әбілхан