Ғаламтор жылдамдығын арттыру үшін ғарышқа 900 спутник ұшырылады

Ғаламтор жылдамдығын арттыру үшін ғарышқа 900 спутник  ұшырылады
Фото: www.theguardian.com

Жердің жасанды серіктерін құрастырумен айналысатын француздың Airbus компаниясы интернет мүмкіндігін арттыру үшін ғарышқа 900 спутник ұшыруды жоспарлауда. Спутниктердің алғашқы он данасы Францияның Тулуза қаласында дайындалмақ. Ал қалған аппараттар АҚШ-та құрастырылатын болады.

Миллиардтаған қаржы жұмсалатын жоба жоспары бойынша, Airbus концерні OneWeb компаниясының тапсырысын орындайды. Британдық монархия құрамына кіретін Норманд аралдарында тіркелген компания алдағы бес жылдың көлемінде 900 жасанды серік құрастыруы тиіс болады. Олардың барлығы Жер тұрғындарын жоғары ғаламтор желісімен қамтамасыз етуде қолданылмақ.

«Орташа есеппен 150 келі тартатын OneWeb спутниктері алдағы бес жылда ұшырылады. Барлық аппараттар ғарышқа жеткізілгеннен кейін адамдар секундына 10 терабайт мәлімет тарата алатын ғаламтор жылдамдығына ие болады», — дейді Airbus компаниясының ресми өкілі BBC агенттігіне берген сұхбатында.

Airbus құрастыратын спутниктердің алғашқы тобы 2018 жылы дайын болмақ. Ал OneWeb компаниясының интернет жобасы 2020 жылы толығымен іске қосылу жоспарланған. Нақты есеп бойынша, аппараттар Жерден 800-950 шақырым биіктегі орбита бойымен айналатын болады.

Белгілі британдық миллиардер Ричард Брэнсонның Virgin Group компаниясы дайын болған аппараттарды ғарышқа жеткізумен айналыспақ. Сарапшылардың ойынша, жалпы жобаға 2 миллиард АҚШ доллары жұмсалуы мүмкін.

Ж. Өрісбай