Дипломдық жұмысты қалай жазу керек #1

Дипломдық жұмысты қалай жазу керек #1
Фото: www.2020marketvision.com

Жоғарғы оқу орындарында бітіруші түлектердің ең басты мәселесі – дипломдық жұмыс жазу дәстүрі. Жыл сайын бітіретін студенттердің түрлі тақырыпта зерттеу жасап, оны жүйелеп, ғалымдардың алдында қорғау арқылы оң баға алуы қиынның қиыны. Дегенмен диплом жазу сіз ойлағандай үлкен мәселе де емес. Өйткені жазуға керекті дүниелерді реттеп алсаңыз болғаны, сіз дипломдық жұмысты жазуға дайынсыз. Біз сізге диплом жазуға керекті кеңестерді ұсынамыз. 

«Уақытым бар демеңіз...» 
Бұл диплом жазуға кіріспес бұрын басыңызда жүретін ой. Ешқашан уақытым көп, әлі бес-алты ай бар демеңіз. Өйткені уақыт сізге де бізге де бағынбайтын ағын су секілді. Ерте бастан жазып, оны тексертіп алу – сіз үшін зор мүмкіндік. 

Тақырып таңдай білу 
Сіздің жұмысыңыздың ең өзекті тұсы тақырып болу керек. Таңдаулы тақырып диплом жұмыстың сапасын арттырады. Тіпті талғамға сай тақырып арқылы да оқырман мен тыңдаушының пейілін өзіңізге қаратып ала аласыз. Тақырып екі түрлі бағытта болады: жетекші берген тақырып және өзіңіз қорғауға алғыңыз келген тақырып. Өзіңіз сүймейтін, түсінбейтін тақырыпты ешқашан алмаңыз. 

Тақырыпқа сай ақпарат жинау
Тақырып алған соң ең бірінші сол тақырып негізінде ақпарат жинау маңызды. Тақырыпқа сай ақпарат жинау дегеніміз кітапханадан том-том кітаптарды ақтару деген сөз. Тек кітап қоры емес, газет–журналдар, ескіден қалған қолжазбалар, сұхбаттар мен естеліктер де ескерілген жөн. Ескерте кету керек, тақырып сай келмейтін ақпаратты оқудың да, одан бір дүние табылып қалар деп адасудың да қажеті жоқ. Ең керекті он сөйлем алсаңыз да, мәнді әрі тартымды болу керек. 

Тақырыпты тараушаларға бөлу әдісі
Сіз өзіңізге берілген тақырыпты тараушаларға бөлу арқылы жинаған ақпараттарыңызды жүйелей аласыз әрі жазу кезінде қиналмай, "жеңілдік" аласыз. Жеңілдік дегеніміз, үлкен тақырыпты екі бөлімге (негізгі және қосалқы) бөліп, ол бөліктерден де тарауша шығарасыз. Алғашқы бөлімде теория бойынша жұмыс жасасаңыз, негізгі бөлімде тақырыптың тікелей өзімен айналысасыз. Әр тараушаға теңдей етіп ақпарат жинаңыз. Мәселен бір тараушаға 10 бет ақпарат жинап, сол бойынша ғана жұмыс жасаңыз. Екінші тарауға алаңдамаңыз. Өйткені тараушалар бірінен кейін бірі сізге өздері-ақ ыңғайланып қалатын болады. Бұл әрине сіздің жинақтаған ақпараттарыңыздың мәнділігіне де байланысты. 

Тақырыпшаға бөлу кезінде ескеретін дүниелер: 
– Бір тараушаға кем дегенде бес әдебиет пайдаланыңыз; 
– Әр тараушаның тақырыбын дұрыс қоя біліңіз; 
– Тараушаның ішінде әр әдебиетті пайдаланған соң өз ойыңызды білдіріп, сараптама жасап отыру міндетті; 

Жалғасы бар...

М. Ақан