Жатақхана - жанға жайлы тәтті үйің

Жатақхана - жанға жайлы тәтті үйің

Өміріздің бал шағы – студенттік өмір болса, студенттік өмірдің қызығы – жатақхана.  Ата-анамыздың үнемі айтып отыратын асханада піскен асты ұрлап, балконда ілінген етті қағытып кететін қайталанбас, қызықты хикаялар да осы жатақхана қабырғасында өткен еді. Ал, қазір ет ұрланып, қазан тасылмаса да, жатақханамыз қызықтан құр алақан емес. Мұны жатақхана өмірінің дәмін татқан кез келген студент дәлелдеп бере алады.

Осы себептен де, бүгінгі жазбамызды жатақхана тақырыбына арнағалы отырмыз. Жоқ, әңгіме қарапайым жатақхана жайында емес, әлемдегі ең мықты студенттер үйі туралы болмақ...

Бұл ерекше студенттер үйі Даниядағы Копенгаген қаласының жаңа Орестад атты ауданында орналасқан. Студенттер қалашығының атауы – «Tietgen kollegie». Оның өзге Студенттер үйінен өзгешелігі – ерекше формасында. Яғни, цилиндр пішінде салынған.

Ғимаратты «Lundgaard & Tranberg» студиясының жобасы бойынша 2006 жылы тұрғызған. Жеті қабатты, 360 бөлмесі бар жатақхананың жалпы ауданы 26 800 шаршы метр. Жоба авторларының айтуы бойынша, шеңбер бірлік пен теңдіктің белгісін сипаттайды.

Жатақхананың ішкі ауласының кіре берісінде, ас үй "мен мұндалап" тұрады. Студенттер үшін жатақханада ас үй үлкен рөл атқаратыны белгілі. Ғимарат ішінде барлығы 30-дан астам кең ас үйі бар. Әр ас үйдегі 4 тоңазытқыш пен 2 ас пісіретін пеш және ас үйге қажетті барлық ыдыс-аяқтар сіздің қызметіңізде. Оған қоса, студенттер ас үйде тек тамақ пісіріп қана қоймай, арнайы асханаларында түрлі түсті орындықтарға отырып, тамақтана алады.

Әр бөлменің ауданы (жатын бөлмені қоса есептегенде) 26-33 шаршы метр. Ол аз десеңіз, екі жатын орны бар бөлмелердің ауданы 45 шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ, барлық бөлмелер бірдей үлгіде жасалған.

Әр қабаттың жекелеген оқу залдары бар. Оған қоса, көптеген бөлмелердің балконға және сыртқа шығатын үлкен терезелері бар. Әр бөлменің жеке жуынатын орындары арнайы жылытқыш едендермен ерекше. Және де екі музыка бөлмесі бар. Бірі пианино, енді бір бөлмесі барабан және тағы да басқа музыкалық аспаптармен жабдықталған.

Бірінші қабатта кір жуатын бөлме және велосипед қоюға арналған арнайы тұрақ бар.

Жатақхана осы уақытқа дейін студенттерге арналған ең үздік ғимарат ретінде көптеген марапаттарға ие болған екен. 

Сурет: news.21.by, s.pikabu.ru, moya-planeta.ru, igalang.com.

 

Е. Жұмабайұлы