Швейцариялық студенттер суда еркін жүзетін робот-балық шығарды

Швейцариялық студенттер суда еркін жүзетін робот-балық шығарды

Цюрихтегі Швейцариялық Федералды Технологиялық Институттың студенттері су астында еркін жүзе алатын робот жасаумен айналысып келген. Sepios жобасының мақсаты су астындағы түсірілімдердің сапасын арттыру болатын. Студенттер роботқа төрт бірдей жүзбеқанат орнатыпты.

Институттың ғылыми блогында роботтың балық секілді кез келген осьпен айналып, қалаған бағытқа бірден ауыса алуы туралы жазылған. Өткен жылы Sepios Франция жағалауындағы теңіз бойында сәтті тәжірибеден өткізілген болатын. Робот-балық теңіз балдырлары мен су шөптерінің орауынан жылдам әрі тоқтаусыз өте алған.

Сарапшылардың айтуынша, Sepios оңтайлы турбуленттігінің көмегімен басқа су асты аппараттарына қарағанда жылдам қозғала алады. Оның ұзындығы 0,7 метр, ал салмағы 22,7 кг. Роботтың қанаттары 0,95 метрге жетеді. Сондай-ақ, бойындағы қуаты 1,5 сағатқа дейін жүзуге жетеді екен.

Әзірге Sepios жобасы жеткілікті деңгейде дамытылған жоқ. Қазіргі кезде болашақ инженерлер роботтың басқару жүйесін дамытумен айналысып келеді.

Сурет: sepios.org

Ж. Өрісбай